Қазақстанда ерлерге қарағанда әйелдер көбірек спортпен айналысатын болып шықты
Қазақстанда спортпен және дене шынықтырумен айналысатындар көбейіп келеді. 2026 жылғы зерттеу нәтижесі қазақстандықтардың жартысына жуығы тұрақты түрде дене белсенділігімен айналысатынын, ал олардың арасында ерлер әйелдерге қарағанда сәл басым екенін көрсетті. Бұл туралы Stan.kz ақпарат агенттігі хабарлайды.
12 мың үй шаруашылығы арасында жүргізілген зерттеу Қазақстанда спортпен және дене шынықтырумен айналысатындар саны артқанын көрсетті. 2026 жылы үш жастан асқан тұрғындардың 47,7%-ы тұрақты түрде дене белсенділігімен айналысады. Оның 19,2%-ы бос уақытында өз бетінше жаттығатын болса, 28,1%-ы білім беру ұйымдарындағы спорттық сабақтарға қатысады. Ал небәрі 0,4%-ы спортпен кәсіби түрде айналысады. Бір жыл ішінде бұл көрсеткіш 46,5%-дан 47,7%-ға, яғни 1,2 пайыздық тармаққа өсті.
Қала тұрғындары арасында дене шынықтырумен және спортпен айналысу деңгейі біршама жоғары – 49,3% (2025 жылы – 48,4%), ал ауылдық жерлерде бұл көрсеткіш 45,0%-ды құрады (2025 жылы – 43,5%). Осы ретте қала тұрғындары бос уақытында өз бетінше жаттығуды жиі таңдайды – 22,2%, ал ауылдық жерлерде бұл көрсеткіш 13,7%-ға тең.
Өз бетінше дене шынықтырумен және спортпен айналысатындардың ең жоғары үлесі 36-48 жас аралығындағы адамдарға тиесілі (28,4%). Одан кейін 17-28 жас аралығындағы (18,6%), 58 жастағы және одан үлкен (16,6%), 29-35 жас (16,0%) және 49-57 жас аралығындағы (15,4%) топтары келеді.
Өңірлік бөліністе 17-28 жас аралығында өз бетінше дене шынықтырумен және спортпен айналысатындардың ең жоғары үлесі Маңғыстау (48,1%), Қызылорда (31,0%), Ақтөбе облыстарында және Ұлытау облысында (28,9%) байқалады. 36-48 жас аралығындағылар арасында ең жоғары көрсеткіш Павлодар (42,6%), Жамбыл (40,8%) облыстарында және Шымкент қаласында (39,2%) тіркелді. 58 жас және одан жоғары жастағылар арасында Солтүстік Қазақстан (32,7%), Қостанай (32,2%) облыстары және Алматы қаласы (30,3%) көш бастап тұр.

Жынысы бойынша өз бетінше дене жаттығулары мен спортпен айналысатындар арасында бөлініс іс жүзінде тең: 51,0%-ын ерлер, 49,0%-ы әйелдер. Ерлер арасында ең жоғары үлес 36-48 жас аралығындағы жас тобына тиесілі (14,4%), одан кейін 17-28 жас (11,3%) және 29-35 жас (9,1%) топтары келеді. Әйелдер арасында да 36-48 жас аралығындағы жас тобы көш бастап тұр (13,9%), сондай-ақ 58 жастағы және одан үлкен әйелдердің үлесі жоғары (12,3%).
Қалаларда әйелдердің 43,9% және ерлердің 34,5% өз бетінше дене белсенділігімен айналысса, ауылдық жерлерде арақатынас, керісінше, ерлердің 54,6% және әйелдердің 32,7% өз бетінше айналысады.
Өз бетінше жаттығу жасау дене белсенділігінің негізгі түрі болып қала береді. Осылайша, ерлердің 39,7%-ы және әйелдердің 41,0%-ы аранйы ұйымдастырылған сабақтарға қатыспай, өз бетінше жаттығуды жөн көрген.
Спорт секциялары мен тренажер залдарын қоса алғанда, ұйымдастырылған спорттық сабақтарға ерлердің 8,7%-ы және әйелдердің 6,6%-ы қатысады. Тағы 2,5% ер адам және 1,5% әйел ұйымдастырылған сабақтарды өз бетінше жаттығумен қатар алып жүреді.
Өз бетінше дене белсенділігімен айналысатын ерлердің ең жоғары үлесі Жамбыл (68,5%), Түркістан (66,2%), Қызылорда (60,6%) облыстарында және Жетісу облысында (56,9%) байқалады. Әйелдер арасында ең жоғары көрсеткіштер Шымкентте (53,8%), Астанада (52,1%), Ақмола (49,7%) және Шығыс Қазақстан (46,3%) облыстарында тіркелді. Ұйымдастырылған сабақтар ерлер арасында Маңғыстау (25,3%), Ұлытау (21,9%), Қарағанды (21,7%) және Алматы (21,0%) облыстарында, ал әйелдер арасында Солтүстік Қазақстан (21,2%), Павлодар (17,5%) облыстарында, Алматыда (16,4%) және Қарағанды облысында (16,0%) кең таралған.
Еске салайық, бұған дейін отырып жұмыс істейтін адамдардың денсаулығына ұзақ уақыт қозғалыссыз отыру кері әсер етуі мүмкін. Сидней университеті ғалымдарының зерттеуіне сәйкес, мұндай жағдайда күніне 9-10 мың қадам жүру жүрек-қан тамырлары аурулары мен мезгілсіз өлім қаупін айтарлықтай азайтуға көмектеседі. Ал күн сайын 4-4,5 мың қадам жасаудың өзі денсаулыққа қорғаныс әсерін бере алады.