Соңғы жаңалықтар
Соңғы жаңалықтар

Қазақстанда 1 қыркүйектен бастап биологиялық белсенді қоспаларға міндетті таңбалау енгізіледі

ББҚ таңбалау
Фото: magnific.com

2026 жылғы 1 қыркүйектен бастап Қазақстанда биологиялық белсенді қоспаларға міндетті цифрлық таңбалау енгізіледі. Көрсетілген күннен кейін өндірілген немесе Қазақстан аумағына әкелінген барлық өнім Data Matrix кодымен таңбалануы тиіс. Бұл туралы Stan.kz ақпарат агенттігі хабарлайды.

ББҚ-ның міндетті қадағалану жүйесін іске қосу 2027 жылғы 1 наурызға жоспарланған. Осы күннен бастап өнім айналымы толық электрондық құжат айналымымен сүйемелденіп, тауар нарыққа қатысушылардың арасында берілген кезде әрбір операция расталуы тиіс.

“Цифрлық таңбалау шеңберінде өнімнің әрбір бірлігіне бірегей Data Matrix коды беріледі. Код қаптамаға түсіріліп, Тауарларды таңбалау және қадағалаудың бірыңғай операторының жүйесінде тіркеледі. Бұл өнімнің өндірушіден немесе импорттаушыдан бастап дүкен сөресіне дейінгі барлық кезеңдердегі қозғалысын қадағалауға мүмкіндік береді”, – деп мәлімдеді Денсаулық сақтау министрлігі.

Мемлекет бұл шара ББҚ-ның нарықтағы айналымының ашықтығы мен заңдылығын қамтамасыз етуге, адал бизнесті жосықсыз бәсекеден қорғауға және заң бұзушылықтарды уақтылы анықтауға мүмкіндік береді деп сеніп отыр. Таңбалаумен нарықтың жеткілікті бөлігі қамтылғаннан кейін сатып алушылар қаптамадағы Data Matrix кодын Naqty Onim қосымшасы арқылы сканерлеп, сатып алатын ББҚ-ның заңдылығын өз бетінше тексере алады.

Нарыққа қатысушылар не істеуі қажет?

ББҚ айналымы саласында жұмыс істейтін компанияларға:

  • Тауарларды таңбалау және қадағалаудың цифрлық жүйесінде tanba.markirovka.kz порталында⁠  тіркелу.
  • Тауар карточкаларын жүйеде алдын ала тіркеуді бастау.

Айта кету керек, тіркелген тауар карточкалары жаңартудан өтеді, оған белгілі бір уақыт қажет. Осыған байланысты нарыққа қатысушыларға тіркеуді кейінге қалдырмау ұсынылады. Бұл талап күшіне енгенге дейін жаңарту рәсімін аяқтап, таңбалау кодтарына уақтылы тапсырыс беруге мүмкіндік береді.

Министрліктің мәліметінше, міндетті таңбалау енгізілген күнге дейін өндірілген, таңбаланбаған ББҚ қалдықтарын айналымға қатысушылар белгіленген тізбеге сәйкес олардың жарамдылық мерзімі аяқталғанға дейін өткізе алады.

Бұған дейін депутат биологиялық белсенді қоспалардың салдарынан қазақстандықтарда аурулар асқынып кеткенін айтқан еді. Депутаттың айтуынша, ең өзекті мәселелердің бірі – ем ретінде сатылып жүрген биологиялық белсенді қоспалардың (ББҚ) дәрі-дәрмектің орнын баса бастауы. Қазір елде тиімділігі дәлелденбеген өнімдер ем ретінде еркін ұсынылатын бақылаусыз нарық қалыптасқан. Бұл халық денсаулығына тікелей қауіп төндіреді.

 

Айым Болатқызы
Дүйсенбі, 24 Тамыз, 2026 11:33