Депутат белсенді биологиялық қопалар онкология тудырады деп мәлімдеді: Бұл қаншалықты рас

Қазақстанда биологиялық белсенді қоспаларға сұраныс жыл сайын артып келеді. Көпшілік оларды "Иммунитет көтереді", "ағзаны тазартады", деген жарнамаға сеніп дәрігердің кеңесінсіз қабылдап, түрлі ауруға ем ретінде пайдаланады. Алайда мұндай өнімдердің денсаулыққа әсері қаншалықты қауіпсіз? Stan.kz редакциясы Денсаулық сақтау министрлігінен белсенді биологиялық қоспа қолданудың қаупі мен олардың нарығы қалай бақыланатынын сұрады.
Мәжіліс депутаты Гүлдара Нұрым биологиялық белсенді қоспалардың (ББҚ) бақылаусыз сатылуы азаматтардың денсаулығына қауіп төндіріп отырғанын мәлімдеген еді. Ол елімізде мұндай дәрілік өнімдер еркін сатылып жүргенін және тексеріс керек екенін алға тартты. Себебі мұндай өнімдер тіпті онкологиялық ауруларға әкелуде.
Санитариялық-эпидемиологиялық бақылау комитетінің басқарма басшысы Әйгерім Садубаеваның мәліметінше, Қазақстанда ББҚ қолданудың салдарынан онкологиялық аурулардың пайда болғанын дәлелдейтін ресми деректер жоқ.
“Ресми медициналық статистикада нақты бір қатерлі ісік жағдайын тек ББҚ қолданумен тікелей байланыстырып, оны аурудың негізгі себебі ретінде көрсететін деректер жоқ. Дәрілік дәрумендер дәрілік заттарға жатады. Ал белсенді биологиялық қоспа (ББҚ) дәрі-дәрмек емес, арнайы тағамдық өнім саналады. ББҚ-ны бақылаусыз және негізсіз қабылдау денсаулыққа қауіп төндіруі мүмкін. Ең жиі кездесетін жағымсыз салдарлар ұсынылған дозадан асырып қолданумен байланысты. Бұл бауыр мен бүйрекке қосымша жүктеме түсіріп, аллергиялық реакцияларға әкелуі мүмкін”, – деді маман.
Әйгерім Садубаева еліміздегі барлық осындай қоспаларды Санитариялық-эпидемиологиялық бақылау комитеті тексеретінін алға тартты.
“ББҚ өнімдерінің айналымына мемлекеттік бақылауды комитеттің аумақтық бөлімшелері қолданыстағы заңнамаға сәйкес жүзеге асырады. Бақылау шеңберінде санитариялық-эпидемиологиялық сараптама жүргізіліп, өнімнің сәйкестігін растайтын құжаттары жоқ тауарларды сатуға жол бермеу шаралары қабылданады.
Мысалы 2026 жылдың басынан бері бақылау мақсатында биологиялық белсенді қоспалардың 70 үлгісі зерттелген. Оның 11,4%-ынан түрлі сәйкессіздік анықталған. Кемшіліктердің басым бөлігі өнімнің таңбалануына қатысты болса, кейбірінен микробиологиялық талаптардың бұзылғаны анықталды. Талаптарға сәйкес келмеген өнімдерге қатысты 8 жедел шара қабылданып, оларды айналымнан алып қою және кері қайтару жұмыстары жүргізілген. Бұдан бөлек, министрлік БАҚ пен интернеттегі ББҚ жарнамаларына тұрақты мониторинг жүргізеді. Биыл осы бағытта 850 жарнама таратушы тексерілді”, деп қосты маман.
ОқыңызӘйгерім Садубаева осы тұста халықтың да сақ болуы керек екенін жеткізді. Айтуынша, мұндай өнімдерді тексерілген жерлерден ғана алған дұрыс.
“Мониторинг барысында мемлекеттік тіркеу куәлігі жоқ ББҚ сататын 375 онлайн-профиль анықталды. Заңсыз жарнамаларды жою үшін жарнама таратушыларға 145 ұсыным хат жолданып, уәкілетті органдарға тиісті хабарламалар берілді. Азаматтарға биологиялық белсенді қоспаларды тек мемлекеттік тіркеуден өткен өнімдер арасынан таңдап, оларды дәріханалар мен мамандандырылған дүкендерден сатып алуға кеңес береміз. Өйткені растайтын құжаттары жоқ өнімдер денсаулыққа қауіп төндіруі мүмкін”, – деп қорытты ол.
Депутат белсенді биологиялық қопалар онкология тудырады деп мәлімдеді: Бұл қаншалықты рас