Соңғы жаңалықтар
Соңғы жаңалықтар

Мыңнан астам әйел күдікке ілінді: Қазақстанның 13 өңірінде заңсыз декреттік төлемдер бойынша тергеу жүріп жатыр

декрет
Фото: magnific.com

Қазақстанның 13 өңірінде декреттік төлемдерді заңсыз алу фактілері бойынша 38-ден астам қылмыстық іс қозғалды. Бұл туралы Stan.kz ақпарат агенттігі хабарлайды. 

Мұны Еңбек және халықты әлеуметтік қорғау вице-министрі Виктория Шегай мәлімдеді. Оның айтуынша, аталған істер бойынша мыңнан астам әйел жауапқа тартылды. Ал алдын ала есеп бойынша мемлекетке келтірілген шығын көлемі шамамен 3 миллиард теңге.

“Қазірдің өзінде тоғыз қылмыстық іс бойынша осы заңсыз схемаларды ұйымдастырған тұлғаларға қатысты сот үкімдері шығарылды”, – деді Шегай.

Еңбек министрлігінің мәліметінше, заңбұзушылықтар Әлеуметтік сақтандыру қоры мен Әлеуметтік қорғау саласын реттеу және бақылау комитеті жүргізген ішкі тексерулер барысында анықталған.

Қаржы министрі Мәди Такиевтің айтуынша, қазір бұл мәселеге қатысты министрлік ішінде ішкі аудит жүріп жатыр. Оны осы айдың соңына дейін аяқтау жоспарланған.

Айта кетейік, бұған дейін Қазақстандық әке бала күтімі бойынша декреттік төлемдерді сот арқылы өндіріп алғаны туралы жазған едік.

Нұрила Жұмаділлә
Сәрсенбі, 10 Маусым, 2026 13:24