Қазақстандықтарға кредит алуға шектеу қойылып жатқанда, мемлекеттің өзі қарызға батып жатыр: Мәжілісте еліміздің сыртқы қарызы талқыға түсті

Мәжілісте Қазақстанның мемлекеттік қарызына қатысты қызу пікірталас болды. Депутат Ерлан Стамбеков қарыз алудың артуына назар аударып, азаматтардан қаржылық тәртіп талап етілгенімен, мемлекеттің өзі қарызды көбейтіп отырғанын сұрады. Бұл туралы Stan.kz ақпарат агенттігі хабарлайды.
Мәжілістегі брифинг барысында депутат Ерлан Стамбеков Қазақстанның мемлекеттік қарызының өсу мәселесін көтерді. Оның айтуынша, билік халық пен бизнеске несие алуда қатаң талап қойып, төлем қабілеттілігін бағалаусыз қарыз беруді шектеп отыр, ал мемлекет болса, керісінше, қарыз алуды жалғастыруда.
Депутаттың айтуынша, 2025 жылы үкіметтік қарыз көлемі өткен жылмен салыстырғанда 4,8 трлн теңгеге артқан. Ал тартылған қаражаттың едәуір бөлігі экономиканы дамытуға емес, бұрынғы қарыздарды өтеуге жұмсалған.
"2025 жылы қарыз алудың жартысынан көбі бұрынғы міндеттемелерді қайта қаржыландыруға кеткен. Бұл 8,2 трлн теңгенің 51%-ы. Егер біз азаматтардан қаржылық тәртіп талап етсек, онда мемлекет деңгейінде де мұндай тәртіп болуы тиіс емес пе? Қарыз алудың мұндай құрылымын сіз тиімді әрі қауіпсіз деп санайсыз ба?" — деп депутат қаржы министріне сұрақ қойды.
Қаржы министрі Мади Такиев қаржылық тәртіп тек халық пен бизнеске ғана емес, мемлекетке де ортақ болуы керектігін айтты.
"Келісемін, қаржылық тәртіп тек азаматтар мен бизнес үшін ғана емес, мемлекет үшін де маңызды. 2026 жылдың 1 қаңтарындағы жағдай бойынша мемлекеттік қарыздың деңгейі ЖІӨ-нің 22,8%-ын немесе 36,4 трлн теңгені құрады. Мемлекеттік қарыз қауіпсіз шектерде, бізде 32% ЖІӨ деңгейіндегі ковенант бар — одан аспауымыз керек. Қарыз қазіргі таңда басқарылатын деңгейде, ешқандай теріс әсер байқалмай отыр", — деді министр.
Сондай-ақ Такиев қарызды қайта қаржыландыру тәжірибесі көптеген елдерде кеңінен қолданылатынын атап өтті. Оның айтуынша, Қазақстан халықаралық капитал нарықтарына бірнеше рет шығып, кей жағдайларда қымбат қарыздарды арзанырақ қарыздармен алмастырған.
Мысал ретінде министр Қазақстанның Қытай нарығында шығарған панда-бондтарын келтірді. Оның айтуынша, ел 500 млн долларды 1,9% жылдық мөлшерлемемен тартып, соңғы жылдардағы ең тиімді қарыз шарттарының біріне қол жеткізген.
Министрдің айтуынша, мұндай қарыз алу тетіктері мемлекетке бұрынғы міндеттемелерін анағұрлым тиімді шарттармен қайта қаржыландыруға мүмкіндік береді. Үкімет қазіргі мемлекеттік қарыз деңгейіне байланысты қандай да бір тәуекелдерді көріп отырған жоқ екен.
Айта кетейік, бұған дейін Сәуір айында ғана Қазақстанның мемлекеттік қарызы 87,3 триллион теңгеге жеткені туралы жазған едік.
Шәйнектегі қақтың бүйректе тас жинайтыны қаншалықты рас: Мамандар жауап берді
Оқыңыз