Соңғы жаңалықтар
Соңғы жаңалықтар

Германияда депутаттар қаржыны үнемдеу мақсатында жалақыларын көтеруден бас тартты – БАҚ

Германия депутаттары
Фото: Andreas Gora/picture alliance

Германиядағы күрделі экономикалық жағдайға байланысты 2026 жылы Бундестаг депутаттарының жалақысын жоспарлы түрде көтеруден бас тарту мәселесі қарастырылып жатыр. Бұл туралы Stan.kz ақпарат агенттігі Dw.com порталына сілтеме жасап хабарлайды.

Агенттік мәліметінше, билеуші коалиция құрамындағы Христиан-демократиялық одақ (ХДО), Христиан-әлеуметтік одақ (ХӘО) және Германияның Социал-демократиялық партиясы (СДПГ) депутаттардың төлемдерін 2026 жылы арттырмау туралы заң жобасын парламент қарауына ұсынбақ. Құжат 11 маусымда өтетін парламент отырысының күн тәртібіне енгізілген.

Осылайша билік өкілдері ел азаматтарына бюджет үнемдеу шараларына өздері де қатысуға дайын екенін көрсеткісі келеді. Депутаттардың жалақысын көтеруге оппозициядағы Одақ-90/Жасылдар, Германия үшін балама (AfD) және Солшыл партия да қарсы шықты.

Қолданыстағы заң бойынша депутаттардың төлемі Германиядағы жалақының жалпы өсу қарқынына байланысты жыл сайын қайта есептеледі. Егер өсім сақталған жағдайда, әр депутаттың ай сайынғы төлемі шамамен 500 еуро артып, 12 330 еуроға жетуге тиіс еді.

"Бюджеттік және экономикалық жағдайдың күрделенуі құрылымдық реформаларды талап етеді. Бұл реформалар азаматтарға қосымша салмақ түсіруі мүмкін. Сондықтан депутаттар да үнемдеу шараларына өз үлесін қосуға тиіс", – делінген билеуші фракциялар мәлімдемесінде.

2025 жылғы мамырда жүргізілген YouGov сауалнамасы нәтижесінде респонденттердің 85 пайызы депутаттардың жалақысын көтеруге қарсы екені анықталған.

Депутаттардың төлемдерін азаматтардың номиналды табысының өсуімен байланыстыратын заң 2014 жылдан бері қолданыста. Былтыр оның күші қазіргі парламенттің өкілеттік мерзімі аяқталғанға дейін ұзартылды. Сол кезде Германиядағы номиналды жалақы 4,2% өскен еді.

Федералдық Германия тарихында Бундестаг депутаттарының төлемі тек бір рет – 2021 жылы коронавирус пандемиясы кезінде төмендетілген. Бұған немістердің орташа табысының азаюы себеп болды. Ал 2020 жылы депутаттар пандемияға байланысты жалақыны көтеруден өз еріктерімен бас тартқан еді. 2025 жылғы 1 шілдеден бастап депутаттардың төлемі шамамен 600 еуроға ұлғайтылған еді.

Еске салайық, бұған дейін Қасым-Жомарт Тоқаев бастамасымен жүргізіліп жатқан реформалар аясында депутаттардың рөлі мен жауапкершілігін арттыру мәселесі бұған дейін де бірнеше рет көтерілген еді. Алдыңғы саяси өзгерістер кезінде депутаттардың есеп беру тетіктерін күшейту, олардың сайлаушылармен байланысын арттыру және кәсіби құрамын жақсарту қажет екені айтылды. Сонымен қатар депутаттарды толықтай сайлау арқылы қалыптастыру, яғни түрлі квоталарды қысқарту мәселесі де күн тәртібіне шыққан.

Айым Атамбаева
Сәрсенбі, 10 Маусым, 2026 11:09