Соңғы жаңалықтар
Соңғы жаңалықтар

Қазақстанда болашақ депутаттар мен әкімдерге салынатын айыппұлды 5 есе арттыру ұсынылды

депутат
Фото: freepik.com

Қазақстанда депутаттыққа және басқа да сайланбалы қызметтерге үміткерлерге бөлінген бюджет қаражатын мақсатсыз пайдаланғаны үшін айыппұлды ұлғайту көзделіп отыр. Норма бүгін Мәжіліс депутаттарының талқылауына ұсынылды. Бұл туралы Stan.kz ақпарат агенттігі хабарлайды.

Парламент Әкімшілік құқықбұзушылық туралы кодекске енгізілетін түзетулерді бірінші оқылымда қабылдады. Жобаға сәйкес, республикалық бюджеттен сайлауалды үгітке бөлінген қаражатты мақсатсыз жұмсағаны үшін айыппұл көлемі 5-тен 25 айлық есептік көрсеткішке (АЕК) дейін өседі.

Талқылау барысында депутат Юлия Кучинская заң жобасында бұзушылық жасаған тұлғаны тек айыппұл төлеумен шектемей, мақсатсыз жұмсалған қаражатты толық көлемде бюджетке қайтаруға міндеттейтін норма неге қарастырылмағанын сұрады.

Сондай-ақ ол қаражат мақсатты түрде жұмсалғанымен, рәсімдеу талаптары бұзылған жағдайда (мысалы, құжаттардың дұрыс толтырылмауы, төлем мерзімдерінің сақталмауы немесе тапсырыс туралы толық ақпараттың болмауы) қандай жауапкершілік қарастырылатынын нақтылады. Бұдан бөлек, бұл талаптардың тек жеке кандидаттарға ма, әлде саяси партияларға да қатысты екені жөнінде сұрақ қойылды.

Премьер-министрдің орынбасары ұлттық экономика министрі Серік Жұманғариннің айтуынша, бюджет қаражатын пайдалану кезіндегі кез келген бұзушылық қаржылық бақылауға жатады және тексеру қорытындысы бойынша қаражат міндетті түрде бюджетке қайтарылады.

Ал құжаттарды рәсімдеу тәртібінің бұзылуына қатысты ол қаражат тек құжаттар тексерілгеннен кейін бөлінетінін айтып, мұндай жағдайдың "көбіне теориялық" екенін жеткізді. Егер мұндай заңбұзушылық орын алса, жауапкершілік құжаттарды тексерген тұлғаларға жүктелуге тиіс. Әділет вице-министрі Лаура Мерсалимованың сөзінше, бюджет қаражатын қайтару әкімшілік жазаға жатпайды, сондықтан ол Әкімшілік құқықбұзушылық туралы кодексте көрсетілмейді. Мәселе Бюджет кодексі мен мемлекеттік аудит туралы заңмен реттеледі.

Бұған дейін Орталық сайлау комиссиясы 2025 жылы Қазақстанда 1028 сайлау өткенін хабарлаған. Оның ішінде 914-і аудандық маңызы бар қала, ауыл, кент және ауылдық округ әкімдерінің сайлауы, 8-і аудан және облыстық маңызы бар қала әкімдерінің сайлауы, сондай-ақ 106-сы – шығып қалған депутаттардың орнына өткен мәслихат депутаттарының сайлауы.

Сонымен қатар мәжілісте аудандық деңгейдегі әкімдерді сайлау тетігін қайта қарау мәселесі де көтерілген. Депутаттар мұндай әкімдерді тікелей сайлауды уақытша тоқтатып, оларды мәслихат арқылы сайлау немесе тағайындау моделіне қайта оралуды ұсынған.

Еске салайық, бұған дейін Қасым-Жомарт Тоқаев бастамасымен жүргізіліп жатқан реформалар аясында депутаттардың рөлі мен жауапкершілігін арттыру мәселесі бұған дейін де бірнеше рет көтерілген еді. Алдыңғы саяси өзгерістер кезінде депутаттардың есеп беру тетіктерін күшейту, олардың сайлаушылармен байланысын арттыру және кәсіби құрамын жақсарту қажеттігі айтылды. Сонымен қатар депутаттарды толықтай сайлау арқылы қалыптастыру, яғни түрлі квоталарды қысқарту мәселесі де күн тәртібіне шыққан.

Айым Атамбаева
Сәрсенбі, 13 Мамыр, 2026 13:00