Соңғы жаңалықтар
Соңғы жаңалықтар

Парламент депутаттарына бір-біріне айқайлауға және қызу дауласып, жанжалдасуға тыйым салынбақ: Депутаттық этика Конституциялық заң деңгейінде бекітілмек

депутат этикасы
Фото: freepik.com

Қазақстанда депутаттардың мінез-құлқы мен жауапкершілігін реттейтін жаңа талаптар енгізілмек. Мәжіліс депутаты Айдос Сарым мәлімдегендей, депутаттық этика алғаш рет Конституциялық заң деңгейінде қарастырылып, ережені бұзғандарға нақты санкциялар қолдану көзделіп отыр. Бұл туралы Stan.kz ақпарат агенттігі хабарлайды.

Мәжіліс депутаты Айдос Сарым парламенттік және саяси мәдениет жаңа деңгейге көтеріліп жатқанын мәлімдеді. Оның айтуынша, депутаттық этика мәселелері алғаш рет Конституциялық заң деңгейінде қарастырылып жатыр.

"Мәжілістің этика жөніндегі комиссиясы дәл осы шақырылымда жұмысын бастап, тиімді институтқа айналды. Жасыратыны жоқ, көп әріптестеріміз бұл комиссияның отырыстарына қатысып үлгерді", – деді Айдос Сарым.

"Құрылтай және оның депутаттарының мәртебесі туралы" заң жобасында депутаттардың мінез-құлық ережелері көрсетілген. Заң күшіне енгеннен кейін депутаттарға отырыстарда жеке мәселелер туралы айтуға тыйым салынады.

Қоғам алдында сөз сөйлеген кезде олар тек тексерілген деректерге сүйенуге тиіс. Егер жалған ақпарат айтылса, ол үшін зардап шеккен тараптан кешірім сұрауға міндетті болады.

Сонымен қатар депутаттарға басқа әріптестерінің сөздерін пікірлеуге рұқсат етілмейді.

Ережелерді бұзған жағдайда түрлі санкциялар қарастырылған. Ескерту жасаудан бастап, көпшілік алдында кешірім сұрау, бірнеше отырыста сөз беру құқығынан айыру, залдан шығару немесе бір күндік жалақыдан ұстап қалуға дейін. Егер депутат дәлелді себепсіз үштен көп отырысқа қатыспаса, сол күндер үшін жалақы төленбейді. Ал бір айдан астам уақыт жұмысқа келмесе, жалақысынан бөлек, іссапарлар, жол шығындары, қызметтік көлік және медициналық жеңілдіктерден айырылады.

Қаралып жатқан заң жобасының бір нормасы депутаттық этика жөніндегі кеңес құру туралы. Бұл кеңес депутаттардың этика нормаларын бұзған жағдайда қандай жаза қолдану керектігі жөнінде ұсыныстар әзірлейді. Осы жөнінде бүгін "Қазақстан Республикасы Құрылтайы және оның депутаттарының мәртебесі туралы" Конституциялық заң жобасын талқылау барысында белгілі болды.

Депутат Айдос Сарым атап өткендей, депутаттық этика мәселесі алғаш рет Конституциялық заң деңгейіне көтеріліп отыр.

"Жаңа саяси және парламенттік мәдениетті қалыптастыратын маңызды институт. Әсіресе, Мәжілістің этика комиссиясы дәл осы шақырылымда нақты жұмыс істей бастады. Ол тиімді институтқа айналды. Жасыратыны жоқ, көптеген әріптестеріміз этика комиссиясының қарауына түсіп үлгерді", – деді Айдос Сарым.

Депутаттың айтуынша, қазір комиссия төрағадан және әрбір депутаттық фракцияның өкілдерінен тұрады, оларды палата сайлайды.

"Алдағы уақытта осы тәртіпті регламентте сақтауға болады деп ойлаймын. Жалпы, бұл тетіктердің барлығын жаңа Құрылтай регламентінде нақтылап жазу қажет, сонда ол өз орнында болады", – деп түйіндеді Сарым.

Еске сала кетейік, желіде Шымкенттің аудан әкімінің төбелескен видеосы тарап кеткен еді. Бейнежазбаны Facebook парақшасында адвокат Айгүл Орынбек жариялаған. Кадрларда Шымкенттің Қаратау ауданының әкімі Алмас Абаевқа ұқсас адам белгісіз ер адамға шабуыл жасап жатқан көрінеді.

Видео жарияланғаннан кейін Шымкент қаласының әкімдігі қызметтік тексеру басталғанын хабарлап, оның қорытындысы шыққанға дейін асығыс тұжырым жасамауға шақырған еді.

Stan.kz
Жұма, 08 Мамыр, 2026 13:39