Соңғы жаңалықтар
Соңғы жаңалықтар

Алматыда полицияға көмектескен курьерге iPhone 17 мен 1 миллион теңге сыйға берілді

қылмыскерді ұстауға көмектескен ер адам
Фото: Видеодан скрин

Алматыда есірткі қылмыстарын әшкерелеуге көмектескен курьер қомақты сыйға ие болды. Полицияға берген ақпараты расталып, жедел шараларға негіз болған азаматқа iPhone 17 мен 1 миллион теңге табысталды. Бұл туралы Stan.kz ақпарат агенттігі хабарлайды.

Алматыда есірткі қылмыстарын анықтауға көмектескен курьер құқық қорғау органдары тарапынан ақшалай сыйақы, жаңа смартфон және алғыс хатпен марапатталды.

Мегаполис тұрғыны бірнеше рет Есірткі қылмыстарына қарсы іс-қимыл басқармасының қызметкерлеріне заң бұзушылықтарға қатысты мәліметтер берген.

Берілген ақпараттардың бір бөлігі расталып, жедел-іздестіру шараларын жүргізуге негіз болған.

Есірткі қылмыстарына қарсы күреске қосқан үлесі үшін азаматқа Құрмет грамотасы мен алғыс хат тапсырылды. Сонымен қатар Алматы қалалық құқық бұзушылықтардың алдын алу кеңесінің өкілдері оған iPhone 17 смартфонын және 1 миллион теңге көлемінде ақшалай сыйақы табыс етті.

Марапатталған азаматтың жеке басы жарияланбайды. Оның қауіпсіздігін қамтамасыз ету мақсатында құқық қорғау органдары аты-жөнін, фотосын және жеке тұлғасын анықтауға мүмкіндік беретін өзге де мәліметтерді жария етпеген.

Еске салайық, бұған дейін Алматыдағы Сайран көлінің маңында белгісіз ер адам 15 жастағы қызға тиіскені туралы ақпарат тараған еді. Жасөспірімнің анасының айтуынша, ер адам қызды өзімен бірге кетуге үгіттеп, есірткі ұсынып, түрлі мақтау сөздер арқылы сеніміне кіруге тырысқан. Қыз дер кезінде қашып құтылған. Аталған дерек бойынша полиция қылмыстық іс қозғап, күдіктінің жеке басын анықтағанын мәлімдеді.

Айым Атамбаева
Сәрсенбі, 10 Маусым, 2026 11:36