Қазақстанда техникалық байқау станциялары ондаған тонна бензинді шығаруға қалай көмектескен

Қазақстанда арзан жанармайды шетелге заңсыз шығаруға әрекеттенгендерге қатысты бақылау күшейтілді. Кейінгі бір айда құқық қорғау органдары 12 тоннаға жуық жанар-жағармайдың елден шығарылуына тосқауыл қойып, рұқсатсыз үлкейтілген жанармай бактары орнатылған 54 көлікті анықтады. Бұл туралы Stan.kz ақпарат агенттігі хабарлайды.
Қазақстанда кейбір техникалық қызмет көрсету станциялары көліктерге рұқсатсыз қосымша жанармай бактарын орнатып, арзан отынды шетелге заңсыз тасымалдауға жағдай жасаған. Ішкі істер министрлігі мұндай заңбұзушылықтардың жолын кесу үшін шекарадағы бақылауды күшейтті.
Қазақстанда көліктерді заңсыз қайта жабдықтау арқылы жанар-жағармай материалдарын (ЖЖМ) шетелге контрабандалық жолмен шығаруға көмектескен автосервистер анықталды.
Ведомствоның мәліметінше, қазір мемлекеттік шекарадағы 48 автомобиль өткізу пунктінде 59 патрульдік полиция бекеті жұмыс істеп тұр. Полицейлер көрші елдерге арзан қазақстандық жанармайды заңсыз шығаруға әрекеттенетін жүргізушілерді анықтап жатыр.
Тексерулер, әсіресе, Жамбыл, Түркістан және Маңғыстау облыстарында күшейтілген.
ІІМ Әкімшілік полиция комитетінің дерегіне сәйкес, кейінгі бір айдың өзінде 12 тоннаға жуық жанармайдың заңсыз шығарылуына тосқауыл қойылған.
Рұқсатсыз үлкейтілген жанармай бактарымен жабдықталған 54 көлік ұсталып, олардың иелері әкімшілік жауапкершілікке тартылды.
Сонымен қатар құқық қорғау органдары контрабандашыларға қызмет көрсеткен жасырын автосервистерді тексеруге кірісті. Мәселен, Жамбыл облысының Қордай ауылында полицейлер мен салық қызметкерлері 16 техникалық қызмет көрсету станциясына рейд жүргізген. Осылайша, кейбір шеберханаларда ешқандай рұқсат құжаттарынсыз қосымша жанармай бактары орнатылғаны анықталды. Алты автосервис иесіне қатысты әкімшілік материалдар рәсімделді.
ІІМ заңсыз мұнай өнімдерінің сыртқа шығарылуы елдің экономикалық қауіпсіздігіне тікелей қауіп төндіретінін атап өтті. Сондықтан мұндай құқықбұзушылықтардың алдын алу шаралары алдағы уақытта да жалғасады. Ведомство бұл жұмыс ішкі істер министрінің жеке бақылауында екенін мәлімдеді.
Еске салайық, бұған дейін құқық қорғау органдары мұнай өнімдерін заңсыз тасымалдау және контрабандалық жолмен шетелге шығару деректерін анықтаған еді. Тергеу мәліметінше, Ақтөбе облысында ұйымдасқан топ жалған құжаттар арқылы мұнай өнімдерін ұрлап, тасымалдаумен айналысқан. Сондай-ақ шетелге 30 мың тоннадан астам жанармай экспорттаған компанияның қызметі тексеріліп жатыр. Алдын ала есеп бойынша, заңсыз айналымнан түскен табыс көлемі шамамен 8 миллиард теңге болған.
Қазақстандық түрмелерде сотталғандар енді отбасымен видеотаксофон арқылы сөйлесе алады
Оқыңыз