Соңғы жаңалықтар
Соңғы жаңалықтар

"Дөрекілік пен мәдениетсіздіктің көрінісі": Тоқаев қазақстандықтардың мінез-құлқы туралы пікір білдірді

Тоқаев
Фото: Ақорда

Мемлекет басшысы Қасым-Жомарт Тоқаев медицина қызметкерлерімен өткен жиында қоғамдық орындарда әдеп сақтау мәселесін көтерді. Бұл туралы Stan.kz ақпарат агенттігі хабарлайды. 

Тоқаев Қазақстан жаңа тұрпатты елге айнала бастағанын айтты. Соның арқасында азаматтардың болмыс-бітімі, мінез-құлқы, дүниетанымы өзгеріп жатыр дейді.

“Қазақстан – құқықтық мемлекет. Еліміздің бас құжаты – Конституциясында дәл осылай жазылды. Бірақ құқықтық ел болу Ата заңда ғана бекітіліп қойған қағидат емес. Осыны дұрыс түсінуіміз керек. Құқық күнделікті күйбең тірліктен басталуы қажет. Бұл – әр адамның жүріс-тұрысы, әдебі, тәртібі, тіпті, мінез-құлқы заңға қайшы болмауы керек деген сөз”, – деді ол.

Президент еліміздің зайырлы мемлекет екенін тілге тиек етті. Алайда бұл ұлт болмысынан аттау немесе халқымыздың бойында бар құндылықтарды ұмыту деген ұғым емес дейді.

“Озық, заманауи елдің азаматтары қоғамда, яғни, көпшілік ортада, әсіресе, жұмыс орнында өздерін орынды ұстай білуі қажет. Мысалы, соңғы уақытта көп адамдардың амандасу кезінде де өрескел, орынсыз әрекеттерге жол беріп жатқанын көріп жүрміз. Сондықтан осы бағыттағы жұмысты күшейте түсу қажет. Бұл – жай ғана шағын мәселе емес. Әр халықтың тұрмыстық салт-дәстүріне, әдет-ғұрпына қарап, шетел адамдары сол елдің қаншалықты мәдениетті, дамыған жұрт екендігі жөнінде пайым жасайды”, – деді ел басшысы.

 Сөзінше, өркениетті мемлекет құру үшін бірінші кезекте халықтың мәдениеті жоғары болуға тиіс. Ал мұның бәрі қоғамдық орындарда әдеп сақтау, өзін дұрыс ұстау, өзара құрмет көрсету сынды негізгі қағидалардан басталатыны анық.

“Біз осы құндылықтарды кеңінен дәріптеу арқылы қоғамда жаңа этикалық нормаларды орнықтыруымыз қажет. Бұл – баршамызға ортақ міндет. Медицина қызметкерлері осы өте маңызды мәселе бойынша бүкіл қоғамымызға үлгі көрсетуі керек", – деді ол.

Еске салсақ, Тоқаев медицина қызметкерлерін кәсіби мерекесімен құттықтады.

Қырмызы Скендирова
Бейсенбі, 18 Маусым, 2026 13:15