Соңғы жаңалықтар
Соңғы жаңалықтар

Сенат төрағасы мемлекеттік қолдауды бөлуді жасанды интеллектке тапсыруды ұсынды

ЖИ

Фото: magnific.com

Сенат төрағасы Мәулен Әшімбаев бизнеске мемлекеттік қолдау көрсету жүйесін біріздендіруді ұсынды. Оның пікірінше, бұл үшін бірыңғай цифрлық терезе құрылып, шешім қабылдау процесінің бір бөлігі жасанды интеллектке тапсырылуы керек. Бұл туралы Stan.kz ақпарат агенттігі хабарлайды.

Сенат төрағасының сөзінше, қазір кәсіпкерлер мемлекеттік қолдауды республикалық және жергілікті бюджеттер, “Самұрық-Қазына” қоры, “Бәйтерек” холдингі, әлеуметтік-кәсіпкерлік корпорациялар, екінші деңгейлі банктер мен түрлі даму институттары арқылы алады.

“Мемлекеттік қолдау операторларының көп болуы функциялардың қайталануына, артық әкімшілік шығындарға, қаражаттың тиімсіз жұмсалуына және жемқорлық тәуекелдерінің артуына әкеледі. Қазір дерекқорларды біріктіру жұмысы жүріп жатыр. Бұл бағытта Жасанды интеллект және цифрлық даму министрлігі ауқымды жұмыс атқарып отыр. Енгізілген параметрлер негізінде жасанды интеллект жүйесі белгілі бір компанияға қандай қолдау түрі тиесілі екенін, ал қайсысы тиесілі емесін нақты анықтай алар еді. Осыдан кейін бүкіл процесті толық бақылауға мүмкіндік туады”, – деді Әшімбаев.

Әшімбаевтың пікірінше, процесті цифрландыру мемлекеттік қолдау көрсетудің барлық кезеңін қадағалауға мүмкіндік береді. Соныымен қатар бұл бюрократиялық кедергілерді азайтып, мұндай көмекке мұқтаж емес компаниялардың қолдау алуына жол бермейді.

Әшімбаев бизнеске көрсетілетін мемлекеттік қолдаудың жалпы көлемі жыл сайын бірнеше триллион теңгеге жетуі мүмкін екенін мәлімдеді. Оның айтуынша, бұл сомаға республикалық және жергілікті бюджеттердің қаражаты, Ұлттық қор мен даму институттарының ресурстары кіреді.

Нұрила Жұмаділлә
Бейсенбі, 18 Маусым, 2026 12:09