Соңғы жаңалықтар
Соңғы жаңалықтар

Нұрай Серікбай ісі: Прокурор Шерхан Аймаханды өмір бойына бас бостандығынан айыруды сұрады

Нұрай Серікбай мен прокурор
Фото: Instagram.com/serikbay_sultan / Stan.kz

Шымкентте 21 жастағы Нұрай Серікбайдың өліміне қатысты сот процесінде тараптардың жарыссөзі өтті. Мемлекеттік айыптаушы сотталушы Шерхан Аймаханға өмір бойына бас бостандығынан айыру жазасын тағайындауды сұрады. Бұл туралы Stan.kz ақпарат агенттігі хабарлайды.

Прокурор Мадияр Әбілқасымовтың айтуынша, Қылмыстық кодекстің 53 және 54-баптарына сәйкес сотталушының жазасын жеңілдететін мән-жайлар анықталмаған.

Мемлекеттік айыптаушы Шерхан Аймаханды Қылмыстық кодекстің 99-бабы 2-бөлігінің 5-тармағы – аса қатыгездікпен адам өлтіру, 125-1-бабы – некеге тұруға мәжбүрлеу және 115-1-бабы – сталкинг бойынша кінәлі деп тануды сұрады.

Прокурор әр бап бойынша мынадай жаза тағайындауды ұсынды:

  • аса қатыгездікпен адам өлтіргені үшін – өмір бойына бас бостандығынан айыру;
  • некеге тұруға мәжбүрлегені үшін – 2 жылға бас бостандығынан айыру;
  • сталкинг үшін – 200 сағат қоғамдық жұмысқа тарту.

Қылмыстық кодекстің 58-бабының төртінші бөлігін қолданып, мемлекеттік айыптаушы түпкілікті жаза ретінде Аймаханды өмір бойына бас бостандығынан айыруды сұрады.

“Өмір бойына бас бостандығынан айыру жазасын тағайындауды сұраймын. Жазасын қылмыстық-атқару жүйесінің төтенше қауіпсіз мекемесінде өтеу белгіленсін. Жаза мерзімі үкім жарияланған күннен бастап есептелсін. Аймаханға қатысты қамауда ұстау түріндегі бұлтартпау шарасын өзгеріссіз қалдыруды сұраймын”, – деді прокурор Мадияр Әбілқасымов.

Сот жарыссөзінде жәбірленуші тараптың адвокаты Аянхан Омаров та сөз сөйледі. Ол Нұрай Серікбайдың өлімі оның отбасы үшін орны толмас қасіретке айналғанын айтты.

Ол сүйікті жар бола алмай кеткен қыздың тағдырын тоқтатты. Ол ана атана алмай кеткен қыздың болашағын жоқ қылды. Ол болашақта дүниеге келуі мүмкін болған балалардың тағдырын жоқ қылды. Құрметті сот, бүгін жәбірленуші тарапында жалғыз Нұрай тұрған жоқ. Оның жанында көз жасын төккен әкесі тұр, өмір бойы қызын мәпелеп өсірген анасы тұр, қарындасын осындай жауыз адамнан қорғай алмағанына күйінген ағалары тұр”, – деді адвокат.

Оның сөзінше, болған оқиға бір адамның ғана өмірін қиып қоймай, тұтас отбасының өмірін өзгертті.

Сотталушы тек Нұрайды өлтірген жоқ. Ол әке мен ананы сүйікті қызынан, ағаларын ерке қарындасынан айырды. Ол бір әулеттің қуанышын жоқ қылды. Енді ешқашан ашылмайтын есікті жапты. Әкесі енді ешқашан: "Қызым, аман келдің бе?" деп айта алмайды. Оның маңдайынан сүйе алмайды. Анасы енді ешқашан қызының шашынан сипай алмайды. Онымен сырласып, сөйлесе алмайды. Туған күнін қызымен бірге тойлай алмайды. Нұрайға ешқашан қалыңдықтың той көйлегін кигізе алмайды. Ағалары енді ешқашан қарындасының сыңғырлаған күлкісін ести алмайды. Оны еркелете алмайды. Телефон соғып, дауысын да ести алмайды. Бұл — ешқандай уақыт емдей алмайтын қасірет. Бұл — ешқандай жаза толығымен өтей алмайтын қайғы. Осы қайғы Нұрай Серікбайдың отбасында өмір бойына жалғасатын, естен кетпейтін қайғы-қасірет болып отыр”, – деді Аянхан Омаров.

Адвокат бұл істің Қазақстан қоғамында үлкен резонанс тудырғанын атап өтті.

 

Істің мән-жайы

Еске салайық, қаңтарда Шымкентте 21 жастағы студентті жас жігіт асқан қатыгездікпен пышақтап өлтірген еді. Нұрай Серікбай оқиға орнында тіл тартпай кетті. Күдікті көзі тірісінде қыздың қыр соңынан қалмай, тіпті алып қашқаны да анықталған. Полиция адам өлтіру мен сталкинг баптары бойынша қылмыстық іс қозғап, тергеу жүргізуде.

Алайда араға үш ай салып 28 жастағы жігіттің уақытша ұстау изоляторынан Талғардағы психикалық орталыққа ауыстырылғаны белгілі болды. Марқұмның туыстары күдіктінің анықтама алып, жауапкершіліктен құтылып кетуі мүмкін екенін айтып, дабыл қақты.

Артынша ішкі істер министрінің орынбасары Санжар Әділов сот-психиатриялық сараптамаға сәйкес, айыпталушы есі дұрыс деп танылғанын және заң алдында жауап беретінін хабарлады. 

Бұған дейін Нұрайдың отбасы сот отырыстарының тікелей эфирде көрсетілуін талап еткен.

Айыптау актісі қандай?

Биыл 23 шілде күні Шымкентте Нұрай Серікбайды өлтіру ісіне қатысты алдын ала сот тыңдауы өтті. Мемлекеттік айыптаушы Мадияр Әбілқасымов сотта айыптау актісін жариялап, сотталушы Шерхан Аймаханға тағылған үш эпизод бойынша айыптың мән-жайын баяндады. 

Прокурордың сөзінше, күдікті Шерхан Аймахан әуелі Нұрайды кездесуге шақырған. Алайда Нұрай одан бас тартқан. Сосын ол қыздың үй жағына келіп, оның дүкенге шыққан сәтінде әуелі 5 рет пышақтап, қашып кеткен. Кейін бастаған ісін аяқтау үшін қайта келіп 30 рет пышақ сұққан.

Нұрайдың адвокаттары мен жақындары істің тікелей эфирде көрсетілуін сұрады. Алайда, оған сотталушы тарап келіспей, қарсы шықты. Екі жақты келісім болмаған соң судья сот процесінің тікейлей көрсетілмеймінін айтты. 

Балнұр Рахматуллақызы
Сейсенбі, 11 Тамыз, 2026 17:10