Соңғы жаңалықтар
Соңғы жаңалықтар

Нұрай Серікбай соты: Сарапшы сотталушының қылмыс жасалған сәтте аффект жағдайында болмағанын мәлімдеді

сот
Фото: Видеодан скрин

Шымкентте Нұрай Серікбайдың өліміне қатысты сот отырысы жалғасып жатыр. Бүгін күдікті Шерхан Аймаханға қатысты психологиялық-психиатриялық сараптаманың қорытындысы талқыланды. Телефон арқылы жауап берген сарапшы сотталушының психикалық жағдайы бойынша қоғамға қауіп төндірмейтінін және сот процесіне қатыса алатынын айтты. Сонымен қатар ол күдіктінің қылмыс жасаған кезде өз әрекетінің мәнін түсініп, оны басқара алғанын растады. Бұл туралы Stan.kz ақпарат агенттігі хабарлайды. 

Сот отырысында адвокат психиатр-сарапшыға сотталушының қазіргі психикалық жағдайына және сараптама қорытындысына қатысты бірқатар сұрақ қойды.

“Шерхан Аймахан қоғамға қауіп төндірмейді”

Адвокат Аянхан Омаров алдымен сотталушының қазіргі кездегі қоғамға қауіп төндіру дәрежесін сұрады.

Сарапшының айтуынша, сараптама жүргізілген кезде сотталушы психикалық жағдайы бойынша қоғамға қауіп төндірмеген.

“Психикалық жағдайы бойынша күдікті сараптамадан өту барысында қоғамға қауіп тудырмады. Демек ол сот тергеу амалдарына қатыса алады, өзінің күйін қорғай алады”, – деді сарапшы.

Оған қоса сарапшы қазір сотталушыға қосымша ем қажет емес екенін айтты. Адвокат сотталушының қылмыс жасаған кезде аффект жағдайында болғанын бірнеше рет айтқанын еске салып, осы мәселеге түсініктеме беруді сұрады.

Алайда сарапшы бұл сұраққа психиатр емес, психолог жауап беруі керек екенін айтты.

Сараптамаға қандай материалдар ұсынылған?

Сотта күдіктінің адвокаты сарапшыдан сараптама жүргізу үшін мамандарға қандай құжаттар берілгенін сұрады. Сарапшы бастапқыда сараптама қорытындысын жасауға қылмыстық іс материалдары пайдаланылғанын айтты. Сонымен қатар сарапшылардың өз әдістемелері мен ғылыми әдебиеттері бар екенін түсіндірді.

Адвокат нақтылап, тергеу органы сарапшыларға қандай материалдарды тапсырғанын сұрады.

Сарапшы бұл сұраққа жауап беру кезінде нақты құжаттарды атап шығу үшін материалдарды қарап шығу керегін айтты.

Сот отырысында сараптамаға екі бума қылмыстық іс материалы мен бір бейнежазба берілгені туралы да сөз болды. Адвокат сарапшыларға барлық қажет материал толық ұсынылды ма деген сұрақ қойды.

Сарапшы сараптама қорытындысын шығаруға берілген материалдардың жеткілікті болғанын мәлімдеді.

Адвокат сараптама қорытындысындағы бір тармаққа назар аударды. Қорытындыда сотталушының созылмалы психикалық бұзылудан зардап шекпейтіні, алайда оның бойында психикалық бұзылыс белгілері байқалғаны көрсетілген. Адвокат осы екі тұжырымның арасында қарама-қайшылық бар-жоғын сұрады. 

Сарапшының айтуынша, созылмалы психикалық бұзылыстарға, мысалы, шизофрения, шизотипиялық және органикалық бұзылыстар жатады. Мұндай бұзылыстар адамның өз әрекетінің мәнін түсіну және оған жауап беру қабілетіне әсер етуі мүмкін.

Ал сотталушының медициналық картасында көрсетілген F42.2 шифры басқа жағдайды білдіреді.

Сарапшының айтуынша, бұл диагноз медициналық құжатта және қылмыстық іс материалдарында болғандықтан, сараптама кезінде ескерілген. 

“Бірақ бұл өзінің іс-әрекетіне толыққанды есеп беруден айырмайды. Демек, ол өзінің іс-әрекеттерін басқаруға, бағамдауға қабілетті болған”, – деді сарапшы.

Адвокат бұл тұжырымды комиссия мүшесі ретінде растайсыз ба деп сұрады. Сарапшы “иә” деп жауап берді.

“Сараптама кезінде психикалық бұзылыстар байқалмады”

Сотта судья Самиддин Темірәлиев сарапшыға Шерхан Аймаханның сараптама кезіндегі мінез-құлқына қатысты сұрақ қойды.

Сарапшының айтуынша, сараптама кезінде сотталушының санасы анық болған. Ол қойылған сұрақтарға толық жауап берген және сараптамадан өтуге кедергі келтіретін жағдай байқалмаған.

“Сараптама барысында санасы анық болды. Берілген сұрақтарға толыққанды жауап берді. Сараптама жеңіл болды. Ешқандай сандырақ, жаман ойлар, өз-өзіне қол салу туралы ойлар, психикалық бұзылыстар байқалмады”, – деді сарапшы.

Сонымен қатар мамандар сотталушыға қатысты бейнебақылау жазбаларын да көргенін айтты. Сарапшының сөзінше, бейнематериал кейіннен сараптамаға ұсынылған.

Сараптамаға қайта жүгіну мәселесі де айтылды

Сот отырысында кешенді психологиялық-психиатриялық сараптама мәселесі де көтерілді. Сарапшы мұндай сараптаманың жүргізілгенін растады. Оның айтуынша, мұндай сараптама шамамен бір айға созылады.

Сонымен қатар маман сараптама қорытындысын шығару үшін қажет материалдардың жеткілікті болғанын тағы да атап өтті. Егер қандай да бір материалдар жетіспеген жағдайда, сарапшылар тергеу органынан қосымша құжат сұрайтынын түсіндірді.

Сотта тараптар сарапшыға сұрақтарын қойып болғанн соң судья оның жауабын тыңдап, басқа сұрақтардың бар-жоғын сұрады.

Ал сотталушының қылмыс кезінде аффект жағдайында болған-болмағанына психологтың қорытындысы қажет екені айтылды.

Бұл сауалға сотта сарапшы-психолог Күләш Қожамжарова жауап берді. Ол сотталушы адам өлтірген сәтте аффект жағдайында болмаған деген қорытындыға келген.

“Аффект жағдайын анықтау кезінде біз оның үш фазасын қарастырамыз. Олардың әрқайсысының өз критерийлері бар. Қажет белгілер толық көлемде болмағандықтан, ол аффект жағдайында болмады деген қорытындыға келдік”, – деді Қожамжарова.

Сарапшы сотталушының адам өлтірген сәтті есіне түсіре алмайтыны туралы сөзіне де түсініктеме берді. Оның айтуынша, аффект жағдайында мұндай толық амнезия болмайды. Әдетте адам болған оқиғаның жекелеген сәттерін үзінді түрінде болса да есінде сақтайды.

“Оның қылмыс жасаған сәтті есіне түсіре алмайтыны туралы мәлімдемесі өздігінен аффект жағдайында болғанын дәлелдемейді. Аффект кезінде жасалған әрекеттер туралы естелік әдетте ішінара, үзінді түрінде сақталады. Адам жекелеген эпизодтарды есіне түсіріп, олар туралы айтып бере алады. Біздің жағдайда мұндай белгілер анықталған жоқ”, – деді сарапшы.

Осылайша, психологтар мен психиатрлардың кешенді сараптамасы Ш. А.-ның қылмыс жасаған сәтте есі дұрыс күйде болғанын және өз әрекетінің мәнін түсініп, оған есеп бере алғанын анықтады.

Істің мән-жайы

Еске салайық, қаңтарда Шымкентте 21 жастағы студентті жас жігіт асқан қатыгездікпен пышақтап өлтірген еді. Нұрай Серікбай оқиға орнында тіл тартпай кетті. Күдікті көзі тірісінде қыздың қыр соңынан қалмай, тіпті алып қашқаны да анықталған. Полиция адам өлтіру мен сталкинг баптары бойынша қылмыстық іс қозғап, тергеу жүргізуде.

Алайда араға үш ай салып 28 жастағы жігіттің уақытша ұстау изоляторынан Талғардағы психикалық орталыққа ауыстырылғаны белгілі болды. Марқұмның туыстары күдіктінің анықтама алып, жауапкершіліктен құтылып кетуі мүмкін екенін айтып, дабыл қақты.

Артынша ішкі істер министрінің орынбасары Санжар Әділов сот-психиатриялық сараптамаға сәйкес, айыпталушы есі дұрыс деп танылғанын және заң алдында жауап беретінін хабарлады. 

Бұған дейін Нұрайдың отбасы сот отырыстарының тікелей эфирде көрсетілуін талап еткен.

Айыптау актісі қандай?

Биыл 23 шілде күні Шымкентте Нұрай Серікбайды өлтіру ісіне қатысты алдын ала сот тыңдауы өтті. Мемлекеттік айыптаушы Мадияр Әбілқасымов сотта айыптау актісін жариялап, сотталушы Шерхан Аймаханға тағылған үш эпизод бойынша айыптың мән-жайын баяндады. 

Прокурордың сөзінше, күдікті Шерхан Аймахан әуелі Нұрайды кездесуге шақырған. Алайда Нұрай одан бас тартқан. Сосын ол қыздың үй жағына келіп, оның дүкенге шыққан сәтінде әуелі 5 рет пышақтап, қашып кеткен. Кейін бастаған ісін аяқтау үшін қайта келіп 30 рет пышақ сұққан.

Нұрайдың адвокаттары мен жақындары істің тікелей эфирде көрсетілуін сұрады. Алайда, оған сотталушы тарап келіспей, қарсы шықты. Екі жақты келісім болмаған соң судья сот процесінің тікейлей көрсетілмеймінін айтты. 

Нұрила Жұмаділлә
Сейсенбі, 11 Тамыз, 2026 11:52