Марқұм Нұрайдың ағасы сотта күдіктіден моральдық өтемақы ретінде не үшін 10 миллиард теңге сұрағанын түсіндірді
Шымкентте кісі қолынан қаза тапқан Нұрай Серікбайдың ағасы отбасының айыпталушы тараптан 10 миллиард теңге көлемінде өтемақы талап ету себебін түсіндірді. Бұл туралы Stan.kz ақпарат агенттігі хабарлайды.
Серікбай Сұлтанның айтуынша, мұндай соманы талап етудің екі себебі бар: бірі – заңдық, екіншісі – моральдық.
Заң тұрғысынан алғанда, сотталған тарап келтірілген шығынды өтемей тұрып, жазасын жеңілдетуге немесе мерзімінен бұрын босатылуға мүмкіндік алмауға тиіс. Сондықтан отбасы өтемақы көлемін айтарлықтай жоғары етіп көрсеткен.
“Сома адам оны бірден төлеп, бәрін ұмытып кететіндей болмауы керек. Яғни, ол бұл соманы өмір бойы өтеуге тиіс”, – дейді Нұрайдың ағасы.
Дегенмен, өтемақының нақты мөлшерін түпкілікті сот шешеді.
Оның сөзінше, заң бойынша моральдық шығын ретінде талап етілетін соманы жәбірленуші тарап өзі анықтай алады. Сондықтан отбасы өздері әділ әрі орынды деп санаған 10 миллиард теңгені көрсеткен.

Ал моральдық тұрғыдан қарағанда, Нұрайдың өмірін ешқандай ақша алмастыра алмайды.
“Бізге дүниедегі барлық ақшаны берсе де, Нұрайдан айырылғанымыздың орнын толтыра алмайды. Адам өмірінің құны ақшаға сыймайды. Егер біз Нұрайдан айырылған қайғымен өмір бойы өмір сүретін болсақ, онда айыпталушы тарап та өз әрекеті үшін жауапкершілікті, соның ішінде материалдық жауапкершілікті сезінуі керек деп есептейміз”, – деді ол.
Нұрайдың ағасы егер отбасы сот арқылы өтемақы өндіруге қол жеткізсе, бұл қаражат сталкингке немесе осыған ұқсас зорлық-зомбылыққа тап болған қыз-келіншектерге көмек көрсетуге бағытталатынын айтты.
Істің мән-жайы
Еске салайық, қаңтарда Шымкентте 21 жастағы студентті жас жігіт асқан қатыгездікпен пышақтап өлтірген еді. Нұрай Серікбай оқиға орнында тіл тартпай кетті. Күдікті көзі тірісінде қыздың қыр соңынан қалмай, тіпті алып қашқаны да анықталған. Полиция адам өлтіру мен сталкинг баптары бойынша қылмыстық іс қозғап, тергеу жүргізуде.
Алайда араға үш ай салып 28 жастағы жігіттің уақытша ұстау изоляторынан Талғардағы психикалық орталыққа ауыстырылғаны белгілі болды. Марқұмның туыстары күдіктінің анықтама алып, жауапкершіліктен құтылып кетуі мүмкін екенін айтып, дабыл қақты.
Артынша ішкі істер министрінің орынбасары Санжар Әділов сот-психиатриялық сараптамаға сәйкес, айыпталушы есі дұрыс деп танылғанын және заң алдында жауап беретінін хабарлады.
Бұған дейін Нұрайдың отбасы сот отырыстарының тікелей эфирде көрсетілуін талап еткен.
Айыптау актісі қандай?
Биыл 23 шілде күні Шымкентте Нұрай Серікбайды өлтіру ісіне қатысты алдын ала сот тыңдауы өтті. Мемлекеттік айыптаушы Мадияр Әбілқасымов сотта айыптау актісін жариялап, сотталушы Шерхан Аймаханға тағылған үш эпизод бойынша айыптың мән-жайын баяндады.
Прокурордың сөзінше, күдікті Шерхан Аймахан әуелі Нұрайды кездесуге шақырған. Алайда Нұрай одан бас тартқан. Сосын ол қыздың үй жағына келіп, оның дүкенге шыққан сәтінде әуелі 5 рет пышақтап, қашып кеткен. Кейін бастаған ісін аяқтау үшін қайта келіп 30 рет пышақ сұққан.
Нұрайдың адвокаттары мен жақындары істің тікелей эфирде көрсетілуін сұрады. Алайда, оған сотталушы тарап келіспей, қарсы шықты. Екі жақты келісім болмаған соң судья сот процесінің тікейлей көрсетілмеймінін айтты.
Алматылық жүргізушілер әуежайдың екінші қабатына жолаушы апарғаны үшін айыппұл арқалаған