Соңғы жаңалықтар
Соңғы жаңалықтар

Астанада әкімдік электрлі велосипедтер сатып алу үшін бюджеттен 2,3 миллиард теңге жұмсаған

Велосипеды 2,3 миллиард теңге жұмсалған
Фото: depositphotos.com

Астанада әкімдік қалада бұрыннан бар велосипедтердің пайдаланылмай тұрғанына қарамастан, жаңа электрлі 1300 велосипед алу үшін бюджеттен 2,3 миллиард теңге алған. Бұған дейін үлкен соманы көрсеткен бұл сатып алу шарты тексеріске ұшырағанымен, кейін бәрібір жүзеге асқан. Бұл туралы Stan.kz ақпарат агенттігі хабарлайды. 

Мемлекеттік сатып алу-сату порталында веслосипедтерге тапсырыс беруші – ТОО "City Transportation Systems" компаниясы екені көрсетілген. Мұнда бір велосипедтің құны 1 797 652 теңгеден екені көрсетілген. Солай 1300 данасына 2,3 миллиард теңге қаражат тартылған. Жаңа велосипедтерге тапсырыс берген City Transportation Systems Астанадағы ЛРТ құрылысын іске асырған компания

Желіде Goszakupturaly парақшасы бұған дейін де бұл шарттың қоғам назарын аударғанын айтып, видео жариялады. Айтуларынша, ерекше назарға түскен соң ол кезде тексеріс болып, сатып алу жүзеге асырылмайды деген сенім болған. 

“Біз бұл сатып алу болмайды деп 100 пайызға сенімді болдық. Алайда, өкінішке қарай, олай болмады. Біз бұған дейін көрсеткен заңбұзушылықтарға елорданың Ішкі мемлекеттік аудит департаменті қандай да бір себеппен назар аудармады. Бұл мәселені біз ғана көтеріп отырған жоқпыз. Қалалардың велосипед инфрақұрылымы бойынша World Cycling Center сертификаты бар маман да осыған назар аударып, елорда прокуратурасына өтініш жолдаған. Алайда прокуратура өтінішті қарамай, оны Ішкі мемлекеттік аудит департаментіне жіберген. Ал департамент сатып алуда ешқандай заңбұзушылық жоқ деп жауап берген”, – делінген видеода. 

Шағымда маман елордада бұған дейін салынған велосипед инфрақұрылымының 90 пайызы іс жүзінде пайдаланылмай тұрғанын айтқан.

“Оған сұраныс жоқ, тұрғындар да қолданбайды. Соған қарамастан, бұл инфрақұрылымды күтіп ұстауға жыл сайын шамамен 300 миллион теңге жұмсалады. Яғни мемлекет іс жүзінде ешкім пайдаланбайтын жабдықты сақтап, күтіп ұстау үшін ақша төлеп отыр. Ал енді елордаға кенеттен тағы 2 500 велосипед пен оған қажетті бағдарламалық қамтамасыз ету керек болып отыр. Бірақ бұл сатып алудың өзін қаншалықты негізді деп санауға болады деген сұрақ туындайды. Ешкім пайдаланбайтын велосипедтер бізге не үшін қажет? Оны ешкім қолданбайтын болса, қыруар қаржыға сатып алынатын бағдарламалық қамтамасыз ету не үшін керек? Егер велосипед тұратын орындарға сұраныс болмаса, қала кеңістігін велосипед сөрелерімен толтырудың қандай қажеті бар?”, – деп сұрады видео авторлары. 

Сонымен қатар бұл шағымда үкіметтің осындай кезде бюджет қаражатын үнемдемейтінін сынаған. 

“Ең қызығы – мемлекет үнемі қаржы тапшылығына шағымданып, тіпті көлік саласындағы бюджеттегі олқылықтардың орнын Ұлттық қордың қаражаты есебінен жауып отыр. Ал қазір ешкім пайдаланбайтын техникаға 2,3 миллиард теңге жұмсауға дайын. Оның үстіне, бұл сатып алу біз көріп отырған, сіздер көріп отырған, әлеуетті жеткізушілер де байқап отырған барлық ықтимал заңбұзушылықтарға қарамастан жүргізіліп жатыр”, – делінген хабарламада. 

 “Бюджет қаражаты тартылған жоқ”: Әкімдік бұл велосипедтерді не үшін алды

Stan.kz тілшісі осы ақпаратқа байланысты Астана қаласының әкімдігінен пікір сұрады. Редакциямызға Астана қаласының Көлік және жол-көлік инфрақұрылымын дамыту басқармасы жауап беріп, бұл сатып алудың орындалғанын растады. Алайда айтуларынша бұл бюджет қаражаты емес, қайырымдылық шеңберінде жасалғанын айтты. 

“Жаңа велосипед жабдықтарын сатып алу "Самұрық-Қазына" АҚ және компаниялар тобының қайырымдылық қызметінің бірыңғай операторы – "Samruk-Kazyna Trust" корпоративтік қоры көрсеткен қайырымдылық көмек шеңберінде бюджет қаражатын тартпай жүзеге асырылады. Осы конкурс бойынша келіп түскен шағымдарды конкурс ұйымдастырушысы, яғни "Астана қаласының Активтер және мемлекеттік сатып алу басқармасы" ММ қарап, қанағаттандырусыз қалдырды”, – деді ведомство. 

Сонымен қатар басқарма бұл сатып алу-сату шартына шағымдардың не үшін қабылданбағанын да түсіндіре кетті. 

“Астана қаласының Активтер және мемлекеттік сатып алу басқармасы ұсынысты қабылдамау себебін былай түсіндіреді. Өнім беруші тауардың нақты сипаттамаларын толық көрсетпеген. Яғни, мысалы, тауардың белгілі бір көрсеткіші нақты қанша екенін жазудың орнына, "белгілі бір мәннен аспайды" немесе "белгілі бір көрсеткіштен кем емес" деген жалпы сипаттамалар ғана көрсетілген. Осы себепті конкурстық комиссия ұсынысты қабылдамады”, – деп қосты басқарма. 

Ведомсвто сатып алу 2014 жылдан бері жұмыс істеп келе жатқан Астана қаласындағы қолданыстағы қоғамдық велосипед жалдау жүйесін толық жаңғыртуға бағытталғанын алға тартты. 

“Конкурс № 17143703-ОК1 мемлекеттік сатып алу қорытындылары туралы хаттама негізінде өткізілді. Конкурсты тоқтатуға негіздер болмады. Шарт мемлекеттік сатып алу порталында жасалды. Сатып алу шеңберінде электр жетегі бар 1 300 велосипедті, әрқайсысында 10 тұрақ және зарядтау орны бар 195 велосипед станциясын, LED-экрандары бар ақпараттық терминалдарды және бағдарламалық қамтамасыз етуді жеткізу көзделген. Сатып алу құны жабдықтарды, сондай-ақ оларды құрастыруды, тасымалдауды және кедендік тазартуды қамтиды. Бір велосипедтің орташа құны шамамен 1,33 миллион теңгені құрайды”, – деп қорытты басқарма. 

Еске салсақ, бұған дейін сенат төрағасы бюджеттің орындалуын талқылау кезінде шенеуніктерге ескерту жасаған еді.

Гүлсезім Мұхатай
Сейсенбі, 11 Тамыз, 2026 18:22