Енді қазақстандықтар садақа, көрімдік пен сүйіншіні онлайн жібере алады
Қазақстандықтар Aitu қосымшасы арқылы “сүйінші” мен “көрімдікке” ақша аударуды автоматтандыра алады. Бұл туралы Stan.kz ақпарат агенттігі хабарлайды.
Мұны Үкімет отырысында BTS Digital өкілі Мақсат Нұриденұлы мәлімдеді. Оның айтуынша, қосымшада қазақтың дәстүріне байланысты “сүйінші”, “көрімдік”, “асар” және “садақаға” ақша аударуды автоматтандыру жоспарланып отыр.

Сонымен қатар Aitu қосымшасында отбасылық фото мен маңызды оқиғаларды сақтауға, 400 адамға дейін іс-шара ұйымдастыруға және ата-бабалар туралы ақпаратты қамтитын “Шежіре” жүргізуге мүмкіндік болады.
“Бүгінде Қазақстанда 8 миллионнан астам отбасы бар және олардың басым бөлігінде туыстарға арналған ортақ чат бар. Енді мұндай чаттарда қолданушылар отбасылық фотоны сақтап, маңызды күндерге арналған күнтізбе құрып, еске салғыштар орнатып, түрлі шараларды ұйымдастыра алады”, – деді Нұриденұлы.
Қазақ тілін дамыту мақсатында қосымшаға қазақ және орыс тілдері арасында автоматты аударма жасау функциясы да қосылады.
Еске салайық, бұған дейін мемлекеттік қызметкерлер 15 қыркүйекке дейін Aitu ұлттық мессенджеріне көшуге міндеттелгенін жаздық. Сонымен бірге Smart Data Ukimet арқылы мемлекеттік деректерді біріктіру жұмыстары жүргізіліп жатыр: жаңа хэштеу әдісі 1 қыркүйекке дейін аяқталып, деректер толықтай 1 желтоқсанға дейін платформға беріледі. Премьер-министр Олжас Бектеновтің айтуынша, бұл қадамдар ақпараттық қауіпсіздікті күшейтіп, мемлекеттік аппараттың тиімділігін арттыруға бағытталған.
Астанада әкімдік электрлі велосипедтер сатып алу үшін бюджеттен 2,3 миллиард теңге жұмсаған