Соңғы жаңалықтар
Соңғы жаңалықтар

"Бала күнгі арманым": Әнші Садраддин көпбалалы анаға пәтер сыйлады

Садраддин мен көпбалалы ана
Фото: Видеодан скриншот

Танымал әнші әрі блогер Садраддин бес баласын жалғыз тәрбиелеп отырған анаға баспана сыйлады. Бұл туралы Stan.kz ақпарат агенттігі хабарлайды.

Өнер иесі бұл туралы әлеуметтік желідегі парақшасында бөлісті. Әншінің айтуынша, баспанасыз жүрудің қиындығы оған жақсы таныс. Бала кезінде өзі де анасымен бірге жалдамалы пәтерде тұрып, бір күні өз үйі болғанын армандаған.

“Осыдан бірнеше жыл бұрын анам екеуміз жалдамалы пәтерде тұрып жүргенде осы күндерді армандайтын едік. Қазір Аллаға шүкір. Құдай мүмкіндік беріп тұрғанда біз де бір отбасынын қуантып, арманын орындайық деп шештік. Себебі бала күнімде “өз баспанамыз болса екен” деген арманым болды. Бұл 5 жасар Садраддиннің үлкен арманы болды. Қазіргі заманда көпбалалы әрі жалғызбасты анаға жалдамалы пәтерде тұру деген өте ауыр. Енді Алланың қалауымен бір жанға пәтер сыйлағалы отырмыз”, – деді ол.

Садраддиннің таңдауы бес баланың анасы Әйгерім Асановаға түскен. Әйелдің сөзінше, денсаулығына байланысты қазір жұмыс істеуге мүмкіндігі жоқ.

“Мен Әйгерім Асанова, бес баланың анасымын. Маған бауыр циррозы диагнозы қойылды. Алдағы уақытта үлкен тексеруден өтемін. Дәрігерлер жұмысқа жарамсыз деген анықтама берді. Ішім жиі ісіп кетеді, оның нақты себебін дәрігерлер де біраз уақыт анықтай алмай жүрді. Күйеуіммен ажырасқаныма он жылдай болды. Алимент алмаймын”, – дейді ол.

Алайда Әйгерім өзін қандай тосынсый күтіп тұрғанын білмеген. Оны балаларын жаңа оқу жылына дайындап, мектепке қажетті киім-кешек алып беру үшін шақырған.

Кездесу кезінде Садраддин әйелден:

“Сіздерге киім керек, иә? Ал үй ше? Үй керек пе?” – деп сұрайды.

Осыдан кейін әнші оған жаңа баспананың кілтін табыстады.

Мұндай сыйлық күтпеген бес баланың анасы алғашында болған жағдайға сене алмай, кейін қуаныштан көз жасына ерік берді.

Еске салайық, бұған дейін блогер Садраддин Алматыдағы Орталық стадионда өткен Дженнифер Лопестің концертіне қатысқан еді. Алайда желі қолданушылары Садраддиннің өнерін сынға алып, “Жанды дауыста айта алмайды” деп сынаған еді. Артынша танымал әнші Айқын Төлепберген әріптесі Садраддинге қолдау білдірді.

Балнұр Рахматуллақызы
Сейсенбі, 11 Тамыз, 2026 16:05