Соңғы жаңалықтар
Соңғы жаңалықтар

"Үйіміз жоқ, жұмысымыз жоқ": Шымкентте көпбалалы аналар мектепте берілетін мемлекеттік көмектен қағылғанына шағымданды

мектепке жол
Фото: Видеодан скрин

Шымкентте "Мектепке жол" акциясы бойынша мемлекеттік көмектен қағылған көпбалалы аналар әкімдікке жиналды. Әйелдердің айтуынша, биыл өтініштердің басым бөлігіне бас тарту келген. Балаларын мектепке дайындауға ақшасы жетпейтінін айтқан аналар қала әкімінің қабылдауын талап етті. Бұл туралы Stan.kz ақпарат агенттігі хабарлайды.

Шымкентте әлеуметтік санатқа жататын балаларын мектепке орналастыруға келген ата-аналар әкімдікке шағымданды. Олардың айтуынша, өтініштердің басым бөлігіне бас тарту келіп жатыр. Аналардың сөзінше, мектеп формасына байланысты да қиындық көп, ал кейбір отбасылардың балалары бірнешеу болғандықтан, жағдайлары күрделі.

"Үйіміз жоқ, істейтін жұмысымыз жоқ. Ертең бұл кісілерде ақша болмаса, екі баламен не істейміз? Менің төрт балам бар, бәрі мектепке барады. Формамен келмесеңдер, келісімшарт жасамаймыз дейді. Біз форманы қайдан аламыз?" – деді аналардың бірі.

Тағы бір әйел өзінің өтінішіне де бас тарту келгенін көрсетіп "Менің атыма ештеңе жоқ. Міне, қабылданбады деп тұр" деп айтты.

Ата-аналар жауаптың қашан берілетінін сұрап, әкімшілікке күн сайын келіп жүргенін айтты.

"Он шақты анаға ғана жауап бересіздер. Қалған аналар ше? Келе алмай жүрген аналар қаншама. Олар не істейді? Күнде келеді, күнде өз ақшасын қалдырады бұл жерге", – деді әйелдердің бірі.

Әкімшілік өкілі ата-аналардан жазбаша арыз қалдыруды сұрап, Ұлттық білім беру деректер қорының базасы арқылы өтініштердің не себепті қабылданбағанын тексеріп, кейін жауап берілетінін айтты.

Әкімдік өтініштер базада тексерілетінін айтты

Шымкентте мектепке жол акциясы бойынша өтініштердің 95%-ына бас тарту келгенін айтқан ата-аналар әкімдікке жүгінді.

Шымкентте мектеп жасындағы балаларына мемлекеттен берілетін материалдық көмекті ала алмаған көпбалалы аналар әкімдікке келіп, қала әкімінің қабылдауын талап етті.

"Егер өтініш бойынша бас тарту туралы шешім шығарылса, бұл отбасының әлеуметтік санаты ақпараттық жүйедегі деректермен расталмағанын білдіреді. Өтініштер Qosymsha ақпараттық жүйесі арқылы автоматты түрде тексеріледі. Әлеуметтік санат тиісті базалардан расталмаған жағдайда, жүйе өтінішті қабылдамайды", – деп түсіндірді қалалық білім басқармасы.

Көпбалалы аналардың сөзінше, балаларын жаңа оқу жылына дайындауға қажетті киім-кешек пен оқу құралдарын алуға қаражаттары жетпейді.

Биыл бір балаға берілетін көмектің мөлшері шамамен 51 мың теңгені құрайды. Қалалық білім басқармасының мәліметінше, қазіргі уақытта 76 431 отбасыдан өтініш түскен.

Соның ішінде 46 580 өтінішке бас тартылған, тағы 20 950 өтініш қаралу үстінде. 587 адамға қаражат төленген, ал тағы 8 359 өтініш бойынша қаражат есептелген.

Білім басқармасының түсіндіруінше, өтінішке бас тарту отбасының әлеуметтік санаты ақпараттық базада расталмағанын білдіреді. Алайда аналар мұндай тәртіппен келіспейді. Олардың айтуынша, отбасыларының әлеуметтік жағдайы өзгермеген, бірақ биыл көмек ала алмай отыр.

Айым Атамбаева
Сейсенбі, 11 Тамыз, 2026 18:08