Екі қызметтен бірдей босатылған қазақстандық мұғалім сот арқылы қызметіне қайта келді
Жамбыл облысында мектептен жұмыстан шығарылған биология пәнінің мұғалімі медиация тәртібімен қызметіне қайта орналасты. Бұл туралы Stan.kz ақпарат агенттігі хабарлайды.
Іс материалдарына сәйкес, ол мектепте директордың оқу ісі жөніндегі орынбасары әрі биология пәнінің мұғалімі болып жұмыс істеген.
2026 жылғы сәуірде жұмыс берушінің бұйрығымен ол екі қызметінен де босатылған. Бұған аттестаттарды рәсімдеу кезінде міндеттер тиісінше орындалмады деген уәжбен жүргізілген қызметтік тексеру материалдары мен полиция органының ұсынуы негіз болған.
Алайда қызметкер мұнымен келіспеген. Ол анықталған заңбұзушылықтар жеткілікті дәлелдермен расталмады деп есептейді. Сондай-ақ ол аттестаттарды рәсімдеу жөніндегі комиссия төрағасының міндетін өзіне жүктеген бұйрықпен тиісті түрде таныстырылмағанын айтқан.
Бұдан бөлек, тексеру барысында анықталған жайттар оның директордың оқу ісі жөніндегі орынбасары ретіндегі жұмысына қатысты болған. Ал биология пәнінің мұғалімі ретінде өз міндеттерін бұзғаны анықталмаған. Ол педагогикалық қызметін жалғастырып, бұған дейін тәртіптік жаза алмаған.

Сотта істі қарау барысында тараптар судья-медиатордың қатысуымен өзара келісімге келді.
Келісімге сәйкес, мектеп қызметкерді 2026 жылғы тамыздан бастап биология пәнінің мұғалімі қызметіне аптасына 8 сағат жүктемемен қайта қабылдауға міндеттенді. Ал 1 қыркүйектен бастап оған 16 сағаттық толық жүктеме беріледі.
Сонымен қатар жұмыс беруші биология пәнінің мұғалімі қызметінен босату туралы бұйрықтың күшін жойып, қызметкерге амалсыз жұмыссыз жүрген уақыты үшін еңбекақы төлеуге келісті.
Сот тараптардың медиациялық келісімін бекітіп, іс бойынша өндірісті тоқтатты.
Еске салайық, бұған дейін жұмыстан босатылған қазақстандық мектеп директоры сот арқылы қызметіне қайта келгені хабарланған еді. Іс материалдарына сәйкес, жұмыс беруші оны еңбек міндеттерін қайталап орындамағаны үшін қызметінен босатқан. Алайда сот жұмыстан шығару кезінде заң талаптары сақталмағанын анықтады.
Осыған байланысты жұмыстан босату туралы бұйрық заңсыз деп танылды. Мектеп директоры бұрынғы қызметіне қайта орналастырылып, оған мәжбүрлі бос жүрген уақыты үшін жалақы және моральдық зиян өндірілді.
"Су ішер алдында "Бисмиллах" деп айт": Алматыдағы Urbo Coffee діни насихат жүргізді деп айыпталды