Түркістан облысында жұмыстан шығарылған мұғалім сот ғимаратында өзіне пышақ сұқты (видео)

Түркістан облысында жұмыстан шығарылған педагог сот ғимаратында өзіне қол жұмсамақ болды. Оқиға Ордабасы аудандық сотында әкімшілік қамауға алу туралы шешім жарияланғаннан кейін болған. Бұл туралы Stan.kz ақпарат агенттігі хабарлайды.
Алдын ала мәлімет бойынша, зардап шеккен азамат 24 жылдық еңбек өтілі бар мұғалім Х.Ерімбетов. Ол 2026 жылдың қаңтарында М.Х. Дулати атындағы мектеп әкімшілігінің шешімімен Еңбек кодексінің 52-бабы (Еңбек шартын жұмыс берушінің бастамасы бойынша бұзу негіздері) негізінде жұмыстан босатылған.
Педагог шешіммен келіспей, Түркістан облысының Еңбек инспекциясына шағым түсірген. Тексеру нәтижесінде жұмыс беруші тарапынан заң бұзушылықтар анықталып, мұғалімді бұрынғы қызметіне қайта алу туралы екі мәрте нұсқама берілген. Алайда мектеп басшылығы бұл талаптарды орындамаған.
Кейін мұғалім сотқа жүгінгенімен, еңбек дауына қатысты іс бес айға жуық уақыт қаралған. Осы уақыт ішінде алты баланың әкесі жұмыссыз қалып, банк шоттары бұғатталғаны айтылды.
Басылым мәліметінше, 28 мамырдағы сот отырысында педагог істі қарап жатқан судьяға қарсылық білдіріп, залдан шығып кеткен. Ал 3 маусымда сот оны сот талаптарын орындамағаны үшін бес тәулікке әкімшілік қамауға алу туралы шешім шығарған.
Үкім жарияланғаннан кейін ер адам өзіне пышақ жарақатын салған. Қазір ол Ордабасы аудандық орталық ауруханасында ем қабылдап жатыр.
Оқиға орнынан түсірілген видео әлеуметтік желілерде кеңінен тарады. Қоғам белсенділері Мемлекет басшысына үндеу жолдап, мұғалімнің ісіне әділ баға беруді және оның құқықтарының қорғалуын қамтамасыз етуді сұрады.
Әзірге оқиғаға қатысты ресми органдар түсініктеме берген жоқ.
Еске салайық, бұған дейін Қытайда инженер болып жұмыс істеген Ли есімді азамат дәретханаға жиі және ұзақ уақыт барғаны үшін жұмыстан шығарылған еді. Компания оның бір ай ішінде 14 рет дәретханаға шығып, әр жолы бір сағаттан астам уақыт өткізгенін мәлімдеген. Ал қызметкер мұны денсаулығындағы мәселемен түсіндірген. Істі қараған сот компанияның шешімін заңды деп танығанымен, қызметкердің ұйымға сіңірген еңбегін ескеріп, оған 30 мың юань (шамамен 2,2 млн теңге) көлемінде өтемақы төлеуді міндеттеген еді.
Қазақстандық әйел топтық зорлаудан кейін 17 жасында бала туған: Ол америкалық ата-ана асырап алған қызын іздеп жүр
Оқыңыз