Соңғы жаңалықтар
Соңғы жаңалықтар

Қазақстанда әуе билеттері тағы қымбаттады: Бағаға не әсер етіп жатыр?

билет
Фото: magnific.com

Қазақстанда әуе билеттерінің бағасы тағы өсті. Ұлттық статистика бюро мәліметінше, шілдеде әуе жолаушылар тасымалы қызметінің бағасы маусым айымен салыстырғанда 3% өскен. Бұл туралы Stan.kz ақпарат агенттігі хабарлайды. 

Бұл жыл басынан бері тіркелген алғашқы қымбатшылық емес. Ақпан айынан бері Қазақстанда тұтыну бағалары ай сайын өсіп келеді. Бағаның ең жоғары өсімі наурыз бен сәуірде байқалды. Осы кезеңде тұтыну бағаларының индексі тиісінше 107% және 105% болды.

Көктемнің соңы мен жаздың басында баға өсімі жалғасқанымен, оның қарқыны біршама бәсеңдеді. Соған қарамастан, елде әуе тасымалы бағасының жылдық өсімі жеделдеді. Мәселен, биыл шілдеде тұтыну бағаларының индексі 2025 жылдың шілде айымен салыстырғанда 111% болды.

Қазақстандағы әуе тасымалы соңғы жылдары қалай өзгерді?

Әуе билеттері қымбаттағанымен, ұшақпен сапарлайтын қазақстандықтардың саны азаймаған.

2020–2024 жылдары Қазақстанда әуе көлігімен жолаушы тасымалдау көлемі тұрақты өскен. Осы аралықта ұшақпен сапарлаған жолаушылар саны 6 миллионнан 14 миллионға дейін артқан. Ал  жолаушылардың ұшақпен жүріп өткен жалпы қашықтығы 9 миллиардтан 28 миллиард жолаушы-шақырымға дейін өскен.

Өсу үрдісі 2025 жылы және 2026 жылдың бірінші жартысында да жалғасты.

2026 жылдың қаңтар–маусым айларында тасымалданған жолаушылар саны 3% өсіп, 7 миллион адамға жетті. Ал жолаушылар айналымы 8% артып, 15 миллиард жолаушы-шақырым болды.

Ал әуе компаниялар табысының негізгі бөлігі, яғни  98%-ы жолаушылар тасымалынан, қалғаны жүк тасымалынан түскен.

Сонымен қатар табыстың жартысынан астамы халықаралық бағыттардан түскен.

Мәселен, өткен жылы жолаушылар тасымалынан түскен жалпы табыс 960 миллиард теңге болса, оның 579 миллиард теңгеден астамы, яғни шамамен 60%-ы халықаралық рейстерге тиесілі болған.

Ал  әуе компаниялар табысының шамамен 40%-ы Қазақстан ішіндегі рейстерге билет сатудан түскен.

Айта кетейік, бұған дейін Қазақстанда әуе рейстерін субсидиялау тәртібінің өзгеруіне байланысты арзан әуе билеттерін сату ережелері жаңаратыны туралы жазған едік.

Нұрила Жұмаділлә
Сейсенбі, 11 Тамыз, 2026 14:41