Қазақстанда арзан әуе билеттерін сату ережелері өзгерді
Қазақстанда әуе рейстерін субсидиялау тәртібінің өзгеруіне байланысты арзан әуе билеттерін сату ережелері жаңарады. Бұл туралы Stan.kz ақпарат агенттігі хабарлайды.
Үкімет қаулысына сәйкес, бұдан былай әуе тасымалдарын субсидиялау ресми түрде жеке кәсіпкерлікті мемлекеттік қолдау шарасы ретінде танылады. Бұл өзгеріске сәйкес, әуе компанияларына берілетін әрбір субсидия мемлекеттік бизнесті қолдау тізіліміне енгізілуі тиіс.
Тізілімді қаржы министрлігі бекітетін мемлекеттік тіркеуші жүргізеді.
Енді әуе компанияларының субсидия алу туралы өтінімдерін тексеру екі кезеңнен тұрады:
- бірінші кезеңде - салалық цифрлық жүйе құжаттардың дұрыс рәсімделгенін және ұсынылған құжаттардың толықтығын автоматты түрде тексереді;
- екінші кезеңде - мемлекеттік тіркеушінің ақпараттық жүйесі әуе тасымалдаушысының мемлекеттік қолдау алу үшін белгіленген талаптарға сәйкестігін бағалайды.
Субсидия алу үшін әуе тасымалдаушылары дербес деректерді, сондай-ақ заңмен қорғалатын құпияны құрайтын мәліметтерді жинауға, өңдеуге және беруге келісім беруге тиіс. Тексеру нәтижелері тікелей кәсіпкерлік мәселелері жөніндегі уәкілетті органға жіберіледі.
Жаңа өзгерістер әуе билеттерінің бағасына әсер етпейді. Жаңа ережелер тек әуе компанияларына субсидия беру тәртібіне қатысты.
Бұл ретте мемлекет бұрынғыдай тасымалдаушылардың тасымалдаудан түсетін кірісі мен пайдалану шығындары арасындағы айырманы өтейді. Сондай-ақ әуе компанияларын конкурстық негізде іріктеу тәртібі сақталады.
Еске салсақ, бұған дейін депутат Қазақстан ішіндегі әуе билеттеріне шекті тарифтер енгізуді ұсынған еді.
Жүргізушілер Алматы әуежайында жолаушыларды түсіргені үшін салынған айыппұлдарға шағымданды: Полиция не дейді?
