"Отбасы банк" қызметкерлері тұрғын үй кезегін сатып, құжаттарды қолдан жасап келген
"Отбасы банк" қауіпсіздік қызметі қызметкерлер арасында сыбайлас жемқорлық белгілері бар бірнеше деректі анықтады. Бұл туралы Stan.kz ақпарат агенттігі хабарлайды.
Бұл туралы банктің 2025 жылға арналған жылдық есебінде айтылған.
"2025 жылы банк қызметкерлері тарапынан сыбайлас жемқорлық сипатындағы бірқатар әрекет анықталды. Олар клиенттердің, риелторлардың, жеке сот орындаушылары мен нотариустардың мүддесін ілгерілету, сондай-ақ тұрғын үй алу кезегін жылжыту үшін заңсыз сыйақы алған", – делінген есепте.
Банк мәліметінше, анықталған деректерге қатысты аталмыш қызметкерлермен еңбек шарттары жұмыс берушінің бастамасымен, сенімнің жоғалуына байланысты бұзылған. Банк сондай-ақ қызметкерлерді қылмыстық жауапкершілікке тарту туралы құқық қорғау органдарына арыз жолдаған. Құқық қорғау органдары бірнеше қылмыстық іс бойынша сотқа дейінгі тергеу жүргізіп жатқан көрінеді.
Сонымен қатар қауіпсіздік қызметі табыс туралы жалған құжаттар жасау деректерін де анықтаған. Олардың көмегімен банктің төлем қабілеттілігіне қойылатын талаптарына сәйкес келмейтін клиенттер ипотекалық несие алып келген.
Жалпы 2025 жылы банкте алаяқтықтың сегіз дерегі тіркелген. Оның алтауы ішкі алаяқтық тәуекелі бар жағдайларға, ал тағы екеуі клиенттер мен үшінші тұлғалардың сыртқы алаяқтығына жатқызылған. Банктің бағалауынша, 2024 жылмен салыстырғанда мұндай жағдайлардың жалпы саны 64%-ға азайған.
Сонымен қатар 2025 жылдың қаңтарында банктен әскери қызметтегі азаматтардың арнайы шоттарындағы тұрғын үй төлемдерінің қалдығын шешіп алуға бірнеше рет әрекет жасалғаныны анықталған. Ол үшін әскери бөлімдерден немесе әскери құралымдардан жұмыстан шығарылғаны туралы жалған бұйрықтар, сондай-ақ жергілікті әскери басқару органдарында әскери есепке тұру үшін жолдама берілгені туралы анықтамалар пайдаланылған. Мұндай жағдайлар Қазақстанның әртүрлі өңірлерінде тіркелген.
Анықталған деректер бойынша банк құқық қорғау органдарына арыз жолдады. Сотқа дейінгі тергеу басталды.
2025 жылдың ақпанында банк тағы бір заңсыз схеманың жолын кесті. "Отбасы банктің" мәліметінше, оған риелторлар, нотариустар және жеке сот орындаушылары қатысқан.
"Заңсыз схемаға сәйкес, риелторлар тұрғын үй төлемдерін алушылар қатарындағы ипотекалық несие алғысы келетін, бірақ жеткілікті қаражаты жинақталмаған мемлекеттік қызметкерлерді іздеген. Содан кейін олар белгілі бір ақыға нарықтық 50/50 бағдарламасына қатысу үшін жетіспейтін соманы қарызға берген. Қарыз міндетті түрде нотариус арқылы рәсімделген. Қарыз шартында ақшаны қайтарудың барынша қысқа – бір күндік мерзімі белгіленген", – делінген есепте.
Ипотекалық несие берілгеннен кейін риелтор сол нотариусқа борышкерге қатысты атқарушылық жазба рәсімдетуге жүгінген. Кейін құжат белгілі бір жеке сот орындаушысына беріліп, ол инкассолық өкім шығарған. Сол кезде қолданыста болған заңнамаға сәйкес, банк клиенттің тұрғын үй жинақтарын кредитордың пайдасына есептен шығаруға міндетті болған.
Тек банктің бір филиалында 2024 жылы үш жеке сот орындаушысының инкассолық өкімдері негізінде осындай жолмен 3,267 миллиард теңге көлеміндегі тұрғын үй жинақтары есептен шығарылған.
Материалдар мемлекеттік және құқық қорғау органдарына жолданды. Банктің мәліметінше, қазіргі уақытта сотқа дейінгі тергеу жүргізіліп жатыр.
2025 жылдың жазында заңнамаға да өзгерістер енгізіліп, нотариустардың атқарушылық жазбалары мен жеке сот орындаушыларының әрекеттері арқылы тұрғын үй құрылыс жинақтарын бұғаттау және өндіріп алу мүмкіндігі шектелді.
Еске салсақ, бұған дейін Қазақстанда тұрғын үй кезегінің жаңа жүйесі іске қосылғаны туралы жазған едік.
Жүргізушілер Алматы әуежайында жолаушыларды түсіргені үшін салынған айыппұлдарға шағымданды: Полиция не дейді?
