Соңғы жаңалықтар
Соңғы жаңалықтар

Қазақстанда тұрғын үйге кезегінің жаңа жүйесі іске қосылды

тұрғын үй кезегі
Фото: magnific.com

Мемлекеттік тұрғын үй кезегінде тұрғандардың бәрі пәтерді кезек нөміріне қарай ала бермейді. Жеңілдік санаттары, отбасы құрамы мен өзге де факторлар басымдыққа әсер етеді. Сондай-ақ бала туу, мүгедектік алу немесе кәмелет жасына толу сияқты жағдайлар кезекке қалай ықпал ететіні көпшілікке түсініксіз.  Бұл туралы Stan.kz ақпарат агенттігі krisha.kz сайтына сілтеме жасап хабарлайды.

Тұрғын үй кезегі деген не?

Тұрғын үй кезегі мемлекеттен тұрғын үй көмегіне мұқтаж азаматтардың тізімі. Кезекте тұрғандар:

  • тұрғын үйді жалдау үшін субсидия; 
  • жалдамалы пәтер; 
  • 2%, 5% немесе 7–9% мөлшерлемемен жеңілдетілген ипотека алуға үміткер бола алады. 

Кезекті кім жүргізеді?

Бұрын тұрғын үй кезегін әкімдіктер жүргізген. 2025 жылдың мамыр айынан бастап бұл қызмет толықтай Отбасы банкке берілді.

Өтініш беруші:

  • Қазақстан азаматы болуы тиіс; 
  • соңғы бес жылда өзінің және отбасы мүшелерінің атында тұрғын үй болмауы керек (апатты деп танылған баспана бұл талапқа кірмейді); 
  • тұрақты тіркеуі болуы қажет. Астана, Алматы және Шымкент қалаларында кемінде үш жыл тіркеуде тұру талап етіледі. Басқа өңірлерде тіркеу мерзімі маңызды емес. 

Кезекке қалай тұруға болады?

Өтініш онлайн түрде қабылданады:

  1. ЭЦҚ арқылы orken.otbasybank.kz сайтына кіріңіз; 
  2. Өтінімді толтырыңыз; 
  3. 1414 нөмірінен келген SMS арқылы растаңыз. 

Жүйе талаптарға сәйкестікті автоматты түрде тексереді. Өтінімдер тәулік бойы қабылданады.

Отбасылық жағдай өзгерген кезде (неке қию, бала туу және т.б.) деректерді жаңартып, түгендеуден (инвентаризациядан) өту қажет.

Жетім балалар қай жасқа дейін кезекке тұра алады?

Жетім балалар тұрғын үй кезегіне 29 жасқа дейін тұруы тиіс. Егер азамат осы жасқа дейін кезекке тіркелсе, кейін де баспана алу құқығын сақтайды.
Сондай-ақ жетім балалар 29 жасқа дейін кезектегі орнын жоғалтпай басқа өңірге ауыса алады. Мұндай мүмкіндік тек осы санатқа берілген.

 Бала 18 жасқа толса, отбасы кезектен шығарыла ма?

Жоқ. Баланың кәмелет жасына толуы ата-ананың кезегіне әсер етпейді. Отбасы кезекте қала береді. Ал кәмелетке толған бала талаптарға сәйкес келсе, өз атынан жеке кезекке тұра алады.

Балаға мүгедектік белгіленген сәттен бастап кезекке қоюға болады. Өтінішті ата-анасы, қамқоршысы немесе қорғаншысы береді. Отбасы неғұрлым ертерек тіркелсе, кезектің жүруі де соғұрлым тез басталады.

Мүгедектігі бар азаматтың кезегі 18 жастан кейін сақтала ма?

Иә. Егер 18 жастан кейін І немесе ІІ топ мүгедектігі белгіленсе, тұрғын үй кезегі сақталады. Бұл үшін деректерді уақытылы жаңартып, orken.otbasybank.kz жүйесі арқылы түгендеуден өтіп отыру маңызды.

Қамқоршының үйі болса, қамқорлығындағы бала кезекке тұра ала ма?

Иә. Ең бастысы – қамқорлықтағы баланың өз атында соңғы бес жылда тұрғын үй болмауы тиіс. Қамқоршының ипотекасы немесе жеке баспанасының болуы баланы кезекке қоюға кедергі келтірмейді. Көпбалалы ана кезегінде тұрмын. Мүгедектігі бар бала дүниеге келсе, кезегім жойыла ма? Жоқ. Кезек сақталады. Керісінше, отбасы қосымша жеңілдік санатына кіру мүмкіндігіне ие болады. Ол үшін сайт арқылы деректерді жаңартып, түгендеуден өту қажет.

Неліктен кейін тұрған адам пәтерді ертерек алуы мүмкін?

Өйткені тұрғын үй бөлу кезінде тек кезекке тұрған күн ғана есепке алынбайды.

Мыналар да ескеріледі:

  • өтініш берушінің санаты; 
  • отбасы құрамы; 
  • табыс деңгейі; 
  • бөлінетін тұрғын үй қорының ерекшелігі. 

Мемлекеттік тұрғын үйлердің шамамен 70%-ы жеңілдік санаттарына беріледі. Олардың қатарында:

  • көпбалалы отбасылар; 
  • жетім балалар; 
  • мүгедектігі бар азаматтар; 
  • ардагерлер; 
  • әлеуметтік осал топтардың басқа да өкілдері бар. 

Сондықтан жеңілдік мәртебесі бар азаматтар кезекке кейінірек тұрса да, баспанаға ертерек қол жеткізуі мүмкін. Жалдамалы тұрғын үй бөлінгені туралы

SMS келсе не істеу керек?

Мұндай жағдайда 5 жұмыс күні ішінде Baspana Market жүйесіндегі жеке кабинетке кіріп:

  • ұсынылған тұрғын үйді растау; 
  • немесе одан бас тарту қажет. 

Егер көрсетілген мерзімде жауап берілмесе, өтінімнің күші жойылады. Алайда азамат тұрғын үй кезегінен шығарылмайды және келесі бөлу кезеңіне қатыса алады.

Еске салайық, бұған дейін Қазақстанда азаматтарды тұрғылықты жері бойынша тіркеудің бірыңғай нормасын енгізу ұсынылды. Ұсынысқа сәйкес, бір адамға кемінде 15 шаршы метр тұрғын алаң қарастырылуға тиіс. Бір пәтерге тіркелетін адам санына қатысты шектеу тек Астана қаласында қолданылады. Ережеге сәйкес, әр адамға кемінде 15 шаршы метр тұрғын алаң қарастырылуы қажет. Егер бұл норма сақталмаса, тіркеуге рұқсат берілмейді. Билік бұл талапты елдің барлық өңірлеріне енгізуді ұсынып отыр. Мұндай шара жалған тіркеудің алдын алып, көші-қонды реттеуге бағытталған.

Айым Атамбаева
Сәрсенбі, 24 Маусым, 2026 11:40