Банк 11 жасар қазақстандық қыздан анасының қарызын төлеуді талап етті: Бала пәтерінен айырылып қалуы мүмкін

Петропавлда даулы сот процесі басталды. Мұнда коммерциялық банк 11 жастағы жетім қыздан марқұм анасының 90 мың теңге көлеміндегі несиесін өтеуді талап етіп отыр. Бұл туралы Stan.kz ақпарат агенттігі хабарлайды.
5-сынып оқушысының анасы бір жыл бұрын инфаркттан қайтыс болған. Артында өтелмеген тұтынушылық несиесі қалған. Соның салдарынан кәмелетке толмаған қыз сот дауына тартылып отыр.
Оқушы сот отырыстарына қатыспайды. Оның мүддесін туған әпкесі әрі қамқоршысы Зинаида М қорғап жүр.
"Бұл несие тұтынушылық мақсатта алынған. Ал сіздер әрекетке қабілетсіз кәмелетке толмаған баланың мүлкіне тыйым салуды сұрап отырсыздар. Несие кепілмен рәсімделмеген, бұл ипотека емес. Мен үшін 90 мың теңге қомақты ақша", – деді қамқоршысы сотта.
Өз кезегінде қаржы ұйымының өкілі Асель Есентаева қарыз алушы қайтыс болғаннан кейін банк жеңілдік жасағанын айтты.
Оның сөзінше, банк мерзімі өткен төлемдер үшін есептелген барлық өсімпұлдарды толықтай кешірген. Қаржы ұйымы тек негізгі қарыз сомасын ғана өндіріп алуды талап етіп отыр.
Қазір іс соттың қарауында. Қыздың туыстары алаңдаушылық білдіріп, бұл талап-арыздың салдарынан баланың жалғыз баспанасынан айырылып қалу қаупі бар екенін айтып отыр.
Еске салайық, бұған дейін сенатор Андрей Лукин Қазақстанда жетім балаларды баспанамен қамтамасыз ету кезінде көптеген заңбұзушылықтар бар екенін мәлімдеген еді. Оның айтуынша, тұрғын үй кезегінде 60,9 мыңнан астам жетім бала тұрса да, соңғы жылдары берілген 60 мыңға жуық пәтердің небәрі 7 мыңы ғана осы санатқа тиесілі болған.
Алматы облысында туғанына 5 күн болған сәби көз жұмды: Туыстары дәрігерлерді нәрестені жерге құлатып алды деп айыптады
Оқыңыз