Соңғы жаңалықтар
Соңғы жаңалықтар

Қазақстанның барлық өңірінде бір тұрғын үйге тіркеуге болатын адам санына шектеу енгізу ұсынылды

Үй және құжатФото: depositphotos.com

Қазақстанда азаматтарды тұрғылықты жері бойынша тіркеудің бірыңғай нормасын енгізу ұсынылды. Ұсынысқа сәйкес бір адамға кемінде 15 шаршы метр тұрғын алаң қарастырылуы тиіс. Бұл туралы Stan.kz ақпарат агенттігі хабарлайды. 

Әзірге мұндай шектеу тек Астанада ғана қолданылады, алайда ішкі істер министрлігі оны елдің барлық өңірлеріне енгізуді ұсынды.

Бұл мәселе премьер-министр Олжас Бектеновтің төрағалығымен өткен құқық бұзушылықтардың алдын алу жөніндегі комиссия отырысында қаралды. Негізгі назар көші-қон жағдайы мен жалған тіркеу мәселесіне аударылды.

Мемлекеттік органдардың мәліметінше, ең өзекті мәселелердің бірі – пәтерлерде азаматтардың жаппай жалған тіркелуі. Билік өкілдері талаптарды күшейтуді қажет деп санайды, соның ішінде белгіленген алаң нормалары бұзылған жағдайда тіркеуден бас тарту құқығын енгізу мәселесі қарастырылуда.

Үкіметте жыл сайын шамамен 8 мыңға жуық тұрғын үй иесінің бөгде адамдарға жалған тіркеу рәсімдейтіні анықталатыны атап өтілді.

Қазір үйдің жан басына шаққандағы тұрғын алаңы бойынша шектеу тек Астанада қолданылады. Қолданыстағы ережелерге сәйкес, бір адамға 15 шаршы метрден аз тұрғын алаң тиесілі болса, тіркеуге рұқсат етілмейді.

Билік осы шектеуді елдің басқа өңірлерінде де енгізуді ұсынып отыр, бұл арқылы аймақтар арасындағы айырмашылықтарды жою көзделеді. Сонымен қатар бұл шектеулер бір отбасы мүшелеріне қолданылмайтыны нақтыланды, бұл бақылау мен әлеуметтік кепілдіктер арасындағы тепе-теңдікті сақтауға мүмкіндік береді.

Сондай-ақ отырыста барак типтес жалға берілетін тұрғын үйлердің бақылаусыз жұмыс істеуі мәселесі көтерілді. Жауапты орган өкілдері мұндай нысандардың ресми түрде тұрғын үй ретінде тіркелгенімен, іс жүзінде жатақхана ретінде пайдаланылатынын атап өтті.

"Өңір әкімдеріне жалға берілетін барак типтес нысандарда тәртіп орнату және жылжымайтын мүлік нысандарының тіркеу кодтарын тексеру тапсырылды", – делінген үкімет хабарламасында.

Еске салсақ, бұған дейін Астанада пәтерге тіркеуге шектеу бекітілгені туралы жазған едік.

Дана Русланқызы
Дүйсенбі, 20 Сәуір, 2026 22:14