Алматылық такси жүргізушілері жаппай айыппұлдарға байланысты әуежайға барудан бас тартып жатыр: Полиция мәлімдеме жасады
Алматы әуежайының екінші қабатына көтеріліп, жолаушыны түсіріп кеткен жүргізушіге бір аптадан кейін айыппұл келген. Жүргізушілер жолаушыларды түсіруге болмаса екінші қабатты көліктерге не үшін ашып қойғанын түсінбей дал. Бұл туралы Stan.kz ақпарат агенттігі хабарлайды.
Желі қолданушысының айтуынша, 7 тамыз күні ол әпкесін шығарып салу үшін әуежайдың жаңа халықаралық терминалының екінші қабатына көтерілген.
“Кіре берістің алдына жүкті түсірген соң бірден жүріп кеткен. Алайда араға бір апта салып, маған 21 мың теңге көлемінде айыппұл келді. Екінші қабат жолаушыны жүгімен бірге түсіруге арналған аймақ емес пе? Ол жерде көлік қоятын арнайы тұрақ та жоқ. Алматы қаласы полиция департаменті, егер екінші қабатта тоқтауға болмайтын болса, оған көлікпен кіріп-шығудың қажеті не”, – делінген жазбада.
Әлеуметтік желілерде басқа да ақпарат тараған.
"Алматылық такси жүргізушілері әуежайға бойкот жариялап, жолаушыларды ол жаққа жаппай апарудан бас тартып жатыр. Жүргізушілердің айтуынша, олар жолаушыларды әкеліп, түсіру үшін кіреберіс маңында небәрі екі минуттай тоқтайды. Алайда артынша оларға дұрыс емес тұраққа қойғаны үшін 21 мың теңге көлемінде айыппұл салынады. Такси жүргізушілерінің сөзінше, мұндай айыппұлды қазірдің өзінде жүздеген жүргізуші алған. Наразылық ретінде олар әуежайға тапсырыс қабылдаудан жаппай бас тартып, жолаушыларды түсіру кезінде кезекті айыппұл алудан қауіптенетінін айтып жатыр", – делінген хабарламада.
Осы тұста Stan.kz редакциясы Алматы полиция департаментіне сұрау салды. Ведомство “әуежай аумағында жолаушы түсіргені үшін такси жүргізушілеріне айыппұл салынады” деген ақпараттың шындыққа жанаспайтынын мәлімдеді.
“Бұл – нақты жағдайды бұрмалау. Әуежай аумағының жекелеген учаскелерінде 3.28 "Тоқтауға тыйым салынады" жол белгілері орнатылған. Сонымен қатар жолаушыларды түсіруге арналған, тиісті жол белгілерімен белгіленген арнайы орындар қарастырылған. Жол қозғалысы ережелеріне сәйкес, жолаушыны отырғызу немесе түсіру үшін көлікті қысқа уақытқа тоқтатуға, соның ішінде көлік қоюға тыйым салынған аймақтар да, егер ЖҚЕ талаптары сақталса және тоқтау белгіленген уақыттан аспаса, рұқсат етіледі”, – деп жауап берді қала полициясы.
Ведомство мәліметінше, жолаушыны түсіру үшін көлікті аз уақытқа тоқтатудың өзі әкімшілік жауапкершілікке тартуға негіз емес.
Алайда жүргізуші жол белгілерінің талаптарын немесе ЖҚЕ-нің басқа да талаптарын бұзған жағдайда, ол заңда белгіленген тәртіппен жауапкершілікке тартылатынын ескертті. Сондай-ақ егер жүргізуші шығарылған қаулымен келіспесе, оны заңнамада белгіленген тәртіппен шағымдануға құқылы екенін атап өтті.

Бұдан бөлек, әлеуметтік желі қолданушысы бір күн бұрын жариялаған видеожазбада көп жүргізушілерге айыппұл келетін жерді көрсетті. Сондай-ақ онда тұрған белгінің мүлде тоқтауға болмайтынын білдіретінін айтқан еді.
“Мына белгіден кейін тоқтауға да, көлік қоюға да тыйым салынған. Бұл талап анау тұрған белгіге дейін күшінде. Мына жерде жолаушыларды түсіретін арнайы орын бар. Анау белгіден кейін көлікті тоқтатып, жолаушыны түсіре аласыздар. Ал осы белгіден кейін жол ережесін бұзған жағдайда, анау тұрған бейнебақылау камералары сізді тіркейді. Бұл — халықаралық терминал. Ал ішкі рейстерге арналған терминалда мына белгі тұрған жерден көлікті тоқтатып, жолаушыларды түсіре аласыздар”, – деді блогер.
Алайда кейін ондағы белгілердің ауыстырылғанын айтып, сүйіншіледі.
“Бұған дейін мұнда тоқтауға тыйым салатын белгі тұрған еді. Енді оның орнына “жолаушыларды 5 минутқа дейін түсіруге рұқсат беретін” белгі қойылған. Мынау – бұрынғы белгі, ал мынау – жаңа белгі. Достар, бұл өте жақсы жаңалық. Енді көлікті тоқтатып, жолаушыларды түсіре аламыз және бұл үшін айыппұл салынбауы керек”, – дейді желі қолданушысы.

Блогер жүргізушілерді жаңа жол белгілеріне сәйкес 5 минуттан артық тоқтамау керегін айтып, ескертті.
Алматылық такси жүргізушілері жаппай айыппұлдарға байланысты әуежайға барудан бас тартып жатыр: Полиция мәлімдеме жасады