Соңғы жаңалықтар
Соңғы жаңалықтар

Қапшағайға демалуға барған қазақстандықтар 3 iPhone-ын ұрлатып, олардың кейін Алматыдағы сауда орталығында сатылғанын білді

телефон ұрлығы
Фото: magnific.com

Әлеуметтік желіде 25 жастағы Асдияр есімді жігіттің інісі мен оның достары Қапшағай жағажайында демалып жүргенде үш iPhone телефоны ұрланғанын айтып, полицияның әрекетіне шағымданды. Жәбірленушілердің сөзінше, олар ұрланған телефондардың бірінің орналасқан жерін "Локатор" арқылы анықтап, оның Алматыдағы "Жасыл базар" аумағындағы бутиктердің бірінде тұрғанын білген. Бұл туралы Stan.kz ақпарат агенттігі хабарлайды.

Автордың айтуынша, оқиға Жайлау жағажайында болған. Жігіттер суға шомылып жүрген кезде үш iPhone ұрланған, ал Android телефондарына тиіспеген.

"Кейін біз телефонның орналасқан жерін локатор арқылы таптық. Ол Жасыл базардағы (Мегатау) бір бутикті көрсетіп тұр. Ол жерде шамамен 20 шақты бутик бар. 102-ге қоңырау шалдық, учаскелік полиция қызметкері келді. Бірақ ол еш көмектесе алмайтынын айтып, Медеу аудандық полиция басқармасына жіберді", – деп жазды Асдияр.

Оның сөзінше, полиция бөлімінде арыз бен түсініктеме жазылған. Алайда жәбірленушілер істің әрі қарай қалай қаралатынына күмән келтіріп отыр.

"Біз телефонның қосулы екенін және нақты бір бутикте тұрғанын көріп отырмыз. Неге полиция, жедел уәкілдер немесе тергеушілер барып, ең болмағанда іздеп көрмейді? Неге Мегатауды жаппайды? Ол жерде ұрланған телефондардың 90 пайызы болуы мүмкін", – деп наразылығын білдірді автор.

Алматы облысы полиция департаменті осы жағдайға қатысты түсініктеме берді.

"Арыз тіркелген. Бірақ әзірге қылмысты ашуға мүмкіндік беретін нақты деректер жоқ. Жалпы, сол жерде жаз бойы ұрлық фактілері көп тіркеледі. Кейбір адамдар телефонын жоғалтып алғанын біледі де, полицияға жүгінбейді, іздемейді де", – деп жауап берді Алматы облысы полиция департаменті.

Жазба иесі полицияның телефондарды IMEI арқылы анықтап, ұрлыққа қатысы бар адамдарды жауапқа тартуға мүмкіндігі бар-жоғын да сұраған.

Жазбаға пікір білдірген оқырмандардың бірі телефонды табуға мүмкіндік бар екенін айтып, өзінің жағдайын мысалға келтірген.

"Бір кездері телефонымды жөндеуге берген едім. Оларға негізгі платаны ауыстырған. Бір аптадан кейін үйіме ұрланған телефонға қатысты полиция келді. Сөйтсем, орнатылған негізгі плата ұрланған iPhone-нан алынған екен. Демек, іздегісі келсе, табады. Тек ниет болса болғаны", – деп жазды оқырман.

Тағы бір қолданушы да осындай жағдайға тап болғанын айтты.

"Менде де дәл осындай жағдай болды. Жөндеуден кейін бір апта өткен соң үйіме полиция келді. Бірақ менің телефонымның қорабы сақтаулы еді. Жөндеу жұмыстарын қай жерде жасатқанымды және нақты мекенжайын айттым. Содан кейін мені мазаламады", – деді ол.

Осы пікірден кейін тағы бір оқырман телефонның қорабын сақтап жүру керегін айтқан.

Ал кейбір қолданушылар ұрланған телефондардың кейін басқа адамдардың қолында қолданылып жүргенін жазды. Бір әйел әпкесінің телефоны ұрланғанын, полиция оны таба алмағанын айтқан. Оның сөзінше, біраз уақыттан кейін құрылғыдағы iCloud бұғаттауы алынып, телефонды басқа адам пайдалана бастаған. Ол тіпті құрылғыдан полиция формасындағы адамның және оның отбасының суреттері шыққанын жазды.

"Мүмкін, олар ұрлық жасайтындармен бірге жұмыс істейтін шығар?" – деп күмән келтірді оқырман.

Айым Атамбаева
Дүйсенбі, 10 Тамыз, 2026 16:29