Хлор мен уксусты араластырып ыдыс жуған қазақстандық әйел ауруханадан бір-ақ шықты
Қазанды хлор мен уксус араластырып жуған қазақстандық әйел ауруханадан бір-ақ шықты. Айтуынша, ыдысын ағартамын деген ол химиялық қоспадан уланып қалған. Көпшілік аса мән бермейтін мұндай жуғыш заттардың қауіпі қандай? Stan.kz тілшісі маманан химиялық жуғыш заттардың зияны мен олардан уланған жағдайда не істеу керегін сұрап білді.
Қазақстандық әйел ауруханда жатқан видеосын желіге жариялады. Оның шағымы көпшілікті ойландырып қойды.
“Қазанның сыртын уксус пен хлор араластырып жуғаннан кейін бір өлімнен аман қалдым. Өте қауіпті”, – деп жазды ол.
Желі жұртшылығы күнделікті өмірде көпшілік елей бермейтін осындай тазалық жұмыстарының қауіпі туралы талқылады.
“Май кетіргіш құрал, ағартатын құрал және хлор үшеуін араластырып пысықтығым ұстаған. Менің де осылай жүрегім айнып, басым ауырып, әлім кетіп ауырдым”, “Мен де ағартатын құралмен моншаны жуамын. Бүгін ас үйді де май кетіргіш құралмен тазалап едім. Екеуінің де иісі масқара болды. Қазір мына видеоны көріп мен де сәл-ақ қалыппын ғой деп жатырмын”, “Мен де бірде уксус құйып, еден жудым. Кішкене көпірсін деп оған тазартқыш құрал қостым. Сөйтіп еден жуып жатып тұншыға бастадым. Тастап басқа бөлмеге шықтым. Болғасын сүрткішті шайқап жатқанда ана иіс бүкіл тыныс алу жолдарымды күйдірді. Ауа жұтқан сайын мұрын қуысым ауырып, ашып кетті”, “Химикаттарды мүлде бір-бірімен араластыруға болмайды. Бұл басты ереже, қаптамасында да солай жазылады”, – деп бөлісті жұртшылық.
@almassqyzy ең бірінші Аллаға шүкір содан кейін жедел жәрдемге алғысым шексіз бірден келіп оттекпен демалдырып көмектескендері үшін #отравления #инстоксикация #химическоеотравление #улану ♬ original sound - mia
“Ең жиі қауіп төндіретін химиялық құралдар қандай?”
Токсиколог Ерлан Оңғарбектің айтуынша, көп адам тазалық жұмыстарына пайдаланатын қоспалардың қаупіне аса мән бермейді.
“Әр тазартқыш құралдың құрамында әр түрлі белсенді химиялық зат болады. Олар өзара әрекеттескен кезде улы газ немесе адам денсаулығына қауіпті химиялық қосылыс түзіледі. Өкінішке қарай, кейбір үй шаруасындағы адамдар тазалау тиімді болады деп, әр түрлі химиялық заттарды араластырып, бірге қолданып жатады. Әсіресе сұйық және ұнтақ түріндегі хлорлы ағартқыштарды, ванна, әжетхана және асүйге арналған тазартқыштарды бірге қолданатын жағдайлар кездеседі. Бұл өте қауіпті. Егер әр түрлі құрал пайдалану қажет болса, алдымен қолданылған затты сумен толық шайып, содан кейін ғана келесі құралды қолданған жөн. Сонымен қатар әр өнімнің заттаңбасындағы нұсқаулықты міндетті түрде оқып шығу қажет”, – деді маман.
Дәрігердің айтуынша, ең жиі қауіп төндіретін құралдарға:
- құрамында хлор бар ағартқыштар;
- май кетіргіштер;
- дәретхана тазартқыштары;
- қышқылды және сілтілі тазалау құралдары жатады.
“Жеке тәжірибемде, тұрмыстық химиялық заттарды дұрыс пайдаланбаудың салдарынан уланған пациенттердің түскені есімде. Әсіресе адамдар бірнеше тазартқыш құралды араластырып қолданғаннан немесе оларды желдетілмейтін бөлмеде ұзақ уақыт пайдаланғаннан кейін өзін жайсыз сезініп, медициналық көмекке жүгінеді. Сондықтан мұндай заттарды араластырмай, тек пайдалану нұсқаулығына сәйкес қолданған дұрыс”, – деп қосты ол.
“Азелитті құрамында хлоры бар ағартқышпен қосса улы бу мен газ бөлінеді”
Осы тұста Ерлан Оңғарбек көпшілік қолданатын Азелит сияқты өнімдерді қолданғанда өте мұқият болу керек екенін ескертті.
“Азелит сияқты күшті сілтілі май кетіргіштерді құрамында хлор бар ағартқыштармен, қышқылды тазартқыштармен, аммиак ерітінділерімен немесе басқа тұрмыстық химиялық заттармен араластыруға болмайды. Мұндай әрекет улы бу немесе газдың бөлінуіне әкеліп, тыныс алу жолдарын ауыр зақымдауы мүмкін. Тағы бір маңызды мәселе – кейбір адамдар Азелит сияқты құралдарды ыдыс жууға да пайдаланады. Бұл дұрыс емес. Егер химиялық зат ыдыстан толық шайылмаса, оның қалдығы ауыз қуысының, өңештің және асқазанның химиялық күйігін тудырады. Сондықтан мұндай құралды тек өз мақсатына сай қолданып, пайдаланғаннан кейін өңделген бетті немесе ыдысты бірнеше рет таза сумен мұқият шаю қажет. Бұл барлық химиялық жуғыш заттарға қатысты. Қолданғаннан кейін жақсылап шайып жуу керек. Оның үстіне құрамында хлор бар кез келген құралды басқа химиялық заттармен араластыру өте қауіпті. Әсіресе қышқылды тазартқыштармен бірге қолданғанда улы хлор газы бөлініп, ауыр улануға әкеледі”, – деп түсіндірді ол.
Осы тұста маман жуғыш заттарды қолданғанда мына қауіпсіздік әрекеттерін ұстануға кеңес берді:
- Тұрмыстық химиялық заттарды балалардың қолы жетпейтін, құрғақ әрі салқын жерде, өз қаптамасында сақтау керек;
- Оларды басқа сусын немесе тағам құтыларына құйып сақтауға болмайды. Бұл кездейсоқ улануға себеп болуы мүмкін;
- Тазалау кезінде қорғаныш қолғап киген дұрыс;
- Егер өткір иісті немесе булануы жоғары химиялық заттар қолданылса, бөлмені жақсы желдетіп, қажет болған жағдайда қорғаныш бетпердесін пайдаланған жөн;
- Химиялық заттардың теріге, көзге және тыныс алу жолдарына түсуінен сақтану қажет”.

“Химиялық пневмонит, өкпенің ісінуі, бауыр мен бүйрек зақымдануы өмірге қауіпті”
Маман химиялық күйік алған жағдайда бірден таза су мен таза ауа маңызды екенін алға тартты. Ал жағдай ауырласа дәрігерлердің көмегіне жүгіну керек.
“Химиялық уланудың алғашқы белгілеріне көздің жасаурауы, мұрын мен тамақтың ашуы, жөтел, тыныстың тарылуы, бас айналу, жүрек айну, құсу, әлсіздік, терінің қызаруы немесе күйдіру сезімі жатады. Егер химиялық заттың буымен уланса, адамды дереу таза ауаға шығару қажет. Ал химиялық зат теріге немесе көзге тисе, зақымданған жерді кемінде 15-20 минут таза ағын сумен шаю керек. Егер тұрмыстық химиялық зат ішке түсіп кетсе, оны өз бетінше қышқылмен немесе басқа затпен "бейтараптандыруға" болмайды. Тазартқыш құралдардың көпшілігінің құрамында күшті сілтілер болады. Оларды қышқылмен бейтараптандыруға тырысу химиялық реакцияны күшейтіп, өңеш пен асқазанның зақымдануын одан әрі ауырлатуы мүмкін. Сондай-ақ халық арасында айтылатын немесе қоғамдық тамақтану орындарында қолданылатын "құстырып жіберу", "сүт ішкізу", "сірке суын беру" сияқты әдістерді қолдануға болмайды. Мұндай жағдайда уақыт жоғалтпай жедел жәрдем шақыру қажет. Сонда науқастың жағдайына қарай қажетті ем көрсетіліп, қажет болған жағдайда асқазанды арнайы "зонд" арқылы шаю мәселесі дәрігердің бақылауымен шешіледі”, – деп ескертті дәрігер.
Ерлан Оңғарбек қорытындылай келе көпшілік аса мән бере қоймайтын химиялық уланудың адам ағзасына өте қауіпті екенін алға тартты.
“Улы бу тыныс алу жолдарының химиялық күйігіне, өкпенің зақымдануына, химиялық пневмонитке немесе өкпе ісінуіне әкелуі мүмкін. Ал қышқылдар мен күшті сілтілер өңеш пен асқазанның ауыр химиялық күйігін туғызады. Кейбір жағдайда бауыр мен бүйрек зақымданып, тыныс жеткіліксіздігі дамуы немесе өмірге қауіп төндіретін басқа да асқыну болуы мүмкін. Сондықтан тұрмыстық химиялық заттарды қауіпсіз пайдалану өте маңызды”, – деп қорытты ол.
Хлор мен уксусты араластырып ыдыс жуған қазақстандық әйел ауруханадан бір-ақ шықты