Соңғы жаңалықтар
Соңғы жаңалықтар

"Өзгелер ішпесін деп": Қырғызстандықтар ішімдікті сатып алып, төгіп жатыр

Қырғызстандықтар ішімдікті төгіп жатыр
Фото: Видеодан скриншот

Қырғызстанда ішімдікке қарсы ерекше челлендж кең тарап келеді. Оған қатысушылар дүкендерден арақ, сыра, шарап пен виски сатып алып, бөтелкені сол жерде ашып, ішіндегісін төгіп тастайды. Белсенділер осылайша алкогольдің ең болмағанда бір бөлігі басқа адамдардың қолына түспейді деп есептейді. Бұл туралы Stan.kz ақпарат агенттігі хабарлайды.

Әлеуметтік желілерде ішімдікті “жою” сәттері түсірілген видеолар көбейді.

Бұл бастама желідегі жұртты екіге бөлді. Бірі мұндай әрекетті қолдап, алкогольді отбасындағы жанжал, зорлық-зомбылық пен басқа да келеңсіздіктердің себептерінің бірі деп санайды. Ал енді бірі тауар бәрібір сатып алынған соң, өндіруші мен сатушы ақшасын алып қоятынын айтып, мұндай бастаманың тиімділігіне күмән келтірді.

Челлендж қалай басталды?

Бұл бастаманың шығуына күтпеген жағдай себеп болған.

Бішкекте Керим Жунушов есімді кәсіпкердің шағын азық-түлік дүкені сүрілетін нысандардың қатарына кірген. Қолындағы тауарын өткізе алмай, шығынға батпау үшін ол әлеуметтік желідегі оқырмандарынан қалған өнімдерді сатып алуға көмектесуін сұрайды.

Көпшілік өтінішке үн қосып, дүкендегі тауарларды ала бастаған. Бірі балмұздақ сатып алса, екіншісі консерві мен піспенан алған.

Біраз уақыттан кейін оқырмандар дүкенде қалған ішімдікті де сатып алып, бірақ оны ішпей, төгіп тастауды ұсынған.

Кәсіпкердің айтуынша, оған адамдар “арақты неге өзің төгіп тастамайсың?” деп жиі жазған.

“Мен оларға “Онда несиемді қалай жабамын? Бұл тауарларды қарыз ақшаға алғанмын ғой” дедім. Сонда бір адам алкогольді жою үшін сатып алуды ұсынды. Әрине, келістім”, – дейді Жунушов.

Осылайша қарапайым сауда біртіндеп ішімдікке қарсы челленджге айналған.

Мыңдаған сомға сатып алынған ішімдікті бірден төгіп тастайды

Кейін әлеуметтік желілерде адамдардың алкогольге ақша төлеп, артынша оны үлкен ыдыстарға төгіп жатқан видеолары тарай бастады.

Челленджге қатысушылардың бірі 6 мың сомға, яғни 32 мың теңгеден астам ақшаға ішімдік сатып алған.

Тағы бір жағдайда мұсылман әйел дүкен иесіне 10 мың сом, шамамен 53,5 мың теңге аударып, сол ақшаға арақ сатып алып, түгел төгіп тастауды өтінген.

Ол мұндай қадамға баруын алкогольдің отбасындағы ұрыс-керіс, жанжал мен түрлі қайғылы жағдайларға себеп деп түсіндірген. Кейбір қырғызстандықтар кәсіпкерге ақша аударып, сол сомаға алынған ішімдікті жоюды сұраған. Мұндай жағдайда тауарды Жунушовтың өзі төгіп отырған.

Кәсіпкердің сөзінше, акциялардың бірінде шамамен 200 литр алкоголь төгілген. Оның ішінде арзан арақтан бастап шампан мен қымбат вискиге дейін болған.

Осыдан кейін Жунушов дүкенде қалған алкогольді жою мақсатында ғана сату турал шешім қабылдаған.

Ол алдағы уақытта қайта дүкен ашатын болса, ішімдік сатудан мүлде бас тартуы мүмкін екенін де айтқан.

“Жойылған әр бөтелкені енді ешкім ішпейді”

Бастамаға кәсіпкер Айбек Кадырбеков те қосылған.

Ол мұндай акциямен алкоголь өндірісін толық тоқтату мүмкін емес екенін мойындады. Дегенмен ол бұл істің бәрібір мәні бар деп есептейді.

“Жойылған әр бөтелке – енді ешкім ішпейтін бір бөтелке. Демек, бәлкім бір адам кейін өкінетін әрекетке бармай қалар”, – дейді ол.

Кадырбеков Ыстықкөл облысындағы туған ауылы Шор-Бұлақты мысалға келтірген. Оның айтуынша, бұл ауылда бірнеше жыл бұрын арақ сатуды тоқтатқан.

Кәсіпкердің сөзінше, жақын маңдағы дүкендерде алкогольдің болмауы жергілікті тұрғындардың әдетіне де әсер еткен.

Қырғызстанда ішімдікті бұрын да ауыр техникамен жойған

Қырғызстанда алкогольге қарсы мұндай бастамалар бұған дейін де болған.

2017 жылы бірнеше ауылдың тұрғындары өз елдімекендерін ішімдіктен ада етуге тырысқан. Ауыл адамдары ортадан ақша жинап, дүкендердегі алкогольді сатып алған соң, оны далаға шығарып, ауыр техниканың көмегімен жойған.

Сол акциялардан кейін кейбір дүкен иелері арақ сатуды тоқтатуға уәде берген.

Нарын облысындағы Емгекчил ауылында мұндай бейресми тыйым әлі күнге дейін сақталып келеді. Жергілікті белсенді Жаныбек Сопуевтің айтуынша, ауылда алкоголь саудасына шектеу қойылғаннан кейін мас күйіндегі жанжалдар мен ұрыс-керіс азайған.

Айта кетейік, бұған дейін елімізде де Маңғыстау облысының бірден төрт ауылы алкогольден бас тартқаны хабарланған еді. Облыстық прокуратураның мәліметі бойынша, Есет, Төлеп, Тұрыш және Тәжен ауылдары "Алкогольсіз ауылдар" жобасына қосылды.

Бұл ауылдарда 2600-ден астам адам тұрады. Адамдар гүлденген және қауіпсіз ортаны құруға бағытталған бастаманы қолдады.

Балнұр Рахматуллақызы
Дүйсенбі, 10 Тамыз, 2026 17:43