Көлсайдағы аспалы жолды салатын компания туралы не белгілі
Көлсайдың төменгі және орта бөліктерін жалғайтын аспалы жолдың құрылысы биыл басталады. 15 миллиард теңгелік жобаның инвесторы “Компания Строй Индустрия” екен. Stan.kz тілшісі компания туралы зерттеп көрді.
Жобаның құны – 15 миллиард теңге. Ол 2027 жылдың соңына дейін аяқталуы керек.
Бағыт 6,3 км-ге созылып, 500-ден астам көлікке арналған үлкен тұрақтан басталады. Саты ауылдық округінің әкімі Нұрым Сағымжан жоба қоршаған ортаға зиян келтірмейтініне, ешқандай ағаш кесілмейтініне сендірді. Құрылыста қытайлық технологиялар қолданылады.
Әкімдіктің мәліметінше, желі екі бөліктен тұрады: Батан аңғарына дейін шамамен 3,5 шақырым және Орта Көлсай көлінің бастауына дейін 2,8 шақырым. Кабиналар сегіз орындық болады.
Арқан жолының өткізу қабілеті сағатына 1500 адамға дейін жетеді.
Жобаға кім инвестор?
Жоба инвесторы – "Компания Строй Индустрия”. Компания құрылыс нарығында 2005 жылдан бері жұмыс істейді. Құрылыс және жобалау жұмыстарына I санаттағы лицензияға ие және тұрғын үй, әлеуметтік және инфрақұрылымдық жобаларға қатысқан. Оның негізін қалаушы – Самат Ахман, сонымен қатар ол бірнеше басқа құрылыс компанияларына иелік етеді.
Компания мемлекеттік сатып алуларға қатысады. 2025 жылы Конаевода тұрғын емес үй-жайлары бар көпқабатты үй құрылысын бастады. Құрылыстан басқа, компанияның қызметіне кірпіш және басқа да күйдірілген саздан жасалған құрылыс өнімдерін өндіру кіреді.
2026 жылдың маусым айындағы жағдай бойынша компания ҚҚС-сыз шамамен 105,13 миллиард теңгеге 255 мемлекеттік келісімшарт жасалды. Оның ішінде 204 келісімшарт мемлекеттік органдармен жасалған.
5 жыл ішінде төлеген салығы:
- 2021 жыл – 86 580 934 теңге;
- 2022 жыл – 199 042 258 теңге;
- 2023 жыл – 229 534 490 теңге;
- 2024 жыл – 63 318 886 теңге;
- 2025 жыл – 625 080 872 теңге.

Қазақстанның Даму Банкі жобаға несие беруі мүмкін. Өтінім қазір құжаттарды жинау сатысында.
Аспалы жолға қажетті жабдықтарды Қытайдың Hanzhong Daqin Machinery Co., Ltd. компаниясы жеткізуі тиіс. Компания аспалы жолдарды жобалау, өндіру және техникалық қызмет көрсету бағыттарына маманданған. Тараптар ынтымақтастық туралы келісімге 2025 жылдың мамыр айында Қытайдың Ханчжоу қаласында қол қойған.
Еске салсақ, Көлсайда биыл 15 миллиард теңгелік аспалы жол құрылысы басталатыны айтылды.
Жүргізушілер Алматы әуежайында жолаушыларды түсіргені үшін салынған айыппұлдарға шағымданды: Полиция не дейді?