"Бұл жерден тірі шықпайсың": Нұрайды өлтірді деген күдікті тергеу изоляторында қысым көргенін айтты

Нұрай Серікбайдың өліміне қатысты сотта айыпталушы Шерхан Аймахан тергеу изоляторында және психиатриялық ауруханада өзіне қысым жасалғанын мәлімдеді. Бұл туралы Stan.kz ақпарат агенттігі хабарлайды.
Шерхан Аймахан 21 жастағы Нұрай Серікбайды өлтірді деп айыпталып отыр. Тергеу дерегінше, ол қызды еркінен тыс алып кетіп, аңдыған. Онымен қоймай қызға 35 рет пышақ сұққан, кейін оны өлтіріп, оқиға орнынан қашып кеткен.

Сот отырысында Аймахан тергеу изоляторында және Алматы облысының Ақтас кентіндегі мамандандырылған психиатриялық ауруханада өзіне қысым жасалғанын айтты. Айтуынша, аурухана қызметкерлері оған қоқан-лоқы көрсеткен.
“Олар “бұл жерден тек өлі күйіңде шығасың” деп айтты”, – деді сотталушы.
Аймаханның айтуынша, тергеу изоляторында азаматтық киім киген белгісіз адамдар одан қылмысқа қатысты, өзі есінде жоқ оқиғаны айтып беруді талап еткен.
Айта кетейік, сотталушы өзіне тағылған айыпты мойындамайды. Ол қылмысты аффект жағдайында жасағанын айтып отыр.
Алайда психологиялық-психиатриялық сараптама нәтижесінде, Шерхан Аймаханның Нұрай Серікбайға пышақ сұққан кезде өз әрекетінің қауіпті екенін түсінгені және аффект жағдайында болмағаны анықталды.
Істің мән-жайы
Еске салайық, қаңтарда Шымкентте 21 жастағы студентті жас жігіт асқан қатыгездікпен пышақтап өлтірген еді. Нұрай Серікбай оқиға орнында тіл тартпай кетті. Күдікті көзі тірісінде қыздың қыр соңынан қалмай, тіпті алып қашқаны да анықталған. Полиция адам өлтіру мен сталкинг баптары бойынша қылмыстық іс қозғап, тергеу жүргізуде.
Алайда араға үш ай салып 28 жастағы жігіттің уақытша ұстау изоляторынан Талғардағы психикалық орталыққа ауыстырылғаны белгілі болды. Марқұмның туыстары күдіктінің анықтама алып, жауапкершіліктен құтылып кетуі мүмкін екенін айтып, дабыл қақты.
Артынша ішкі істер министрінің орынбасары Санжар Әділов сот-психиатриялық сараптамаға сәйкес, айыпталушы есі дұрыс деп танылғанын және заң алдында жауап беретінін хабарлады.
Бұған дейін Нұрайдың отбасы сот отырыстарының тікелей эфирде көрсетілуін талап еткен.
Айыптау актісі қандай?
Биыл 23 шілде күні Шымкентте Нұрай Серікбайды өлтіру ісіне қатысты алдын ала сот тыңдауы өтті. Мемлекеттік айыптаушы Мадияр Әбілқасымов сотта айыптау актісін жариялап, сотталушы Шерхан Аймаханға тағылған үш эпизод бойынша айыптың мән-жайын баяндады.
Прокурордың сөзінше, күдікті Шерхан Аймахан әуелі Нұрайды кездесуге шақырған. Алайда Нұрай одан бас тартқан. Сосын ол қыздың үй жағына келіп, оның дүкенге шыққан сәтінде әуелі 5 рет пышақтап, қашып кеткен. Кейін бастаған ісін аяқтау үшін қайта келіп 30 рет пышақ сұққан.
Нұрайдың адвокаттары мен жақындары істің тікелей эфирде көрсетілуін сұрады. Алайда, оған сотталушы тарап келіспей, қарсы шықты. Екі жақты келісім болмаған соң судья сот процесінің тікейлей көрсетілмеймінін айтты.