Отбасы банк ипотекаға өтетін үйлердің жас шегін неге 60 жылға дейін ұзартқанын түсіндірді
Отбасы банк ипотекалық бағдарламаларға қатыса алатын үйлердің жасына қойылатын талапты салымшылардың өтінішінен кейін қайта қараған. Мұны Үкімет отырысынан кейін өткен брифингте Отбасы банк Басқарма төрайымы Ләззат Ибрагимова мәлімдеді. Бұл туралы Stan.kz ақпарат агенттігі хабарлайды.
Оның айтуынша, әсіресе Алматы тұрғындарынан бұрын салынған үйлерді де ипотекалық бағдарламаларға қосу жөнінде көп өтініш түскен.
“Бұл шешім салымшыларымыздың сұранысына байланысты қабылданды. Алматыда 50 жыл бұрын салынған, яғни 1976 жылғы тұрғын үй көп. Сонымен қатар қала орталығында 1970-жылдары бой көтерген үйлер де аз емес. Сол үйлерді де ипотекалық бағдарламаларға қосу туралы өтініштер жиі түсті”, – деді ол.
Банк осы ұсыныстардан кейін қайталама тұрғын үй нарығына талдау жүргізіп, ипотекаға қабылданатын үйлердің жасына қойылатын шекті ұлғайтқан.
“Біз пәтерлерді қарап, нарыққа талдау жасадық. Соның нәтижесінде үйдің жасына қойылатын шекті 60 жылға дейін ұлғайттық”, – деді Ибрагимова.
Брифинг барысында журналистер бұл талаптың алдағы жылдары қалай қолданылатынын да сұрады.
“Келесі жылы 1977 жылы салынған үйлер есепке алынады. Одан әрі де шек жыл сайын осылай жылжып отырады”, – деп түсіндірді ол.
Еске салайық, Отбасы банк ипотеканың ережелерін жаңартып, үй алуды жеңілдеткені хабарланған еді. Бұған дейін банк тек 50 жылдан аспаған панельді үйлердегі пәтерлерді кепілге қабылдаса, енді бұл мерзім 60 жылға дейін ұзартылды. Бұл бетон және керамзит-бетон панельдерінен салынған үйлерге қатысты. Осылайша, кеңес дәуірінде салынған көптеген үйлердегі пәтерлерді енді ипотека алу үшін қайтадан кепілге қоюға болады.
Қазақстандық банк қолданушылары шоттан жаппай ақша жоғалғанын байқаған: Банктің жауабы қандай
