Отбасы банк ипотекасын қымбаттатты: 4 маусымнан бастап жаңа мөлшерлеме күшіне енеді

4 маусымнан бастап Отбасы банк аралық қарыздар бойынша бірыңғай 8,5%-дық мөлшерлеме енгізеді. Бұған дейін 6-7,5%-бен несие ала алатын қазақстандықтар үшін ипотека қымбаттайды, ал ай сайынғы төлем бірнеше мың теңгеге артуы мүмкін. Бұл туралы Stan.kz ақпарат агенттігі хабарлайды.
Биыл 4 маусымнан бастап Отбасы банк аралық қарыздар бойынша несие беру шарттарын өзгертеді. Енді бұрынғыдай бірнеше мөлшерлеменің орнына бірыңғай 8,5% жылдық мөлшерлеме енгізіледі. Жылдық тиімді сыйақы мөлшерлемесі (ЖТСМ) 9-9,6% аралығында болады.
Бұған дейін аралық қарыздың пайыздық мөлшерлемесі бағдарлама түріне және клиенттің бағалау көрсеткішіне байланысты 6%-дан 8,5%-ға дейін өзгеріп отыратын.
Бұрын:
- 6%-дан 8,5%-ға дейін
Енді:
- 8,5%
Сондықтан бұрын 6–7,5% мөлшерлемемен несие ала алатын азаматтар үшін ипотека қымбаттай түседі. Бірыңғай 8,5% мөлшерлеме келесі бағыттарға қолданылады:
- бастапқы тұрғын үй сатып алу;
- қайталама нарықтан баспана алу;
- жеке үй салу;
- жер телімін сатып алу;
- тұрғын үйді жөндеу және жаңғырту;
- "Өз үйім" бағдарламасы;
- кейін сатып алу құқығымен жалға берілетін тұрғын үй;
- "Әскери баспана" бағдарламасы.
Аралық қарыз деген не?
Аралық қарыз – тұрғын үй құнының кемінде 50 пайызын жинаған, бірақ тұрғын үй заемын алу үшін қажетті 16 бағалау көрсеткішіне (БК) әлі жетпеген салымшыларға арналған ипотекалық өнім.
Оны рәсімдеу үшін:
- тұрғын үй құнының кемінде 50%-ын жинақтау;
- бағалау көрсеткіші 5-тен төмен болмауы;
- қажетті соманы жинағаннан кейін кемінде 6 ай күту қажет.
Осыдан кейін банк қалған сомаға аралық қарыз береді.
Қандай несиелер өзгермейді?
Тұрғын үй заемдарының шарттары бұрынғы күйінде қалады:
- мөлшерлеме – 3,5%-дан 5%-ға дейін;
- ЖТСМ – 3,6%-дан 6,9%-ға дейін.
Мұндай заемды алу үшін:
- депозит мерзімі 3 жылдан асуы керек;
- тұрғын үй құнының кемінде 50%-ы жиналуы қажет;
- бағалау көрсеткіші 16 немесе одан жоғары болуы тиіс.
Сондай-ақ алдын ала заемдар бойынша мөлшерлемелер де өзгеріссіз қалады.
Ай сайынғы төлем қаншаға өседі?
Отбасы банк есептеуінше, егер қарыз сомасы 30 миллион теңге болса, 7,5% және 8,5% мөлшерлемелер арасындағы айырмашылық несие мерзіміне қарай ай сайын шамамен 12–20 мың теңгені құрайды. Бұл ипотеканы 15–20 жылға рәсімдеген отбасы үшін жылына қосымша 144 мыңнан 240 мың теңгеге дейінгі шығын деген сөз.
Ескі шартпен кімдер несие ала алады?
Банк мәліметінше, егер клиент 2026 жылғы 4 маусымға дейін несие бойынша алдын ала мақұлдау алған болса, ипотека бұрынғы шарттармен рәсімделеді. Сондықтан қазірдің өзінде құжат рәсімдеудің соңғы кезеңінде тұрған азаматтарға алаңдаудың қажеті жоқ.
Банк не үшін мөлшерлемені өзгертті?
Отбасы банк бұл шешімді несие беру шарттарын жеңілдету мақсатымен түсіндірді. Бұрын клиенттер бірнеше мөлшерлеме нұсқасын салыстырып, өздеріне қайсысы қолданылатынын анықтауы керек болатын. Енді барлық аралық қарыздарға ортақ 8,5% бірыңғай мөлшерлеме белгіленеді.
Еске салайық, Ұлттық банк қазақстандықтардың табысынан артық қарыз алуына тыйым салуды жоспарлап отырғанын жазғанбыз. Қазақстанда азаматтардың несиеге қолжетімділігін тікелей олардың табысына байланыстыратын жаңа көрсеткіш – "қарыздың табысқа қатынасы коэффициентін" (ҚТҚ) енгізу жоспарланып отыр. Яғни, егер адамның табысы жеткіліксіз болса, оған несие берілмейді.
Қазақстандық әйел топтық зорлаудан кейін 17 жасында бала туған: Ол америкалық ата-ана асырап алған қызын іздеп жүр
Оқыңыз