Отбасы банк ипотеканың ережелерін жаңартып, үй алуды жеңілдетті
Отбасы банк ипотека рәсімдеу кезінде кепілге қоюға болатын жылжымайтын мүлік түрлерінің тізімін кеңейтті. Енді қарыз алушылар 60 жылға дейінгі панельді үйлердегі пәтерлерді, сондай-ақ белгілі бір талаптарға сай келетін SIP-панельдерден салынған үйлерді кепілге қоя алады. Бұл туралы Stan.kz ақпарат агенттігі хабарлайды.
Басты жаңашылдық панельді тұрғын үйлерге қатысты. Бұған дейін банк тек 50 жылдан аспаған панельді үйлердегі пәтерлерді кепілге қабылдаса, енді бұл мерзім 60 жылға дейін ұзартылды. Бұл бетон және керамзит-бетон панельдерінен салынған үйлерге қатысты. Осылайша, кеңес дәуірінде салынған көптеген үйлердегі пәтерлерді енді ипотека алу үшін қайтадан кепілге қоюға болады.
Сонымен қатар банк алғаш рет SIP-панельдерден салынған жеке тұрғын үйлерді де кепіл ретінде қабылдай бастады. Алайда бұл үшін бірқатар талаптар орындалуы керек.
- Үй құрылыс компаниясы тарапынан салынып, пайдалануға берілгеніне 5 жылдан аспауы тиіс;
- SIP-панельдердің сәйкестік сертификаты болуы керек;
- Іргетасы суға төзімді материалдардан жасалуы тиіс;
- Үйдің ішкі әрлеуі толық аяқталуы керек,
- Су, жылу, кәріз, электр сияқты барлық инженерлік коммуникациялар қосылған болуы қажет.
Бұл өзгерістер қарыз алушылардың Отбасы банкте ипотека рәсімдеу кезінде кепілге қоя алатын жылжымайтын мүлік түрлерінің тізімін кеңейтеді.
Еске салайық, бұған дейін көпбалалы отбасыларға, толық емес отбасыларға, мүгедектігі бар бала тәрбиелеп отырған отбасыларға, жетім балаларға және ата-анасының қамқорлығынсыз қалған балаларға, мүгедектігі бар азаматтарға, дәрігерлерге, мұғалімдерге, мәдениет саласы қызметкерлеріне, құтқарушыларға және құқық қорғау органдарының қызметкерлеріне үй алуға 1,5 млн теңгеге дейін қайтарымсыз көмек берілетіні туралы жазған едік.
Кінәсіз сотталып, кейін ақталған жағдайда не болады: Заңгер мұндай кезде кімнің жауапқа тартылатынын түсіндірді
