Соңғы жаңалықтар
Соңғы жаңалықтар

Тамыздан бастап мерекеге орай төлемдерді тағайындауға жасанды интеллект көмектеседі

Ақша
Фото: Stan.kz

Тамыз айынан бастап Қазақстанда мерекелерге орай берілетін біржолғы төлемдерді тағайындау кезінде жасанды интеллект қолданылады. Мұны Үкімет отырысында еңбек және халықты әлеуметтік қорғау министрі Асқарбек Ертаев мәлімдеді. Бұл туралы Stan.kz ақпарат агенттігі хабарлайды.

Жаңа жүйе біржолғы әлеуметтік төлем алуы мүмкін азаматтарды алдын ала анықтап, төлем тағайындау жөніндегі жобаны әзірлейді. Алайда соңғы шешімді әкімдік қабылдайды.

“Әкімдіктер көрсететін біржолғы мемлекеттік қолдау шаралары, соның ішінде мерекелік және атаулы күндерге арналған төлемдер жасанды интеллектінің көмегімен бөлінеді. Жүйе төлем алушыларды алдын ала анықтап, оларды тағайындау жөніндегі жобаны әзірлейді. Ал төлем беру туралы соңғы шешімді жергілікті атқарушы орган қабылдайды”, – деді министр Үкімет отырысында.

Ал қазан айынан бастап жасанды интеллект мемлекеттік қолдаудың өзге де түрлерін азаматтардың нақты мұқтаждығына қарай бөлуге көмектеседі.

Қазірдің өзінде жасанды интеллект атаулы әлеуметтік көмекке өтініш берген азаматтардың тұрмыс жағдайы түсірілген фото және бейнематериалдарды сараптап жүр. Бұл мәліметтер өңірлік комиссияларға шешім қабылдауға қосымша негіз болады.

Министрдің айтуынша, мұндай тәсіл әлеуметтік көмек тағайындау кезінде субъективті шешімдердің ықпалын азайтуға мүмкіндік береді.

Балнұр Рахматуллақызы
Сейсенбі, 11 Тамыз, 2026 15:14