Соңғы жаңалықтар
Соңғы жаңалықтар

Қазақстан клиникаларында жасанды интеллекті бар рентген аппараттары пайда болды

ЖИ диагностика
Фото: Stan.kz | ЖИ көмегімен жасалған

Қазақстанда жасанды интеллектке негізделген 17 пилоттық жоба іске асып жатыр. Бүгінде алгоритмдер инсультті анықтап, өкпе суреттерін талдап, стоматолог пен кардиологтың жұмысына көмектеседі. ЖИ медицинада нақты қай салаларға енді және оның мүмкіндігі қай жерге дейін жетеді? Осы ретте Stan.kz еліміздегі медицина саласына жасанды интеллектінің қалай енгізіліп жатқанын және оның дәрігерлер жұмысына қалай әсер ететінін зерттеп көрді.

ЖИ Қазақстан медицинасына қай салалар арқылы кіріп жатыр?

Жасанды интеллект енді Қазақстандағы рентген кабинеттеріне де кіріп жатыр. Бұрын тек дәрігердің көзіне сүйенген диагностикаға енді ақылды алгоритмдер көмектеседі. Мұндай рентген аппараттары тек Шымкентте емес, Алматыда және бірқатар өңірдегі медициналық ұйымдарда да қолданысқа енгізіліп жатыр. Денсаулық сақтау министрлігінің пікірінше, жаңа жүйе өкпедегі көзге бірден байқала бермейтін өзгерістерді, ісіктер мен қабыну белгілерін ертерек анықтауға мүмкіндік береді.

Күн сайын мыңдаған:

  • рентген; 
  • компьютерлік томография; 
  • МРТ; 
  • маммография нәтижесі қаралады. 

Осындай кезде алгоритм бірнеше секунд ішінде суретті талдап, күмәнді аймақтарды белгілеп береді. Ал соңғы шешімді бәрібір дәрігер қабылдайды дейді денсаулық сақтау министрлігінің өкілі.

Бүгінде Қазақстанда қолданылып жатқан негізгі жобалар:

  • Cerebra – инсульт белгілерін анықтайды. Осы уақытқа дейін 150 мыңнан астам КТ-сын талдаған.
  • AI Dentis – стоматологиялық рентгендерді автоматты түрде оқиды.
  • WDSOFT – өкпе мен онкологиялық ауруларды радиологиялық суреттер арқылы ерте анықтайды.
  • Smart ECG – электрокардиограмманы қашықтан талдайды.
  • Alima – пациенттерге медициналық ұйымдармен байланысуға көмектесетін цифрлық көмекші.

Қазақстан ЖИ-ді кеше ғана енгізген жоқ

Негізі Қазақстанда жасанды интеллект медицинада алғаш рет 2020 жылғы пандемия кезінде қолданыла бастады. Сол кезде Алматыда барлық КТ мен рентген суреттері ортақ PACS жүйесіне біріктірілді. Жасанды интеллект өкпедегі COVID-19 белгілерін автоматты түрде анықтап, дәрігерге "екінші пікір" ретінде ұсыныс беретін.

"PACS жүйесіне қосылған әрбір медициналық ұйымның дәрігерлері ортақ цифрлық архивке қол жеткізе алады. Бұл медициналық кескіндерді сақтап қана қоймай, оларды емдеу ұйымдары арасында жедел алмасуға мүмкіндік береді", – деген еді сол кездегі Алматы қалалық цифрландыру басқармасы.

Оның айтуынша, бұл жүйе қағаз және пленка түріндегі суреттерден бас тартуға, науқастың зерттеу нәтижелерін динамикада бақылауға мүмкіндік берген.

"Жасанды интеллект дәрігер үшін "екінші пікір" қызметін атқарады. Ол мамандардың жұмыс жүктемесін азайтып, диагноз қоюдың дәлдігін арттыруға көмектеседі", – деген еді Алматы қалалық цифрландыру басқармасы.

Сол кезеңде жүйе Алматыдағы инфекциялық ауруханаларда, Онкология және радиология ғылыми-зерттеу институтында, Ұлттық фтизиопульмонология ғылыми орталығында және басқа да медициналық ұйымдарда қолданыла бастады. Кейін бұл тәжірибе басқа өңірлерге де таралып, жасанды интеллект негізіндегі медициналық шешімдердің дамуына негіз болды.

WebCeph: ортодонттарға арналған AI технологиясы

Алматыдағы ортодонттардың бірі бүгінде жасанды интеллект мүмкіндіктерін күнделікті тәжірибесінде қолданып жүргенін айтады.

WebCeph
Фото: Ортодонттың жеке архивінен

Оның сөзінше, AI технологиялары дәрігердің жұмысын алмастырмайды, бірақ диагностика процесін едәуір жылдамдатып, уақытты үнемдеуге көмектеседі.

"Біз тәжірибемізде WebCeph платформасын қолданамыз. Ол жасанды интеллект негізінде жұмыс істейтін бағдарлама. Ол бас сүйегінің рентген суретін автоматты түрде талдап, цефалометриялық нүктелерді белгілейді, әртүрлі ортодонтиялық талдауларды жүргізуге көмектеседі. Соның арқасында бұрын қолмен жасалатын жұмыстың едәуір бөлігі автоматтандырылады. Дегенмен, AI ұсынған нәтижені міндетті түрде дәрігер өзі тексеріп, қажет болса түзетеді. Сондықтан жасанды интеллект дәрігерді алмастырмайды, керісінше, оның уақытын үнемдеп, шешім қабылдауын жеңілдететін көмекші құрал", – дейді Алматыдағы ортодонттардың бірі.
WebCeph
Фото: Ортодонттың жеке архивінен

Жасанды интеллект бір миллиметрлік ісікті де көре алады

Бұдан бөлек, биыл Қызылорда облысында жасанды интеллект негізіндегі жаңа радиологиялық жүйе іске қосылды. Енді өңірдегі 27 медициналық ұйымның барлық рентген және маммография зерттеулері бір жүйеге түседі.

Алгоритм:

  • өкпе ауруларын; 
  • пневмонияны; 
  • сүт безі қатерлі ісігін; 
  • кеуде қуысы патологияларын анықтай алады. 

Ең қызығы, жүйе 1 миллиметрлік түзілістерді де байқай алады. Жоба авторларының айтуынша, алғашқы талдаудағы адам факторын 95%-ға дейін азайтуға мүмкіндік берген. Сонымен бірге қағаз бен пленкадан бас тарту арқылы өңір жылына шамамен 300 миллион теңге үнемдей алады.

"Отандық стартап жүрек ауруын бес минутта анықтай алады"

Қазақстандық жас ғалым Нұрдәулет Тасмұрзаев әзірлеген ZhurekAI жобасы бүгінде ең қызықты медициналық стартаптардың біріне айналып отыр.

“Біз жүрек-қан тамырлары аурулары әлемдегі өлім-жітімнің негізгі себептерінің бірі екенін зерттей бастадық. Көп жағдайда адамдар профилактикалық тексеруден уақытында өтпегендіктен, ауру кеш анықталып жатады. Сондықтан дәрігерлерге ерте диагностика жасауға көмектесетін жүйе әзірлеуді мақсат еттік. Біз үшін тек технологиялық жоба емес, адамдардың өмірін сақтауға үлес қоса алатын құрал болуы маңызды болды", – дейді ZhurekAI жобасының тең құрылтайшысы Нұрдәулет Тасмұрзаев.
Нұрдәулет Тасмұрзаев
Фото: Ғалым Нұрдәулет Тасмұрзаевтың жеке архивінен

Әзірлеушінің айтуынша, жүйе смарт-сағаттар, фитнес-білезіктер және басқа да құрылғылардан алынатын физиологиялық көрсеткіштерді талдап, жүректің ишемиялық ауруының қаупін бағалай алады. Бұдан бөлек, платформа тәуліктік ЭКГ нәтижелерін де сараптап, күмәнді өзгерістерді дәрігердің назарына ұсынады.

"Жүйе смарт-сағат немесе фитнес-білезіктен алынған:

  • пульс; 
  • сатурация; 
  • жүрек ырғағы; 
  • тағы бірнеше физиологиялық көрсеткішті талдап, адамда ишемиялық жүрек ауруының қаупін есептейді.
Ал Холтер құрылғысынан алынған ЭКГ-ны өңдеу кезінде күмәнді аймақтарды автоматты түрде белгілеп, дәрігерге қосымша талдау ұсынады. Бұл маман байқамай қалуы мүмкін өзгерістерді анықтауға көмектеседі. Қазір жүйе 600 науқастың дерегімен оқытылды және ишемиялық жүрек ауруын анықтаудағы дәлдігі 91%-ға жетіп отыр", – дейді стартап авторы.
ИИ жүрек диагностикасы
Фото: Ғалым Нұрдәулет Тасмұрзаевтың жеке архивінен

Қазір жоба Қазақстандағы бірнеше клиникада пилоттық режимде сынақтан өтіп жатыр. Команда Stanford Medicine мамандарымен ғылыми кеңес деңгейінде ынтымақтастық орнатып, болашақта жүйені DamuMed платформасымен интеграциялауды жоспарлап отыр.

ЖИ ең үлкен қандай мәселені шешеді?

Денсаулық сақтау министрлігі өкілдерінің айтуынша, ең үлкен проблема – диагноз қою емес, оны уақытында қою. Өкпе обыры, инсульт немесе жүрек аурулары көбіне кеш анықталады. Ал жасанды интеллект жүздеген мың суретті бірнеше секунд ішінде қарап шығып, күмәнді аймақтарды бірден көрсетеді.
Бұл:

  • диагноз қою уақытын қысқартады; 
  • дәрігердің жүктемесін азайтады; 
  • пациенттің емді ертерек бастауына мүмкіндік береді. 

Әсіресе шалғай ауылдар үшін мұның маңызы ерекше. Телемедицина мен ЖИ арқылы облыс орталығына бармай-ақ маманның пікірін алу мүмкіндігі артып келеді дейді министрліктегілер.

Бірақ дәрігердің орнын алмастыра ма?

Министрлік жасанды интеллект дәрігердің орнын алмастыратын технология емес екенін ерекше атап өтті. Ведомствоның мәліметінше, барлық медициналық шешімдерді бұрынғыдай дәрігер қабылдайды, ал жасанды интеллект оның жұмысын жеңілдететін құрал ретінде ғана пайдаланылады.

"Ең маңыздысы, жасанды интеллект дәрігердің орнын алмастырмайды. Соңғы медициналық шешімді әрдайым дәрігер қабылдайды. Жасанды интеллект – диагноз қоюдың дәлдігін арттыруға және дәрігердің жұмысын жеңілдетуге көмектесетін қосымша құрал. Мұндай жобалардың бәрі дәрігердің жұмысын жеңілдетуге, диагноз қоюдың дәлдігін арттыруға және пациентке қажет көмекті уақытында көрсетуге бағытталған. Жаңа технологиялар қауіпсіздігі, тиімділігі және клиникалық пайдасы дәлелденген жағдайда ғана медициналық тәжірибеге енгізіледі", – деп мәлімдеді денсаулық сақтау министрлігі.

Министрліктің мәліметінше, қазір жасанды интеллект ең алдымен диагностикалық медицинада қолданылады. Себебі дәрігерлер күн сайын мыңдаған рентген, компьютерлік томография, магниттік-резонанстық томография және маммография нәтижелерін қарайды. Алгоритмдер осы зерттеулерді жылдам талдап, дәрігерге қосымша ақпарат ұсынады.

"Жасанды интеллект өкпе обыры, сүт безі обыры, пневмония, инсульт сияқты әлеуметтік маңызы бар аурулардың алғашқы белгілерін ерте анықтауға көмектеседі. Сонымен қатар бұл технология стоматологияда, кардиологияда, неврологияда және алғашқы медициналық-санитарлық көмек көрсету саласында да қолданылып жатыр", – деп хабарлады министрлік.
Айым Атамбаева
Дүйсенбі, 27 Шілде, 2026 09:00