Отбасы банк басшысы тұрғын үй кезегін ақшаға жылжытқан қызметкерлерге қатысты істің жай-жапсарын түсіндірді
Отбасы банк тұрғын үй кезегін заңсыз жылжыту дерегіне қатысты түсініктеме берді. Банктің Басқарма төрайымы Ләззат Ибрагимованың айтуынша, мұндай бір ғана жағдай анықталған және оның салдарынан ешкім тұрғын үй кезегіндегі орнын жоғалтпаған. Бұл туралы Stan.kz ақпарат агенттігі хабарлайды.
Ол мұны Үкімет отырысынан кейін өткен брифингте айтты. Ибрагимованың сөзінше, тұрғын үй кезегіне қатысты бұл жағдай 2025 жылғы сәуір-мамыр айларында болған.
“Нақты осы мәселеге қатысты бір ғана жағдай анықталды. Ол 2025 жылғы сәуір-мамыр айларында болған. Отбасы банк сыбайлас жемқорлық пен алаяқтыққа мүлде төзбеу қағидатын ұстанады. Бүгінде 4 миллионнан астам адам депозитін бізге сеніп тапсырып отыр. Бұдан бөлек, былтыр мемлекет бізге 645 мың адам тұрған үлкен кезекті сеніп тапсырды. Біздің басты міндетіміз – барлық клиентке тең мүмкіндік беру”, – деді ол.
Банк төрайымы бұл жағдайда кезекте тұрған адамның жеңілдігі көбірек санатқа заңсыз ауыстырылғанын айтты.
“Азамат кезекте тұрған. Алайда жеңілдігі көбірек санатқа өту үшін оның санаты мүгедектігі бар бала тәрбиелеп отырған отбасы санатына өзгертілген. Бұл жағдай біз 2025 жылғы тамызда жаңа ақпараттық жүйені іске қоспай тұрып болған”, – деді Ибрагимова.
Оның айтуынша, бұл оқиға банк үшін цифрлық жүйедегі әр әрекетті бақылаудың қаншалықты маңызды екенін көрсеткен. Қазір жүйеде кімнің қандай логинмен кіргені және қандай әрекет жасағаны туралы цифрлық із сақталады.

Бұл іске қатысы бар екі қызметкермен еңбек шарты Отбасы банктің бастамасымен бұзылған. Банк олардың әрекеттеріне қатысты құқық қорғау органдарына да жүгінген.
“Анықталған деректердің барлығы бойынша қызметкерлерді қылмыстық жауапкершілікке тарту жөнінде арыз берілді. Қылмыстық істер қозғалды, қазір олар полицияның өндірісінде. Бұл жерде бір өңірлік филиал қызметкері мен орталық аппараттағы бизнес-аналитиктің алаяқтық әрекеттері туралы сөз болып отыр”, – деді банк төрайымы.
Ләззат Ибрагимова бұл әрекеттен өзге кезекте тұрған азаматтар зардап шекпегенін айтты. Заңсыз өзгеріс арқылы бөлінген баспана несие шартына қол қою кезеңінде анықталып, мәміле тоқтатылған.
“Ешқандай залал келген жоқ. Бөлінген пәтер бойынша несие шартына қол қою кезінде бәрі тоқтатылып, баспана кері қайтарылды. Кейін ол тұрғын үй бөлу рәсіміне қайта қатысты”, – деп түсіндірді Ләззат Ибрагимова.
Осылайша, банк мәліметінше, заңсыз әрекет тұрғын үйді түпкілікті иеленуге дейін анықталғандықтан, басқа кезекте тұрған азаматтардың орнын қалпына келтіру немесе оларға өтемақы төлеу қажеттілігі туындамаған.
Еске салайық, бұған дейін “Отбасы банктің” 2025 жылға арналған есебінде қызметкерлер арасында заңсыз сыйақы алу деректері анықталғаны хабарланған еді. Кей қызметкерлер клиенттер, риелторлар, нотариустар мен жеке сот орындаушыларының мүддесін ілгерілетуге, сондай-ақ тұрғын үй кезегін жылжытуға көмектескені үшін ақша алған.
Банктің қауіпсіздік қызметі ипотека рәсімдеу кезінде табыс туралы жалған құжаттарды пайдалану жағдайларын да анықтаған. Жалпы 2025 жылы алаяқтыққа қатысты сегіз жағдай тіркелген. Оның алтауы банк ішіндегі, екеуі клиенттер мен үшінші тұлғалардың әрекеттеріне қатысты болған.
Қазақстандық банк қолданушылары шоттан жаппай ақша жоғалғанын байқаған: Банктің жауабы қандай