Қазақстанда ресми қоңырауларды анықтайтын жүйе енгізіледі
Қазақстанда заңды тұлғалардың телефон қоңырауларына міндетті таңбалау енгізілмек. Жаңа жүйе іске қосылғаннан кейін компания немесе ұйым қоңырау шалса, оның атауы телефон экранында бірден көрінеді. Ол үшін нөмірдің телефон кітапшасында сақталуы міндетті емес. Бұл туралы Stan.kz ақпарат агенттігі хабарлайды.
Мұны жасанды интеллект және цифрлық даму бірінші вице-министрі Ростислав Коняшкин мәлімдеді.
Оның айтуынша, бұл талап жаңа заңдар аясында бизнес үшін міндетті болады. Билік мұндай шара кибералаяқтық пен телефон арқылы жасалатын алаяқтықтың алдын алуға көмектеседі деп есептейді.
“Сізге қандай да бір заңды тұлға қоңырау шалса, экранда оның атауы бірден шығады. Нөмір контактілеріңізде сақталмаса да, қай компаниядан қоңырау түсіп тұрғанын көре аласыз”, – деді Коняшкин.
Қазір жүйені іске қосуға қажетті техникалық жұмыстар жүргізіліп жатыр.
Бұған дейін ресми қоңырауларды таңбалау жүйесі тамыз айында іске қосылатыны айтылған еді. Алайда бірінші вице-министр нақты күнін атаған жоқ. Оның сөзінше, іске қосу мерзімі телекоммуникациялар комитеті мен министрліктің баспасөз қызметі арқылы нақтыланады.
Жаңа жүйе қазақстандықтарға компаниялар мен түрлі ұйымдардың қоңырауын алаяқтардың қоңырауынан ажыратуға көмектесуге тиіс.
