Қостанай тұрғыны адамдарды 100 долларға сабап жүрген
Қостанай қаласының №2 соты ақшаға адам сабаған ер адамға үкім шығарды. Сот оны аса қатыгездікпен күш қолданып, тән азабын келтірді деп танып, 4 жылға бас бостандығынан айырды. Бұл туралы Stan.kz ақпарат агенттігі хабарлайды.
Сот материалдарына сәйкес, айыпталушы заңсыз табыс табу үшін Telegram мессенджерінде арнайы тіркеліп, өзге адамдарға күш қолдануға байланысты “тапсырыстар” орындауға келіскен.
2026 жылғы наурыздың соңында оған белгісіз адамнан тапсырма түскен. Тапсырыс беруші К. есімді азаматты тауып, оны 100-200 доллар сыйақы үшін соққыға жығуды сұраған.
Тергеу деректеріне сүйенсек, айыпталушы алдын ала сөз байласқан өзге адамдармен бірге жәбірленушінің жүрген жерін анықтап, кейін оны қолымен және аяғымен басы мен денесінен бірнеше рет ұрған. Тапсырманы орындағаннан кейін оған 100 доллар төленген.
Сот отырысында мемлекеттік айыптаушы ер адамды 4 жылға бас бостандығынан айыруды сұрады. Айыпталушы кінәсін толық мойындап, қоғамнан оқшаулауға байланысты емес жаза тағайындауды өтінген.
Ал жәбірленуші сотталушыға талап-арызы жоқ екенін айтып, оған қатаң жаза бермеуді сұраған.

Қылмыстық кодекстің 110-бабы 2-бөлігінде мұндай қылмыс үшін 4 жылдан 7 жылға дейін бас бостандығынан айыру жазасы қарастырылған.
Сот айыпталушының кінәсін мойындауы мен шын өкінуін жеңілдететін мән-жай деп таныды. Ал қылмыстың алдын ала сөз байласқан топ құрамында жасалуы жазаны ауырлататын жағдай ретінде есепке алынған.
Нәтижесінде ер адам 4 жылға бас бостандығынан айырылып, жазасын қауіпсіздігі орташа мекемеде өтейтін болды.
Үкім әзірге заңды күшіне енген жоқ.
Еске салайық, бұған дейін Түркістан облысында бес баланың әкесін ауылдастары пышақтап өлтірді деп айыпталғаны хабарланған еді.
Қазақстандық банк қолданушылары шоттан жаппай ақша жоғалғанын байқаған: Банктің жауабы қандай