Соңғы жаңалықтар
Соңғы жаңалықтар

Сирияның бұрынғы президент Башар Асад сырттай өлім жазасына кесілді

сот
Фото: Риа Новости

Дамаскідегі сот Сирияның бұрынғы президенті Башар Асадты сырттай өлім жазасына кесті. Бұл туралы Stan.kz ақпарат агенттігі SANA басылымына сілтеме жасап хабарлайды.

Сот Башар Асадты, оның інісі, республикалық ұланның бұрынғы қолбасшысы Махерді, Асадтың немере ағасы, Дераа провинциясындағы Саяси қауіпсіздік қызметінің экс-басшысы Атеф Наджибті және тағы жеті адамды кінәлі деп таныды. Олар Сирия халқына қарсы әскери қылмыс, адам өлтіру, азаптау және адамзатқа қарсы әрекеттер жасады деп айыпталды.

Сот алдында Атеф Наджиб жауап берді. Ол 2025 жылдың қаңтарында Сирияда ұсталған. Ал Башар мен Махер Асадтар 2024 жылдың желтоқсанында елден қашып, Ресейге тұрақтаған еді. 

Олар 2011 жылы Дераа провинциясында саяси өзгерістер мен еркіндікті талап еткен бейбіт наразылықтарды күшпен басуға қатысты деп айыпталды. Асад режимі наразылықтарға жаппай тұтқындау және күш қолдану арқылы жауап берген. Кейін бұл жағдай жүздеген мың адамның өмірін қиған қанды қақтығысқа ұласып, елдің басым бөлігін қираған аумаққа айналдырды.

Асадқа 2025 жылы қамауға алу туралы ордер берілген

2025 жылы Сирия билігі Башар Асадты қамауға алу туралы ордер шығарған. Сол кезде Сирия Әділет министрлігі Башар Асадқа қатысты істі елдегі жаңа сот саясатының маңызды қадамы деп атады. Министрлік бұл саясат заң үстемдігін қамтамасыз етуге және азаматтардың құқығын қорғауға бағытталғанын мәлімдеді. Осыдан кейін оппозициялық күштер Дамаскіге кірді. Ал Асад Сириядан қашып, Мәскеуге барды. Ресей президенті Владимир Путин оған Ресейден баспана берді. 

The New York Times басылымының мәліметінше, Асад пен оның отбасы Ресейге жеке ұшақтарымен барған. Басылым оның Мәскеу маңындағы Рублевка ауданында Ресей арнайы қызметтерінің күзетімен тұрып жатқанын жазды. Олардың мәліметінше, арнайы қызметтер оның жүріп-тұруын бақылауда ұстап, отбасы мүшелеріне көпшілік алдында мәлімдеме жасауға тыйым салған.

Ал Сирияның жаңа билігі Ресейден Башар Асадты елге қайтаруды талап еткен.

Еске салайық, бұған дейін "Хайят Тахрир аш-Шам" содырлар тобы Сирия президенті Башар Асадтың елден кеткенін және Дамаск астанасын басып алғанын мәлімдеді. Дамасктегі көтерілісшілер мемлекеттік телеарна эфирінде жеңіске жеткендерін жариялады. Сириялық содырлар мемлекеттік телеарна мен Дамаск радиосы арқылы эфирге шығып, президент Башар Асад режимін құлатқандарын және саяси тұтқындарды босатқанын хабарлады. 

Содан кейін Сирияда содырлар Башар Асадтың әкесі жатқан зиратты өртеп жіберген еді. 

Нұрила Жұмаділлә
Сейсенбі, 11 Тамыз, 2026 15:25