"Абайды Абай қылған Құнанбайдың малы": Желіде "Respublica" партиясының төрағасының сөзі қызу талқыға түсті
Желіде "Respublica" партиясының төрағасы Айдарбек Ходжаназаровтың хакім Абай туралы айтқан сөзі қызу талқыға түсті. Бұл туралы Stan.kz ақпарат агенттігі хабарлайды.
Айдарбек Қожаназаров пен "Ақ жол" партиясының өкілі Дания Еспаева тележүргізуші Динара Сәтжанның YouTube арнасындағы пікірсайыста кездесті. Тараптар кәсіпкерлік, несие саясаты, отандық өндіріс және ел экономикасын дамыту мәселелерін талқылады.
Экономикалық әл-ауқаттың қоғам дамуына ықпалы туралы сөз қозғаған Қожаназаров Абай мен Құнанбайды мысалға келтірді.
“Абайды Абай қылған Құнанбайдың малы. Егер Құнанбайдың малы болмаса, Абай Абай болмас еді. Өйткені оның уақыты болмайтын еді, мал бағатын еді. Сондықтан біздің партия – Құнанбайлардың саны көп болсын деп, Құнанбайларды қолдайтын партия. Елде неғұрлым Құнанбай көп болса, соғұрлым Абай да көп болады”, – деді ол.
Оның бұл пікірі көпшіліктің назарын аударып, қызу талқыға түсті.
“Абайды Абай еткен – ақылы, білімі, таланты, еңбегі, халқына деген махаббаты және ұлттың санасын оятқан ойы”, “Қаншама Құнанбайданда байлар өтіп жатыр, біреуінде Абайдай ұл қалды ма”, “Масқара! Дана Абайдың дарынын Құнанбайдың малымен есептейтін, қасиетті қазақ әдебиетіне, киелі пәкизат өнер поэзияға материалдық, яғни малдық сана, дүниеқоңыздық пиғылмен ғана қарайтын руханияттан жұрдай сауатсыздар қалай партия басқарып,тіпті парламентте болып келген?”, “Өңшең осындайлар кетіп жатыр депутаттыққа. Біздің ел не болар екен, ақырын берсін. Құнанбайдай бай болмап па қазақта басқа? Абайлар көөөп болар еді ғой. Қазір азба Құнанбайлар, неге Абайлар жоқ?”, – деп жазған олар.
Желідегі шудан кейін “Respublica” партиясының төрағасы Айдарбек Қожаназаров айтқан сөзінің мәнін түсіндіру үшін әлеуметтік желідегі парақшасында арнайы жазба жариялады.
Ол “Абайды Абай қылған Құнанбайдың малы” деген сөзі контекстен жұлынып алынғанын айтып, мәселені Абайдың өз ойларымен байланыстырып түсіндіруге тырысты.
Қожаназаров Абайдың қазақты түзеу туралы сөзінде елді ағарту үшін билікпен бірге мол қаражат та қажет екенін айтқанын еске салды. Ол Абайдың “есепсіз бай боларға керек” деген тұсын мысалға келтіріп, байлықты мақсат емес, мүмкіндік деп түсіндірді.
“Мал – мақсат емес, мүмкіндік. Дәулет “ ақыл емес, бірақ ақылдың біліммен шыңдалуына жол ашатын құрал. Құнанбайдың дәулеті Абайға талант берген жоқ. Бірақ сол таланттың ашылуына қажетті білімге, ортаға, мүмкіндікке жол ашты”, – деп жазды саясаткер.
Ол қазақ тарихында дәулетті адамдардың мектеп ашып, баспасөзді, ағартушылықты және қоғамдық бастамаларды қаржыландыруы да осының бір дәлелі деп санайды. Қожаназаров ауқатты адамдардың ел ішіндегі экономикалық дербестігі мен ықпалы жоғары болғанын атап өтті.
Сондай-ақ ол “Құнанбайдан да бай адамдар болды, неге бәрінен Абай шықпады?” деген уәжге де жауап берді. Саясаткердің сөзінше, байлық таланттың өзін тудырмайды, бірақ оның ашылуына жағдай жасай алады.
“Мал талант тудырмайды – талантқа мүмкіндік береді. Ақша ақыл бермейді – білімге жол ашады. Байлық адамды ұлы етпейді – бірақ дұрыс жұмсалса, ұлы мұратқа қызмет етеді”, – деді ол.
Қожаназаров желі қолданушылары оның сөзін емес, Абайдың байлық пен ағартушылық туралы ойын бұрмалап отырғанын алға тартты. Жазбасының соңында ол Абайдың “есепсіз бай боларға керек” деген сөзімен келіспейтіндер болса, бұл пікірталасты өзімен емес, Абайдың көзқарасымен жүргізу керегін айтты.
Қазақстандық банк қолданушылары шоттан жаппай ақша жоғалғанын байқаған: Банктің жауабы қандай
