Соңғы жаңалықтар
Соңғы жаңалықтар

Қазақстанда электронды үкімет порталының жаңа нұсқасы іске қосылды

Egov
Фото: Egov.kz

Қазақстанда электрондық үкімет порталының жаңартылған eGov 3.0 нұсқасы жұмысын бастады. Жаңа портал мемлекеттік қызметтерді алуды жеңілдетіп, азаматтардан талап етілетін қадамдар санын қысқартуға бағытталған. Бұл туралы Stan.kz ақпарат агенттігі хабарлайды.

Бұл туралы Үкімет отырысында Премьер-министрдің орынбасары – жасанды интеллект және цифрлық даму министрі Жаслан Мәдиев мәлімдеді.

Оның айтуынша, бұған дейін қолданыста болған eGov порталы технологиялық мүмкіндігінің шегіне жеткен. Сондықтан жаңа нұсқа QazTech платформасының негізінде әзірленген.

“eGov порталы да өзінің технологиялық мүмкіндігінің шегінде жұмыс істеп келді. Осыған байланысты жақында QazTech платформасында әзірленген заманауи eGov 3.0 порталы іске қосылды. Қызметтер барынша оңай, пайдаланушы үшін ыңғайлы форматта жинақталды”, – деді Жаслан Мәдиев.

Министр жаңа жүйеде артық талаптар азайып, мемлекеттік қызмет алу барысындағы қадамдар қысқарғанын атап өтті.

“Талаптар мен қадамдар саны азайды. Сұранысқа ие қызметтердің бір бөлігі жаңа форматта қолжетімді. Бұл азаматтарға қажетті қызметті тезірек әрі түсінікті жолмен алуға мүмкіндік береді”, – деді ол.

Сонымен қатар елде eGov GPT цифрлық ассистентінің мүмкіндіктері кеңейтіліп жатыр. Жасанды интеллект негізінде жұмыс істейтін сервис азаматқа қажетті мемлекеттік қызметті өздігінен іздеп, тиісті анықтама немесе нысанды таңдаудың орнына, мәселесін қарапайым мәтінмен сипаттау арқылы қызмет алуға мүмкіндік береді.

Қазір eGov GPT арқылы ең көп сұранысқа ие 50 мемлекеттік қызмет қолжетімді. Олар порталдағы жалпы сұраныстың шамамен 30%-ын қамтиды. Жыл соңына дейін мемлекеттік қызметтердің 70%-ын цифрлық ассистент арқылы қолжетімді ету жоспарланып отыр.

“Бүгінде eGov GPT-де жалпы трафиктің шамамен 30%-ын алатын ең сұранысқа ие 50 қызмет қолжетімді. Жыл соңына дейін бұл көрсеткішті 70%-ға дейін жеткізу жоспарланып отыр. Азаматтар eGov GPT мүмкіндіктерін 150 мыңнан астам рет қолданып үлгерді”, – деді вице-премьер.

Жаслан Мәдиевтің айтуынша, алдағы уақытта eGov GPT тек жекелеген қызметтерді ұсынатын құрал емес, азамат пен мемлекет арасындағы негізгі цифрлық көмекшіге айналуға тиіс.

“Ол мемлекет пен азаматтар арасындағы барлық мәселелер бойынша әмбебап AI-ассистентке айналуға тиіс”, – деді министр.

Үкімет деректеріне сәйкес, электрондық мемлекеттік қызметтерді дамыту және жасанды интеллект технологияларын енгізу көрсеткіштері бойынша Қазақстан БҰҰ-ның Электрондық үкіметті дамыту индексінде әлем елдері арасында 24-орында тұр.

Еске салайық, бұған дейін Халыққа қызмет көрсету орталығы тағы бір қызмет бойынша өтінішті онлайн қабылдайтыны хабарланған еді. 

Енді жер учаскесіне мемлекеттік акт алу үшін өтінішті тек eGov.kz порталы арқылы беруге болады. Бұл өзгерістер Қазақстан Республикасы Ауыл шаруашылығы министрлігінің бұйрығына сәйкес күшіне енді.

Өтініш қаралғаннан кейін оның нәтижесін пайдаланушының Жеке кабинетінен көруге болады. Мемлекеттік қызметті алу тәртібі туралы толық ақпарат eGov.kz порталындағы қызмет паспортында жарияланған.

Балнұр Рахматуллақызы
Сейсенбі, 11 Тамыз, 2026 11:25