Соңғы жаңалықтар
Соңғы жаңалықтар

Бәсекеге қарсы агенттік кинопрокат нарығы үшін бірыңғай ереже дайындауды ұсынды

Кинотеатр
Фото: Magnific.com

Қазақстанда кинотеатрлар мен фильм таратушылардың жұмысын реттейтін бірыңғай ереже енгізу ұсынылды. Бәсекелестікті қорғау және дамыту агенттігі жүргізген талдау елдегі кинопрокат нарығында бәсекені тежейтін бірқатар мәселені анықтаған. Бұл туралы Stan.kz ақпарат агенттігі хабарлайды.

Агенттік деректеріне сәйкес, 2024 жылғы 1 қаңтардан 2026 жылғы 1 қаңтарға дейін Қазақстандағы кинопрокат қызметтері нарығының көлемі 76,2 миллиард теңге болған. Талдауға нарықтағы 60-тан астам компанияның қызметі қамтылған.

Зерттеу нәтижесінде кинопрокат нарығында ірі ойыншылардың үлесі жоғары екені анықталған. Нарықта Kinopark-Kinoplexx Theatres желісі көш бастап тұр, одан кейін Chaplin Cinemas орналасқан. Ал еліміздің кей өңірлерінде кино көрсету қызметін небәрі бір немесе екі компания ғана ұсынады.

Агенттік мұндай жағдай жергілікті нарықтағы бәсекенің шектеулі екенін көрсететінін атап өтті.

Саладағы тағы бір мәселе – кинотеатрлар мен фильм дистрибьюторлары арасындағы қарым-қатынасты реттейтін ортақ талаптардың жоқтығы. Қазір фильмді көрсету құқығын беру шарттары әртүрлі. Бұл кинотеатрлардың қандай фильмдерді репертуарға енгізетініне, сондай-ақ көрермендердің жаңа туындылар мен премьераларды көру мүмкіндігіне әсер етуі ықтимал.

Осыған байланысты Бәсекелестікті қорғау және дамыту агенттігі кинопрокат саласына ортақ ереже әзірлеуді ұсынып отыр. Бұдан бөлек, дистрибьюторлар мен кинотеатрлар арасында қолданылатын үлгілік шартты бекіту және нарықты бақылау тетіктерін жетілдіру қажет деп есептейді.

Агенттік мұндай өзгерістер кинотеатрлардың фильмдерге тең жағдайда қол жеткізуіне мүмкіндік беріп, дистрибьюторлармен жұмыс істеу тәртібін ашық ете түседі деп есептейді. Сонымен бірге бұл кинопрокат нарығындағы әділ бәсекені дамытуға жағдай жасауға тиіс.

Балнұр Рахматуллақызы
Сейсенбі, 11 Тамыз, 2026 11:42