Атырауда автоматты жүйенің кесірінен көпбалалы отбасылар көмексіз қалды
Атырауда 69 мың жалақы алатын төрт баланың анасы және биыл бірден алты баласын 1 қыркүйекке дайындауы керек отбасы көмектен қағылды. Алайда жаңа автоматтандырылған жүйе оның отбасын әлеуметтік көмек алуға құқылы деп танымаған. Бұл туралы Stan.kz ақпарат агенттігі “Ақжайыққа” сілтеме жасап хабарлайды.
10 тамызда бірнеше көпбалалы ана түсініктеме алу үшін Атырау облысының Білім басқармасына барған. Жаңа оқу жылының басталуына небәрі үш апта қалды. Мектеп формасы, аяқ киім, сөмке мен кеңсе тауарларын алу керек, алайда отбасылар қажетті көмекті ала алмаған.
Анастасия Рыжова-Аничкина төрт баланы тәрбиелеп отыр. Оның айтуынша, отбасының ай сайынғы табысы – шамамен 69 мың теңге. Әйел алимент ала алмайды.
“69 мың теңгеге төрт баланы асырауым керек. Алимент ала алмаймын. Қазір мектеп алдында шығын әсіресе көп: киім, аяқ киім, сөмке, кеңсе тауарлары керек. Мен осы көмекке үміт артқан едім, сондықтан олардың бас тартқаны мен үшін күтпеген жағдай болды. Ең болмаса, нақты қандай себеппен бас тартылғанын білгім келеді”, – дейді Анастасия.
Ал Жаңылсын Қожақова – 11 баланың анасы, оның алтауы – мектеп оқушысы. Ал отбасының жалпы табысы шамамен 200 мың теңге.
“Бірден алты баламды мектепке дайындауым керек. Оның үстіне осы 200 мың теңгеге бүкіл отбасымыз күн көреді. Неліктен бізге көмек берілмегенін түсінбей отырмыз. Ең болмаса себебін түсіндірсе екен”, – дейді Жаңылсын.
Атырау облысының Білім басқармасында әйелдерді қабылдап, арыз-шағымдарын тыңдаған. Онда биылдан бастап ережелердің өзгергенін түсіндірді. Енді көмек алушылардың бір бөлігіне отбасының әлеуметтік-экономикалық жағдайын бағалаудың арнайы әдістемесі қолданылады.
Бұл ретте шешімді енді адам қабылдамайды. Процесс автоматтандырылған: Ұлттық білім беру базасындағы мәліметтер Еңбек және халықты әлеуметтік қорғау министрлігінің ақпараттық жүйелерімен салыстырылады. Одан кейін жүйе белгіленген критерийлер бойынша кімге көмек берілетінін, ал кімге берілмейтінін анықтайды.
Бұл отбасыларға қатысты алгоритмнің жауабы "жоқ" болған.
Жүйе көмек беруден бас тарта алғаымен отбасының нақты қай критерийден өтпегенін білу әлдеқайда қиын болып шықты.
“Әйелдерге көмек тағайындаудың жалпы тәртібі түсіндірілген. Ал нақты қандай себеппен бас тартылғаны әзірге белгісіз. Қазіргі уақытта республикалық деңгейде өтініш берушілерге көмек не себепті тағайындалмағанын қосымша хабарлау туралы ұсыныстар ғана қаралып жатыр”, – деп мәлімдеді білім басқармасы.
Яғни, көмек беруден бас тартатын автоматтандырылған механизм қазірдің өзінде жұмыс істеп тұр. Ал оның шешімдерін адамдарға түсінікті түрде түсіндіру тетігін әзірге жетілдіру жоспарланып отыр.
Жүргізушілер Алматы әуежайында жолаушыларды түсіргені үшін салынған айыппұлдарға шағымданды: Полиция не дейді?
