Соңғы жаңалықтар
Соңғы жаңалықтар

Қытайдан Қазақстанға дейін: Jana Post көрші елден тапсырыс беруді қалай жеңілдетті

Бақытжан Тоқай
Фото: Бақытжан Тоқай, Jana Post бас директоры

Логистика бүгінде жай ғана жүк жеткізу емес. Ол – халықаралық сауда, цифрлық сервистер, қойма инфрақұрылымы, төлем жүйесі мен клиент тәжірибесін біріктіретін күрделі экожүйе. Қазақстанда осы бағытты дамытуға күш салып жүрген компаниялардың бірі – Jana Post. Компания бас директоры Бақытжан Тоқай Stan.kz тілшісіне нарықтағы өзгерістер, клиенттердің сұранысы және алдағы үш жылға арналған жоспарлары туралы айтып берді.

 

Қытайдағы тәжірибеден туған идея

Компанияның бас директоры Бақытжан Тоқайдың айтуынша, бұл идея Қытайдағы электронды коммерция нарығын зерттеуден кейін, осыдан бірнеше жыл бұрын туындапты.

"Логистика саласына 2017 жылы келдім. Сол уақытттан бері ағам екеуміз Қытайда оқып жүріп электронды коммерцияның тез дамығанын көріп, Қазақстанда да болашағы бар екенін түсіндік. Бірнеше жылдан кейін Jana Post компаниясын құрдық. Ағам Иу қаласында, ал мен Алматыда логистика тізбегін құра бастадық. Әрине, алғашқыда бірқатар мәселемен бетпе-бет келдік. Соның ішінде қазақстандықтардың Қытай тауарына деген сенімсіздігі де бар. Сондықтан сарапшылармен бірге сапасы жоғары өнімдерді ұсындық", – дейді компанияның бас директоры Бақытжан Тоқай.

Оның айтуынша, компания жұмысын бастаған кезде қолданушыларды қосымшаға бейімдеу де оңай болмаған. Әсіресе, банк картасын тіркеу мен төлем жасау кезінде көпшілікке жекелей көмек көрсетуге тура келген.

"Алғашқыда банк картасын тіркеп, төлем жасауда да қиындықтар болды. Бұл үшін 10-15 адамнан команда құрып, қолданушыларға жеке-жеке көмектесіп шықтық", – дейді ол.

Қазақтілді командадан халықаралық сервиске дейін

Компания алғашқы күннен бастап  қазақ тілінде қызмет көрсетуді басымдықтардың бірі ретінде таңдаған. Ал бүгінде Jana Post бірнеше тілде, бірқатар елдің нарығында жұмыс істейді. 

"Jana Post-тың алғашқы командасы қазақтілді қызметкерлерден тұрды. Бірақ бұл тек бір тілде қызмет көрсетеді дегенді білдірмейді. Қазақстаннан бөлек Өзбекстан, Қырғызстан, Тәжікстан, Моңғолия нарығында да жұмыс істейміз. Қазір менеджерлер де, басқа қызметкерлер де қазақ, орыс, қытай мен ағылшын тілдерін меңгерген. Қосымшамыз да екі тілде жұмыс істейді. Әлбетте, біз қай елдің нарығына кірсек те, сол жердің мәдениеті мен тіліне құрметпен қарап, қолдап отырамыз", – дейді Бақытжан Тоқай.

 

Экожүйе құру – басты мақсат

Компания басшысының сөзінше, Jana Post құрылған сәттен бастап негізгі мақсат жай ғана жеткізу қызметін көрсету емес, пайдаланушыға барлық қажет қызметті ұсынатын экожүйе қалыптастыру болған.

"Бізде Қазақстандағы сатып алушылар тауарын тез алса, жеткізу уақыты қысқарса деген мақсат болды. Бұл нәтижеге жету үшін тапсырыс бергеннен бастап тауардың иесіне дейін жетуіне дейінгі барлық кедергілерді юақыладық. Екіншіден, тапсырысты беру пунктіне дейін қанша уақытта жеткізілетінін қарадым. Себебі мен үшін тауардың бүлінбей, уақытында жетуі маңызды. Айтып өткенімдей, біз азаматтардың барлық қажетін өтей алатын экожүйе құрғымыз келеді. Тіпті дәріханадан дәрі алуға дейінгі процесті де біріктіру ойымызда бар. Тек Қытайдан емес, АҚШ пен Еуропа, және Азианың басқа мемлекеттерінен Jana Post арқылы тапсырыс беру мүмкіндігі жүзеге асыру үзін жұмыстар жүргізіп жатырмыз", – дейді ол.

Компания тек жеткізу қызметімен шектелмейді. Сарапшылар командасы клиенттерге сенімді сатушылар мен тауарларды ұсынып отырады. 

"Мәселен, қазір барлық отбасы баланы мектепке дайындау қамымен жүр. Сондықтан біздің сарапшылар Қытай маркетплейстеріндегі тауарларды фильтрден өткізіп, тапсырыс берушілерге сапалы өнім ұсынатын дүкендердің, кейде тіпті тауарлардың да тізімін береміз. Бұл – біздің имиджіміз, екінші жағынан клиенттерімізге деген жанашырлық", – дейді Бақытжан Тоқай.

Оның пікірінше тек күделі бизнес процесстері емес, дәл осындай шешімдер де компанияның қарқынды дамуына ықпал етеді.

"Біздің қосымшаның артықшылығы – қолданушы тапсырысын толық бақылай алады. Тауардың бүлінбей жетуі – компанияның жауапкершілігі. Егер өнімге бірнәрсе болса, сынып қалса және қолданушы мұны дәлелдей алса, шығынды толығымен өтейміз. Біз оны 100% өз жауапкершілігімізге аламыз. Әдетте төлем үш күн ішінде жіберіледі", – дейді компания басшысы.

Жеке клиенттер негізгі бағыт болып қала береді

Бүгінде Jana Post жеке тұлғалармен қатар кәсіпкерлерге де қызмет ұсынады. Дегенмен компания үшін жеке клиенттер сегменті әлі де басым бағыт саналады.

"Қазір біз бизнес өкілдеріне тауар жеткізуді цифрландыру бағытын дамыту жұмыстарын қолға алдық. Мәселен, бизнес үшін фулфилмент, яғни тапсырысты жеткізу, қоймада сақтау, қаптау және клиентке жеткізу қызметтерін ұсынамыз. Бүгінде қосымшамызға 4 миллионға жуық адам тіркелген. Егер кәсіпкердің тауарлары сапалы әрі сенімді болса, клиенттерге жарнамалап береміз, маркетинг жағынан қолдау білдіреміз. Бұл да біздің артықшылық деп ойлаймын", – дейді Бақытжан Тоқай.

Компанияда мұндай серіктестікке қойылатын нақты талаптар бар. Мысалы, кәсіпкер күніне кемінде 500 тапсырыс орындауы, нарықта екі жылдан бері жұмыс істеуі және сатып алушылардың жоғары бағасына ие болуы қажет.

 

Бәйге мен бизнестегі ұқсас қағидалар

Бақытжан Тоқай бос уақытында бәйгемен айналысады. Оның айтуынша, ұлттық спорт бизнесті басқаруда да көмектеседі.

"Әке-шешеміз бала күнімізден атқа мінгізіп өсірді. Бүгінде 5-6 тазақанды ағылшын аттарын баптап отырмын. Бәйгеде төзімділік пен ұзақ мерзімге жоспар құру маңызды рөл ойнайды. Бизнесте де тура сондай. 2 сағат не 5 минуттың бәйгесі үшін жылдап дайындаламыз. Оның үстіне бәйгеде араздық жоқ, өз күшіңмен ғана жеңіске жете аласың. Кәсіпте де, бәйгеде де әрдайым жоспар керек. Командамыз 1 жылдық, тіпті 10 жылдық жоспар дайындайды. Мұны орындау барысын бақылау, тәртіп пен мәселені уақытылы шешу екі салада үлкен маңызға ие", – дейді ол.

Компания мәдениеті

Компания басшысы ұжымдағы корпоративтік мәдениетке де ерекше мән береді.

"Ұжымды мен отбасы ретінде қабылдаймын. Осы себепті шығар, қызметкерлер өссе, бір орында тұрып қалмаса деп ойлаймын. Қазір Jana Post компаниясында барлығы 500-ден аса еңбек етеді, соның ішінде 300-дей қызметкер Қазақстанда. Біздегі Level Up бағдарламасына сәйкес, ұжымдастар ағаш егу, тазалық жұмыстарына белсене қатысады. Үлкен жетістіктерге қол жеткізген екі қызметкерімізді шетелге жібереміз. Мұның барлығы ұжымдық мәдениетті қалыптастыруға бағытталған", – дейді Бақытжан Тоқай.

Алдағы мақсат – 10 елдің нарығына шығу

Қазір Jana Post бес елде жұмыс істейді. Алдағы үш жылда бұл көрсеткішті екі есе арттыру жоспарда.

"Қытайлық маркетплейстер бізге сенім артып отыр. Тіпті Моңғолия нарығына шығуды өздері ұсынды. Себебі Орталық Азияға арналған жүйені біз 10 жыл бойы құрдық. "Енді Моңғолияға да тауар жеткізу жүйесін дамытып берсеңіздер" деген ұсыныс түскенде бас тартпадық. Мұндай сенімге ие болу үшін әр маркетплейспен жеке жұмыс істеп келеміз. Мысалы, Temu тауарды Алматыда сұрыптауды қалайды, ал Pinduoduo Қытайда сұрыпталғанын жөн көреді. Әр серіктестің талабын ескеріп, берік әрі мызғымас логистика тізбегін жасай алдық. Айтып өткенімдей, қазір бес мемлекеттің нарығында жұмыс істейміз, алдағы үш жылда мұны 10 мемлекетке жеткізгіміз келеді", – деп түйіндеді Бақытжан Тоқай.
Назархан Уән
Сейсенбі, 11 Тамыз, 2026 09:00