11 жыл бойы шаш қимаған үндістандық бойжеткен Гиннестің рекордын жаңартты
Үндістан тұрғыны Рену Дхариял әлемдегі шашы ең ұзын әйел атанып, Гиннестің рекордтар кітабына енді. Оның шашының ұзындығы 2 метр 71,5 сантиметрге жеткен. Бұл туралы Stan.kz ақпарат агенттігі хабарлайды.
Рекорд 2026 жылғы сәуірде ресми түрде расталып, тамыздың басында Гиннестің рекордтар кітабы жариялады.
Рену бұған дейінгі рекорд иесі, украиналық Алия Насырованы басып озды. Насырованың шашы 257,33 сантиметр болса, үндістандық бойжеткеннің шашы одан 14 сантиметрден аса ұзын.
Тағы бір қызық дерек: Ренудың шашы тарихтағы ең бойшаң адам Роберт Уодлоудың бойынан небәрі бір сантиметрге қысқа. Уодлоудың бойы 272 сантиметр болған.
Рену Дхариял шашын 2015 жылдан бері қимаған. Оның айтуынша, мұндай шешімге үнді мәдениетіндегі ұзын шашқа деген ерекше көзқарас себеп болған.
“Мен шашымды 2015 жылдан бері үздіксіз өсіріп келемін. Үнді мәдениетінде ұзын шаш ерекше сұлулық пен дәстүрдің белгісі. Мені осы түсінік жігерлендірді”, – дейді рекорд иесі.
Осындай ұзын шашты күтіп-баптау да оңай емес. Рену шашын жууға, кептіруге және тарауға бірнеше сағат жұмсайды. Күнделікті жүріп-тұруға кедергі келтірмеуі үшін көбіне ұзын етіп өріп қояды.
Бойжеткен шаш күтімінде химиялық қоспалардан бас тартып, өзі дайындаған майлар мен сусабындарды ғана қолданатынын айтады.
Жүргізушілер Алматы әуежайында жолаушыларды түсіргені үшін салынған айыппұлдарға шағымданды: Полиция не дейді?
