92 жасында алғаш рет ата атанған ер адам Гиннесстің рекордтар кітабына енді
АҚШ тұрғыны Норман Тусиньян алғаш рет ең егде жаста ата атанған ер адам ретінде Гиннесстің рекордтар кітабына енді. Тұңғыш немересі дүниеге келгенде ол 92 жас 24 күнде болған. Бұл туралы Stan.kz ақпарат агенттігі хабарлайды.
Норман Тусиньян 1930 жылғы 29 тамызда туған. 2022 жылғы 22 қыркүйекте Солтүстік Каролина штатындағы Мэтьюс қаласында оның немересі Мэдисон дүниеге келген. Ол — Норманның жалғыз қызы Керридің жалғыз баласы.
Осылайша, 92 жасында тұңғыш рет немере сүйген америкалықтың есімі Гиннесстің рекордтар кітабына тіркелді.
17 балалы отбасында өскен
Норман Массачусетс штатындағы Гарднер қаласында франко-канадалық көпбалалы отбасында өскен. Ол — отбасындағы 17 баланың бірі. Қазір бауырларының арасынан жалғыз өзі қалған. Дегенмен 56 жиенімен байланысын үзбей келеді.
Өмірінің басым бөлігінде Норман клиникалық психолог болып жұмыс істеген. Зейнетке шыққаннан кейін үйде қалып, қызын тәрбиелеумен айналысқан.
Керри бір естелігін бөліскенде, әкесі үнемі өз жасынан жас көрінгенін айтқан. Жәрмеңкелерге бірге барған кезде адамдар оны шын жасынан 15–20 жас кіші деп ойлайтын болған.
Немерелі болатынын фотокітаптан білген
Керри жүкті екенін ата-анасына 2022 жылғы 14 ақпанда, Ғашықтар күнінде хабарлаған. Жаңалықты жеткізу үшін ол отбасылық иттері Купердің суреттерінен фотокітап дайындаған.
Кітаптың соңғы суретінде:
"Купердің ең жақын досы: 2022 жылғы қыркүйекте дүниеге келеді" деген жазуы бар сәбиге арналған боди бейнеленген.
Қызының айтуынша, тұңғыш рет ата атанатынын білген Норманның қуанышында шек болмаған. Ол бұл жаңалықты ерекше толқып, мақтанышпен қабылдаған.
"Немересінің дүниеге келуі әкеме жаңа өмір сыйлағандай болды"
Мэдисон туғаннан кейін Норман оны қолына алып, "Пепер" атанған. Француз тілінде атаны осылай еркелетіп атайды.
Есту қабілетіне байланысты қиындықтары болғанымен, Норман немересімен тез тіл табысқан. Керридің айтуынша, сәбидің дүниеге келуі әкесіне тың күш берген.
"Қызымның дүниеге келуі әкеме жаңа өмір сыйлағандай болды", — дейді ол.
Отбасына жақын болу үшін Норман жұбайы Мэри-Луизбен бірге қоныс аударған. Қазір ерлі-зайыпты 55 жастан асқан адамдарға арналған тұрғындар қалашығында тұрады.
Мэдисон оларға жиі қонаққа келіп, атасымен уақыт өткізгенді жақсы көреді.
Рекорд сертификатын немересімен бірге ашқан
Гиннесстің рекордтар кітабына өтініш беру туралы ойды туыстарының бірі ұсынған. Ол отбасыға бұған дейінгі рекорд иесі туралы мақаланы жіберген.
Норман өзі көпшілікке ашыла бермейтін, жеке өмірін жария етуді ұнатпайтын адам болғанымен, отбасы құжаттарды жолдау туралы шешім қабылдайды.
Рекордтың ресми танылғаны туралы хабар 2026 жылғы тамызда, оның 96 жасқа толуына аз уақыт қалғанда келген.
Туған күнін атап өту кезінде Норман рекордты растайтын сертификатты немересімен бірге ашқан. Сол күні атасы мен Мэдисон Guinness World Records жазуы бар бірдей жейде киген.
"Қазақстан аруы" Алина Ри "Ғалам аруында" киетін 30 келілік костюмін көрсетті
