Соңғы жаңалықтар
Соңғы жаңалықтар

“Бұлай істеу – тәрбиесіздік”: Қайрат Нұртас өзіне сөмке лақтырған көрерменге ескерту жасады

Қайрат Нұртас концерт
Фото: Видеодан скриншот

Қызылордада өткен концертте әнші Қайрат Нұртасқа көрермендер жақтан сөмке лақтырылған. Шағын қолсөмке өнер иесінің арқасына тиген. Бұл туралы Stan.kz ақпарат агенттігі хабарлайды.

Әншіге сөмке тиген сәт әлеуметтік желді тарады. Кадрлардан өнер иесінің оқиғаға сабырмен қарап, көрермендерге ескерту жасаған.

"Мынау кімнің сөмкесі? Бұлай істемеңіздер. Бұл – тәрбиесіздік. Бұлай жасама, жарай ма?" – деді Қайрат Нұртас.

Бұған дейін Алматыдағы концертінде де осындай жағдай болған. Ол кезде көрермендер арасынан лақтырылған телефон әншінің басына тиген еді. Желі қолданушылары бұл әрекетті сынап, кейбірі "Төреғали Төреәлі мұндайды кешірмес еді" деп әзілдеген.

Еске салайық, 10 қазанда Шымкенттегі Қажымұқан Мұңайтпасов атындағы стадионда Қайрат Нұртастың концерті өтті. Алайда көпшілік асыға күткен кеште  стадионның кіреберісінде жаппай кептеліс болды. Мыңдаған көрермен бір мезетте ішке кіруге ұмтылып, адамдар бір-бірін итеріп, кейбірі аяқасты болып қалған.

Желіде тараған видеолардан көпшіліктің айғайлап, бір-бірін қысып жатқанын көруге болады. Концертке барғандар қақпалардың жабылып қалғанын, билеті болса да ішке кіре алмағанын айтып шағымданды. Ал кейбір көрермендер адамдардың бір-бірін екі рет таптап кете жаздағанын жеткізді.

Оқиға салдарынан сегіз адам медициналық көмекке жүгінген. Олардың жетеуі тексеруден кейін үйлеріне жіберілді. Ал 18 жастағы қыз ауыр жағдайда ауруханаға жеткізілді. Туыстарының айтуынша, бойжеткен есінен танып, жүрегі мен бас миы зақымданған. 13 қазанда жарияланған мәлімет бойынша, ол әлі де жансақтау бөлімінде жатыр.

Осы оқиғаға байланысты қылмыстық іс қозғалды. Полиция концертке сатылған билеттер саны алаңның рұқсат етілген сыйымдылығынан едәуір асып кеткенін мәлімдеді. Ұйымдастыруға жауапты 1984 жылы туған азамат ұсталып, уақытша ұстау изоляторына қамалған еді. Ал бүгін ұйымдастырушы үйқамаққа жіберілгені хабарланды.

Іс Қылмыстық кодекстің 306-бабының 2-бөлігі бойынша тергелді. Бұл бап бойынша бес жылға дейін бас бостандығынан айыру жазасы қарастырылған.

Ал Freedom Афиша өкілдері концерттің ұйымдастырушысы Show Service компаниясы екенін мәлімдеді. Компания өкілдері билет сату қызметі ұйымдастырушы белгілеген квота аясында жүргізілгенін түсіндірді. Ал алаңды дайындау, көрермендерді кіргізу тәртібі мен күзетті ұйымдастыру олардың жауапкершілігіне кірмейді.

Еске салайық, бұған дейін Қайрат Нұртас концертінде зардап шеккен қыз оқиғаны айтып бергені хабарланған еді. 

Балнұр Рахматуллақызы
Сәрсенбі, 21 Қазан, 2026 22:43